Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жоғары оқу орындары көрмесінен түйгеніміз мол

Жоғары оқу орындары көрмесінен түйгеніміз мол
Ашық Дереккөз
Қазақстанның бірнеше қаласында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің ұйымдастыруымен 10-11-сынып оқушыларына арналған «Study in Kazakhstan» шетелдік жоғары оқу орындары (ЖОО) филиалдарының көрмесі өтті. Білім беру саласындағы маңызды бастама Қарағанды қаласынан бастау алып, Астана, Алматы, Түркістан, Шымкент, Тараз қалаларында жалғасын тауып, Қызылордада мәресіне жетті.

Көрменің басты мақсаты – жастарға Қазақстаннан шықпай-ақ шетелдік беделді университеттерде сапалы білім алуға мүмкіндік беру, халықаралық тәжірибелерді меңгеруге жағдай жасау және мәдени, достық қарым-қатынасты нығайту.

Көрме барысында оқушылар әлемдік деңгейдегі 20-дан аса шетелдік университет филиалдарының тыныс-тіршілігімен, оқуға түсу талаптары мен артықшылықтарымен танысты. Университет өкілдері оқушылармен ашық сұхбат құрып, оқу ақысы, шәкіртақы бағдарламалары, қосдипломдық білім алу, халықаралық академиялық ұтқырлық және ғылыми-зерттеу жұмыстарына қатысу сияқты маңызды мәселелер бойынша ақпарат берді. Сонымен қатар, талапкерлер университеттердің оқу үрдісі, инфрақұрылымы, зертханалық мүмкіндіктері және студенттік өмірі жайында жан-жақты ақпарат алды.

Әсіресе, Тараз қаласындағы Дулати университеті базасында ашылған Д.И.Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университетінің (РХТУ) филиалы ерекше назар аудартты. Президенттің 2022 жылғы 11 қаңтардағы тапсырмасына сәйкес, 2025 жылға дейін Қазақстанда шетелдік беделді университеттердің филиалдарын ашу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Осы бастама аясында Дулати университеті, РХТУ және «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арасында үшжақты келісім жасалып, нәтижесінде химия саласындағы мамандарды даярлайтын филиал өз жұмысын бастады.

Биыл алғашқы студенттерін қабылдаған университет бейорганикалық заттардың химиялық технологиясы, аналитикалық химия, инженерлік қоршаған ортаны қорғау бағыттары бойынша мамандар даярлайды. Бұл оқу ордасының ерекшелігі – студенттерге толықтай заманауи зертханаларда тәжірибе жүргізуге, әлемдік деңгейдегі профессорлар мен оқытушылардан білім алуға, ал болашақта «Қазфосфат» кәсіпорнында кепілді жұмысқа орналасуға мүмкіндік берілуінде.

Сондай-ақ, оқушыларға ерекше мүмкіндік беретін «Менделеев сыныптары» жобасы да ұсынылды. Бұл жоба мектептің 10-11-сынып оқушылары үшін химия мен математика пәндерін тереңдетіп оқытуды көздейді.

Жастар үшін болашағына жасалған үлкен қадам болған көрме аясында мектеп түлектері өздерін толғандырған сұрақтарына жауап алып, жоғары білім алудың жаңа мүмкіндіктерімен танысты. Оқуға түсу үшін талапкерлер ҰБТ-дан 50-ден аса балл жинап, маусым айында құжаттарын тапсырып, тамыз айында екі қабылдау емтиханын тапсыруы қажет.

«Study in Kazakhstan» көрмесінің басты артықшылығы – шетелдік университеттердің Қазақстанда білім алуға мүмкіндік жасауы. Бұл ата-аналар үшін де үлкен жеңілдік, себебі балаларын алыс шетелге жібермей-ақ, отанында сапалы білім алуына жағдай жасалады. Сонымен қатар, студенттер халықаралық деңгейдегі диплом алып қана қоймай, шетелдік профессорлар мен тәжірибелі оқытушылардан білім алады. Бұл олардың жаһандық стандарттарға сәйкес кәсіби маман ретінде қалыптасуына ықпал етеді.

Тағы бір маңызды аспект – Қазақстан экономикасына қажетті сұранысқа ие мамандарды даярлау. Көрмеде ұсынылған жоғары оқу орындарының көпшілігі техникалық, инженерлік, IT, медицина және жаратылыстану ғылымдары бағытында мамандарды оқытуға басымдық береді. Бұл – еңбек нарығында жоғары сұранысқа ие салалар. Осылайша, түлектер жұмысқа орналасу мәселесінде қиындыққа тап болмайды, керісінше, бәсекеге қабілетті маман ретінде еліміздің түрлі салаларында өз орнын табады.

Іс-шараға қатысушылар үшін кәсіби бағдар беру бойынша тренингтер де ұйымдастырылды. Оқушылар мен ата-аналар шетелдік жоғары оқу орнына түсерде қажетті құжаттарды дайындау, мотивациялық хат жазу, тесттер мен сұхбаттарға дайындалу бойынша пайдалы кеңестер алды. Мұндай ақпараттық қолдау оқушылардың өз мүмкіндіктерін саралап, болашақ мамандық таңдауда дұрыс шешім қабылдауына көмектесті.

Жалпы, «Study in Kazakhstan» көрмесі жоғары білім саласындағы маңызды шаралардың бірі болды. Ол жастарға елімізде халықаралық деңгейдегі білім алудың жаңа мүмкіндіктерін көрсетіп қана қоймай, олардың болашақ мамандығын саналы түрде таңдауына ықпал етті. Көрме ұйымдастырушыларының айтуынша, мұндай білім беру жобалары алдағы уақытта да жалғасып, елімізде шетелдік университеттердің филиалдары көбейе түседі. Бұл өз кезегінде қазақстандық білім сапасын жаңа деңгейге көтеріп, білікті мамандардың көбеюіне септігін тигізеді.

Камила БӨЛЕКБАЕВА,
Д.И.Менделеев атындағы
Ресей химия-технологиялық
университетінің
Тараз қаласындағы
филиалының
атқарушы директоры

 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар