Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Балалардың жүрегінен жол тапқан

Балалардың жүрегінен жол тапқан
Ашық Дереккөз
ҚР Журналистер одағының мүшесі, облыстық «Аq jol» газетінің аға тілшісі, жазушы Марат Құлибайұлы биыл мерейлі 50 жасқа толды. Мерейтой иесінің құрметіне Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен дарынды балаларға арналған мамандандырылған «Дарын» лицей-интернатында «Балалар жүрегіне жол тартқан» әдеби кеш өтті.

«Жазушымен бір күн» жобасы аясында өткен кездесуге қаламгердің әріптестері мен достары қатысты.

– Балалар тақырыбы – жүрегімнің қалауы. Жас буынның психологиясын зерттеп, олар туралы жазу маған ерекше күй сыйлайды. Анам кітапханашы болғандықтан, маған кітап оқуға мүмкіндік мол болды. Өзім де қазақ және шетел әдебиетіне қанығып, сүйсініп оқып өстім. Ең алғаш республикалық «Балдырған» журналына балаларға арнаған әңгімем жарық көргендегі қуанышымның әсерін әлі ұмытпадым. Бұл ерекше жанр, толғауы терең тақырып болғандықтан, ерекше зейін аударып, бар ықыласыңды төгесің. Менің 50 жасқа толған мерейтойыма орай кеш ұйымдастырған кітапхана ұжымына алғысым шексіз, – деді М.Құлибайұлы.

Кеш барысында лицей-интернаттың оқушылары жазушының портретінен пазл-мозайка құрастырып, кеш авторына тосынсый жасады. Сонымен қатар өз кезегінде Марат Құлибайұлының құрметіне арнау өлеңдерін оқып, көрермендерді тәнті етті. Ал №66 орта мектептің оқушылары жазушының «Жеті ата» шығармасынан көрініс қойып, көрермендер көзайымына айналды. Жазушының туған жерінен арнайы келген «Жуалы» халық театрының актерлары мен Жамбыл Жабаев атындағы №5 мектептің оқушылары «Жұман ата аманаты» әңгімесін сахналады.

Қазақ журналистикасының қайраткері Ақылжан Мамыт, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Баймаханбет Ахмет, облыстық мәслихаттың депутаты, Ақпарат саласының үздігі, журналист Оралхан Дәуіт, айтыскер ақын Есет Досалы да мерейтой иесіне ақ тілегін арнап, жүрекжарды лебіздерін білдірді.

– Қалам ұстаған зиялы қауым үшін ең ауыры балалар тақырыбында қалам тербеу. Жас ұрпаққа тәрбие кітаптан, терең санадан, ғылым мен білім, әрі көркем әдебиеттен беріледі. Балалардың жүрегіне жол табу екінің бірінің қолынан келмейді. Алдағы уақытта да жазары таусылмасын, қаламы мұқалмасын деген тілек білдіргім келеді, – деді кеш қонағы, ақын Үміт Битенова.

Жалпы өңірдің ақпарат саласының дамуына үлес қосып, қазіргі таңда қара шаңырақ «Аq jol» газетінде жемісті еңбек етіп келе жатқан балалар жазушысының әлі де жас ұрпаққа берері мол.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар