Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Саналы ұрпақ – жарқын болашақ

Саналы ұрпақ – жарқын болашақ
Ашық Дереккөз
Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Еліміздің ертеңі саналатын жастарды тәрбиелеу, олардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру және патриоттық рухын ояту жолында ата-ананың, зиялы қауым өкілдері мен ұлағатты ұстаздардың еңбегі зор. Осы мақсатта Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университеті мен облыстық полиция департаментінің ұйымдастыруымен «Баласағұн» орталық концерт залында «Тәрбиелі жастар – қоғам тірегі» атты жастар форумы өтті. Іс-шараға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері мен студент жастар қатысты.

Форумның шымылдығы бала тәрбиесін арқау еткен шытырман оқиғаларға негізделген сахналық қойылымен ашылды. Бұл қойылым арқылы жастарға өмірлік құндылықтар мен адамгершілік қағидалары көрсетіліп, тәрбиенің маңыздылығы жан-жақты ашылды.

Қойылымнан кейін форумның ресми бөлімі басталып, жиынға қатысушылар таныстырылды. Алғашқы сөз кезегі облыс әкімі Ербол Қарашөкеевке беріліп, ол жастар тәрбиесі мен олардың қоғамдағы рөліне тоқталып, форумның маңыздылығын атап өтті.

– «Еліміздің болашағы жастардың қолында», деп ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, сіздерге деген сенім мол. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы өз сөзінде: «Балалар арасында жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды дәріптеген абзал. Оқушылар мектеп бітіргенде, ең алдымен, Адал азамат болып шығуы керек», деді. Бүгінгі таңда еліміздің жастары – заман талабына сай жасампаз әрі рухты. Әсіресе, жастарды шыншылдыққа тәрбиелеп, туған жеріне мейлінше қызмет етуге баулу басты назарда. Тәрбиелі жастардың қоғам алдындағы маңызы орасан зор. Себебі, жастар бір-біріне қарап бой түзеп, қоғамға өздерін бейімдеу қажет. Бүгінгі күні облыста 355 мыңнан аса жас бар. Яғни облыс халқының 29,1 пайызын құрайды. Өткен жылдың қорытындысымен 25 400 жас жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылса, жыл басынан бері 1 670 жас жұмыспен қамтылған. Сонымен қатар, «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында 224 жас маманға тұрғын үй сатып алуға немесе салуға 1,8 милиард теңге бюджеттік несие берілсе, 487 жас маманға 180 миллион теңге көлемінде біржолғы көтерме жәрдемақы төленді. «Ауыл аманаты» жобасына 582 жас қатысып, олар жеке кәсіптерін дамытуға 2,5 пайызбен жалпы 3,7 милиард теңге көлемінде жеңілдетілген несие алды. «Әулиеата жастары» өңірлік тұрғын үй бағдарламасымен 140-қа жуық жас баспанамен қамтылды. Міне, бұлардың барлығы жастарымызға деген мемлекеттің қолдауы. Адал еңбек етіп, табыс тапқан адам жетістікке жетеді, құрметке ие болатыны барлығымызға белгілі. Ұлы ақын Абай «Адал еңбекпен мал іздемек – арлы адамның ісі» деген. Әр салада адалдық басты орында тұрса, тәрбие орнайтыны сөзсіз. Бір сөзбен айтсақ, қоғамдағы ізгіліктің барлығы адалдықтан, тәрбиеден бастау алады.  Ендеше, Әділетті Қазақстанды құру үшін әрбір жас адал азамат болуға ұмтылуы қажет. Биыл – «Жұмысшы мамандықтары жылы». Осы бағытта өңірде еңбек адамының беделі мен еңбек жолын дәріптеу мақсатында бірқатар шаралар мен жобалар жүзеге асырылуда. Қарапайым еңбектің абыройын қалыптастыру аса маңызды міндет екендігіне көзіміз жетті. Кез келген қызмет – қадірлі. Әсіресе, жұмысшы мамандықтарын игерген жастарымыз зор құрметке лайық.  Сонымен бірге, жас ұрпақты адал азамат етіп тәрбиелеу – бүгінгі күннің басты талабы. Ұлттық бірегейлігімізді нығайтып, еліміздің жаңа құндылықтарын орнықтыру үшін жүйелі жұмыс жасауымыз маңызды. Айта кетейік, бүгінгі жас буынның, оның ішінде сіздер де мемлекеттік басқару ісіне келетін уақыттарыңыз алыс емес. Сіздер бұл тізгінді алуға дайын болып, білім мен білікті меңгерулеріңіз қажет. Ол үшін сапалы білім мен саналы тәрбиенің маңызы өте зор. Құрметті жастар! Біз халқымызды әлемге танытқан ең асыл қасиеттерді сіздердің бойларыңыздан көргіміз келеді. Қай жерде болмасын жастардың қатысуымен жасалатын жұмыс жүйелілікті, мақсатты, жоспарды талап етеді. Қазіргі жастар Бауыржан Момышұлының «Отан үшін отқа түс – күймейсің!» деген сөзін берік ұстануы керек. Өйткені, Тәуелсіз Қазақстанның тұғырлы тірегі, үкілі үміті, берік қалқаны – өздеріңізсіздер.Қайратты жастарымыз көп болса, мемлекетіміздің болашағы баянды болады деген үміттемін. Қазақстанның болашағы – саналы әрі талапты жастардың қолында. Сіздер еңбек пен білімді, ар мен намысты, Отан алдындағы парызды ту етіп ұстасаңыздар – алынбайтын қамал, аспайтын асу жоқ деп есептеймін, – деді облыс әкімі.

Мұнан соң сөз алған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Ерболат Саурықов жастарға қатысты бекітілген заң нормаларына тоқталды.

– Жамбыл өңірі қойнауы құтқа толы мекен. Киелі де қасиетті осы өңірден білімді, тәрбиелі ұрпақтың шығуы міндетті деп білемін. Себебі бүгінгі таңда ғылым мен білім саласында әлемді мойындатып жүрген озық ойлы жастардың көбі дерлік осы шаһардан шыққан. Еліміздің ертеңі келешек жастардың қолында. Егер біз білімді де тәрбиелі ұрпақты дайындайтын болсақ, ел болашағы да одан әрі көркейе түседі. Жастарды жан-жақтылыққа бағыттау жолында жастар форумын өткізу оңтайлы шешім. Сол себепті форумды ұйымдастыру ісіне атсалысқан барша азаматтарға өз алғысымды білдіремін. Мұндай басқосулар тек Жамбыл жерінде ғана емес, еліміздің әр аймағында өтуі тиіс деп санаймын.  Бүгінде Парламентте қоғамдағы келеңсіз жайттар мен түрлі оқиғаларға қатысты, олардың алдын алу және тоқтатуға байланысты көптеген заңдар қабылданып жатыр. Соның бірі – ата-ана мен бала құқығын қорғау туралы заң. Жастардың арасында есірткіге еліткендер көбеюде. Дегенмен мұндай жандардың өрескел қателігіне тоқтау салатын мемлекеттік заң да қабылданған. Сонымен қатар қоғамда, дәлірек айтсам жастардың ішінде құмар ойынға деген тәуелділік артып барады. Бұл жөнінде де арнайы заң бекітілген. Алдағы уақытта жастардың арасында кеңінен тарап жатқан керітартпа іс-әрекеттерге қатысты бірнеше заң жобасы әзірленетін болады, – деді Ерболат Байұзақұлы.

Расында заң аясында жұмыс істеу қоғамдық тәртіпті бір жүйеге келтіретін маңызды фактор. «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» деп Бауыржан Момышұлы айтқандай елді ымыраға шақырып, құқықбұзушылыққа жол бермеу біздің басты міндетіміз. Себебі қоғамдағы қылмыстық оқиғалардың көбі жастардың қатысуымен орын алуда. Мәселен облыстық полиция департаментінің басшысы Бақытжан Малыбаевтың айтуынша, 2024 жылы облыс бойынша жастардың қатысуымен құқықбұзушылық негізінде 843 700 әкімшілік хаттама толтырылған. 2 350 азамат әкімшілік қамаққа алынып, 1 699 адам қылмыс жасағаны үшін жауапқа тартылған.

– 2024 жылы 2 қыркүйекте ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында «Әділетті Қазақстан – заң және тәртіп» қағидатын жүзеге асыру қажетттілігін атап өтті. Бұл қағидат қоғам санасында терең орнығуы тиіс.  Сонымен қатар ҚР Ішкі істер министрі Ержан Сәденов 2025 жылды «Құқықбұзушылықтың алдын алу жылы» деп жариялады. Осы бастама аясында қылмыспен күрес жұмысы одан әрі арта түсті. «Заң және тәртіп» қағидатын сақтау – қауіпсіз әрі әділетті қоғамның негізі. Заң талаптарын сақтау арқылы жауапкершілікті және құқықтық тәртіпті нығайтамыз. Дегенмен өкінішке қарай жастар арасында қылмыс жасау деректері азаймай тұр. Оның шінде топталып төбелесу фактілері көп кездеседі. Қазіргі таңда жастар арасында кездесетін қылмыстың қауіпті көрінісі синтетикалық есірткі қолдану. Дегенмен бұл бағытта күрес тоқтаған емес. Өткен жылы біз заңсыз айналымнан 6 тонна есірткі заттарын тәркіледік. Соның ішінде 3 келі синтетикалық есірткі тіркеліп, 5 ірі есірткі тасымалы арнасының жолын жаптық. Синтетикалық есірткіні өндіретін зертхананың көзін жойдық. Сонымен қатар биылғы жылы 24 есірткі тасымалдаушы жас ұсталды. Сондай-ақ өткен жылдың қорытындысы бойынша кәмелетке толмаған жеткіншектерге қатысты 112 қылмыстық іс қозғалып, 547 бала әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Құрметті жастар, құқықбұзушылықтан аулақ болайық. Әрбір қылмыстың арты ашылады. Ал кінәлі адамдар лайықты жазасын алатын болады, – деді Бақытжан Әсембекұлы.

Тәлім мен тәрбие бағытында берері мол басқосуға алыс-жақыннан арнайы қонақтар да шақырылған болатын. Мәселен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ардақ Назаров жастарды білімді болуға, ел үшін қызмет етуге шақырып, адам болып қалыптасу жолында бабалардың ұстанған бағытына бет бұру керектігін айтты.

– Адамдар төрт топқа бөлінеді. Біріншісі – білім және байлық берілгендер. Екіншісі – білім берілгендер. Үшіншісі – байлық берілгендер. Ал төртіншісі – білім де байлық та берілмегендер. Білім және байлық берілгендер білімімен де, байлығымен де халқына көмектесе алатындар. Байлығымен жақсылық жасап, білімімен жас ұрпаққа өнегесін айтады. Білім берілгендер – қолында байлығы болмаса да білімімен адамдарға нұрын шашады. Бұлар өте ақылды әрі парасатты жандар. Бұл топтағы адамдарға байлық берілер болса оны да ел игілігіне жұмсайтын еді. Байлық берілгендер – ел ішінде өте көп. Алайда олардың көбінің елі мен жеріне жаны ашымайды. Біршамасы құмар ойын, ішімдік, есірткі секілді адал емес жолдарға беттеп жүр. Әрине жақсылары да жетерлік. Еліміздегі төмен топтағы азаматтарға байлығынан үлестіріп жүрген жандар да бар. Байлық пен білім де берілмегендер – надандар. Бұлардың көбі байлыққа құмартады. Ойымен жамандықтарды жоспарлап қояды. Егер бұларға байлық берілсе үшінші топтағылар секілді көп күнәға батуы мүмкін еді. Бабаларымыз бірінші және екінші топтағы адамдар қатарында болған. Байлығы мен білімін елге арнаған. Сол себепті осы бабаларымыздың жолымен жүру барша жастардың басты мақсаты болуы тиіс, – деді Ардақ Құттықожаұлы.

Ал танымал журналист-блогер Өркен Кенжебектің айтуынша, жастар болашаққа деген жоспарын нық сеніммен құруы тиіс.

– Адам бұл өмірде көп қателікке бой алдырмауы тиіс. Қателеспеудің ең өзекті екі тұсы бар. Әрине ел ішінде көп адам жар таңдаудан және мамандық таңдаудан қателеспеу керек деп жатады. Ал менің айтпағым адам ең әуелі өзінің бойындағы қалау жүйесін іске асырарда қателеспеу керек. Қалау жақсы әрі жаман болып бөлінеді. Сондықтанда қалаған нәрсенің барлығын істей беруге болмайды. Кейде қалаған дүниеңе қол жеткізе алмайсың. Сіздерге берер кеңесім өздеріңіздің қалауларыңызды ажыратуды танып, білсеңіздер деймін. Мәселен досыңыздың мәнті жегісі келгені үшін мәнті жеп отырсыз ба, әлде ол өзіңіздің таңдауыңыз ба? Сондай-ақ оқуды тек грант болғаны үшін оқып жүрсіз бе, әлде басқа ма? Басты сұрақ өзіңіздің қалауыңыз қандай? Егер осыдан қателессеңіз өмірдің басқа кезеңдерінде қателігіңіз келесі қателікке ұласа береді.  Екінші бойымызға берілген қасиет – таңдау. Яғни сенің қалауыңа жету жолың – таңдаудан басталады. Осы тұрғыда бір хикая есіме түсіп отыр. Баяғыда бір ғалым есекпен базарға келіпті. Барса бір жігіт отыр екен. Соған есегімді қарай тұршы деп өтінішін білдіреді. Содан жарты сағат уақыт өтіп, базар ішіндегі дүкеннен қайтар жолда «есегімді қарап отырған балаға қолымда артық қалған елу теңгемді берейін, еңбегі бар» деп ойланып келе жатады. Сөйтіп елу теңгесін бөлек қалтасына салып қояды. Бала отырған жерге келсе есегі тұр, бірақ басындағы ноқтасы жоқ екен. Сөйтсе әлгі жігіт ноқтасын ұрлап кеткен деседі. Сомен қайыры болар деп ашуға салынбай, базарға қайта кіріп, ноқта сататын жерге келсе өзінің ноқтасы сол жерден көзге түседі. Жақындап барып, бағасын сұраса елу теңге деген жауабын естиді. Демек бұл жердегі тәмсіл әлгі жігіттің сол күнгі ризығы елу теңге болатын. Ол қалайда сол елу теңгеге қол жеткізетін еді. Егер сол жігіт сәл шыдамдылық танытып, адамгершілікпен сабырлық етсе адал еңбегімен елу теңгені алатын еді. Алайда шыдамсыздық пен сабырсыздықтың кесірінен арамдыққа салып, ұрлық арқылы елу теңгенің иесі болды. Міне осы секілді өмірде де неше түрлі таңдаулар бар. Демек адам қателеспеу керек екі нәрсе – қалау мен таңдау, –дейді Өркен Кенжебек.

Иә жоғарыда айтылған мысал мен көтерілген мәселелер күнделікті өмірде кездесіп жүр. Қазіргі таңда көптеген жасөспірімді қандай мамандық иесі болатыны, қандай адам болып қалыптасатыны толғандырады. Міне осы мәселе аясында ел азаматтарының берген кеңестері кәдесіне жарары анық. Кез келген тұлғаның адам болып қалыптасуына асыл дініміздің де берері мол. Қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазықызы да адам болудың алғашқы қадамы Алланы танумен басталатынын атап өтті.

– Ең әуелі бір Аллаға сену керек. Абай өз шығармасында «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деп айтып кеткен. Сол себепті қадірлі жастар, не істесеңдер де Алла разылығы үшін жасаңдар. Алаш көсемі Әлихан Бөкейханов «Елге қызмет ету білімнен емес мінезден» деп жастардың бойына жігер берер жалынды сөз айтқан. Қандай қызметке барсаң да мінезіңмен өз орыныңды табатының айдан анық. Өмірде жолым ашылсын дейтін жастар ең әуелі Алланы тану керек, одан кейін ата-ананың қадіріне жете білу керек, еліне пайдалы қызмет жасауы тиіс. Шәкәрім Құдайбердіұлының:

Біреудің мінін көргенше,
Жамандығын тергенше.
Өз ойыңды саралап,
Өз бойыңды тазалап,
Өзіңмен күрес өлгенше,
деп айтқанындай адам өз-өзімен күресе біліп, өзін тану бағытында жүйелі жұмыс істеу керек, – дейді Оразкүл Асанғазықызы.

Форум барысында жастарды патриот болуға, ұлттық құндылықтарды бағалауға, бабалар ерлігін естен шығармауға бағытталған бейнероликтер көрсетіліп, жиын соңы концерттік бағдарламаға ұласты.

Мұқағали БАЛТАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар