Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Мұғалім тапшылығы қайтсе шешіледі?

Мұғалім тапшылығы қайтсе шешіледі?
Ашық Дереккөз
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім саласына көп көңіл бөлу керектігін әрбір Жолдауында айтып келеді. Нәтижесінде жыл сайын білім саласына бөлінетін қаржы көлемі де, қолдау да арта түсті. Алайда соған қарамастан салада шешімін таппаған түйткіл аз емес. Ең маңыздысы – маман тапшылығы.

Облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Рауан Садырқұловтың айтуынша, қазіргі таңда өңіріміздегі 449 мектепте 231 990 оқушы білім алуда. Оның ішінде 77 717 оқушы Тараз қаласындағы 67 оқу ордасында білім нәрімен сусындауда. Сондай-ақ тұрғындардың сұранысын қанағаттандыру және өңірлердегі студенттік орын тапшылығы жағдайын теңестіру үшін 2022-2024 жылдар аралығында облыста 24 мектеп пен 5 қосымша ғимарат салынып, пайдалануға берілген.

– Бұл апатты жағдайдағы 2 мектептің және үш ауысымда оқытатын 5 мектептің мәселесін шешуге мүмкіндік бергенін айта кеткен жөн. Сол секілді аймақтағы 11 білім ошағында оқушы орнының тапшылығы жойылса, тағы 11 апатты мектеп стандартқа сәйкестендірілді. Қалыптасқан мәселелерді шешу үшін 2025 жылы 10 мектептің құрылысын аяқтау және 10 мектепті кеңейту жоспарлануда. Осы жылы Шу қаласындағы апатты жағдайда тұрған Ғ.Мұратбаев атындағы орта мектепті күрделі жөндеуден өткізіп, үш ауысымда оқытатын Қордай ауылындағы №7 орта мектептің мәселесін шешетін боламыз. Бір айта кетерлігі, соңғы үш жылда облыста 39 мектеп күрделі жөндеуден өтті. Биыл тағы 10 нысанды күрделі жөндеуден өткізу жоспарда бар, – дейді Р.Садырқұлов.

Облыс әкімдігі білім басқармасының ақпараты бойынша, өңірде педагогикалық кадрлардың тапшылығына мониторинг жүргізіліп отырады. Кадр табылмаған жағдайда бос орындар ұзақ уақыт ашық күйінде қалады. Қажетті пән мұғалімінің жоқтығы өз кезегінде мектептегі ұстаздарға қосымша жүктемеге айналып, мәселені одан әрі ушықтырады.

– Жыл сайын облыстың мектептеріне үнемі мониторинг жүргізіп, мұғалім тапшылығы анықталады. Мәселен, 2023 жылдың 1 тамызынан бастап ҚР Оқу-ағарту министрлігінің бұйрығына сәйкес мемлекеттік білім беру ұйымдарындағы бос орындарға конкурс жарияланады. Қазіргі уақытта облыс мектептерінде 26 мыңнан аса педагог қызметкер жұмыс істейді. Бүгінгі күні облыстағы білім беру ұйымдарына 48 маманға, нақтылап айтқанда, орыс сыныптары бойынша орыс тілі, математика, физика, химия пәнінің мұғалімдеріне қажеттілік туындап отыр. Мәселен, Қордайда математика, физика, орыс тілі, химия, биология, география пәндері бойынша 17 маман жетіспесе, Мойынқұмға 5 педагог, атап айтқанда, математика, орыс тілі, химия пәні мұғалімі қажет. Сол секілді Сарысу ауданында 8 кадрдың орны бос, яғни математика, физика, химия, география пәндерінің ұстаздары тапшы. Таласта да математика, физика, химия пәндері бойынша 5 педагог маман тапшылығы сезілсе, Шуға математика, орыс тілі, биология, химия пәнінің оқытушылары, барлығы 9 мұғалім керек. Меркіде де 4 педагог кадрдың лауазымы бос тұрса, бұл ауданда математика, музыка пәндерінен оқытушы қажеттілігі бар, – деген Рауан Нұрғалиұлы облыс әкімдігі білім басқармасы аймақтағы жоғары оқу орындарымен ынтымақтаса отырып, кадр тапшылығын жоюға тырысып жатқанын тілге тиек етті.

Басқарма түлектердің жұмысқа орналасуына көмек беру мақсатында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетімен және өңіріміздің М.Х.Дулати атындағы Тараз университетімен меморондумға қол қойған. Осылайша бітіруші түлектерді ауыл мектептеріне тарту жұмыстары бойынша жоғары оқу орындарының басшыларымен тығыз байланыста жұмыстар жүргізіліп келеді.

Аудан әкімдіктерінің білім бөлімдері мен мектептер тарапынан жоғары оқу орындарына кадр қажеттілігіне байланысты сұраныстар тұрақты түрде жіберіліп тұрады. Сонымен қатар білім басқармасы «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы арқылы маман тапшылығымен белсенді күресуде.

Биылғы оқу жылында облыста 779 жас маман жұмысқа қабылданған. Оның ішінде «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша 195 жас маман ауыл мектептеріне жұмысқа аттаныпты.

Маман тапшылығы мәселесіне қатысты сала мамандарының да өз айтары бар. ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, сала ардагері Мадина Кенжетаева мұғалім тапшылығына қатысты өз пікірімен бөлісті.

– Біздің заманымызда, кеңестік кезеңде жоғары оқу орнын тәмамдаған жас түлектерді ауыл-ауылдарға арнайы жолдамамен аттандыратын. Меніңше, осы істі қайта енгізген жөн секілді. Қазіргі уақытта оқу орындары жас маманға дипломын табыстап, сәт-сапар тілеп аттандырғанымен университеттен кейінгі өміріне араласа бермейді. Бітіріп шыққан түлектің бәрі бірдей мамандығы бойынша қызметке орналаса алмайтыны бесенеден белгілі. Алайда жас маманның еңбекке араласқанын зерттеп отырған ешкім жоқ. Оқу орнынан білім алып, маман болып шыққан соң мемлекетке пайдаңды тигізгенің жақсы. Бұл жағына да ешкім назар аудармайды.  Қынжылтатыны, жұмыс табылып тұрса да ауылдан қашатын жастар көп. Өрендеріміз «қайтсем қалада қаламын» деп амалын жасап, табылған жұмысты істеп жүре береді. Алайда жастар шалғай ауылдарға қиналмай барып қызмет етсін десек, ең алдымен, елді мекендердің жағдайын дұрыстау қажет, – дейді ардагер ұстаз М.Кенжетаева.

Тақырыпқа тұздық, жақында білім саласына қатысты тағы бір кемшіліктің шеті көрінді. Өңір бойынша білім саласында сапаны қадағалау департаментінің басшысы Мұхит Нысанбаев келтірген деректерге көз жүгіртсек, өңірдегі бірнеше білім ошағындағы білім сапасы сын көтермейтін деңгейде.

– Өңірде жалпы 449 мемлекеттік мектеп болса, оның 42-сі бастауыш, 33-і негізгі орта, 374-і орта мектеп санатына жатады. 318 білім ордасының оқушылары қазақ тілінде оқыса, 3 мектеп орыс, 128 мектеп аралас тілде білім береді. Өткен жылы өңірдегі 267 білім беру ұйымы, оның ішінде 18 жекеменшік, 28 мемлекеттік, барлығы 46 балабақша, 216 мемлекеттік, 5 жекеменшік, жалпы 221 мектеп аттестаттау тізіміне енгізілді. Қазіргі кезге дейін 215 білім ордасы мен 46 балабақшаға мемлекеттік аттестаттау жұмысы жүргізілді. Атқарылған жұмыстың нәтижесінде 4 мемлекеттік балабақша мен 11 мектеп қайта аттестаттаудан өтпеді. Сондай-ақ 67 мектепке қайта аттестаттау жұмысы жүргізіліп, кемшіліктер жойылды, – дейді М.Нысанбаев.

Аттестаттаудан өтпей қалған білім ошақтарының басым бөлігін негізгі мектептер мен бастауыш білім беру ұйымдары құрайды. Әйткенмен сол санатқа Мойынқұм ауданындағы Ақбақай, Шу ауданындағы Еңбекші, Тараз қаласындағы Әлия Молдағұлова атындағы орта мектептердің енгені кімді де болсын ойландырмай қоймайды. Әсіресе облыс орталығы Тараз қаласына қарайтын білім ордасының осы тізімде тұрғаны да өкінішті-ақ. Қанша дегенмен облыс орталығына қарасты білім ошақтарында сапа жоғары болуы керек емес пе?

Мемлекеттік аттестаттау жүргізілген білім ордаларында кездесетін кемшіліктер бір-біріне қатты ұқсайды.

– Аттестаттау жүргізілген мекемелерде материалдық-техникалық базаның жетіспеушілігі, шағын орталықтар мен мектепалды даярлық топтары қызметінің назардан тыс қалуы, 4 және 9-сыныптардың тестілеу нәтижесінің төмен болуы, «Білім класс» электронды журналының талапқа сәйкес толтырылмауы, «Жол жүру ережелері» және «Өмір қауіпсіздігі негіздері» міндетті оқу курсының дұрыс жүргізілмеуі, ұлттық білім беру деректер қорындағы мәліметтердің мектептің нақты мәліметімен сәйкес келмеуі, педагогтардың біліктілікті арттыру курстарынан уақытылы өтпеуі секілді кемшіліктер кездесті. ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті тарапынан жүргізілген мониторинг нәтижесінде ұлттық білім беру деректер қорындағы мәліметтердің сәйкес келмеуі бойынша облыс аумағындағы 5 мектептің басшысына әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс қозғалып, айыппұл салынды, – дейді М.Нысанбаев.

Сонымен қатар білім беру ұйымдарын лицензиялауға қатысты да бірқатар мәселе туындап отыр. Нақты дерекке сүйенсек, «Е-лицензиялау» Мемлекеттік деректер қоры» ақпараттық жүйесі арқылы 97 өтініш түскен. Нәтижесінде 3 мемлекеттік және 8 жекеменшік мектепке бас лицензия берілген. Сондай-ақ 20 мектеп пен 2 колледждің лицензиясы қайта рәсімделіп, 8 білім ұясына қосымша лицензия берілген. Сонымен қатар 56 білім беру ұйымының лицензиялау талаптарына сәйкес келмеуіне байланысты өтініші қанағаттандырылмаған.

Сөз басында айтып өткеніміздей, жыл сайын мемлекет тарапынан білім саласына айтарлықтай қолдау көрсетілуде. Биыл өңірдің білім саласына 319 миллиард теңге қаржы қарастырылған. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 39 миллиард теңгеге көп. Яғни салаға жауапты басшылар қаржыдан тарығып отырған жоқ. Әйтсе де өңірдегі бірқатар білім ошақтарындағы білім сапасы, маман тапшылығы секілді мәселелер көңіл көншітпей тұр.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар