
Бүкіл ауыл «Сақа» деп атайтын інімнің азан шақырылып қойылған аты Мейрамбек екенін кейіндеу білдім.
Өз құралыптастарынан бойшаң, сыптығырдай, артық еті жоқ баланың көзі күлімдеп тұратын. Қатарластарының маңайлап жүретінінен оның сынып комсомол ұйымының жетекшісі екенін білгенмін. О, ол кезде партияның сенімді көмекшісі комсомолдың рөлі жоғары болатын. Мейрамбек сол рөлін аса жауапкершілікпен, жоғары белсенділікпен атқарғанына оның одан кейінгі өрілген өмірі дәлел.
«Мейрамбекпен қоғамдық өмірде де, әріптестікте де қоян-қолтық, тонның ішкі бауындай араласып кеттік» деп жалған айтар жайым жоқ. Ол ұзақ жылдар Алматы облыстық «Жетісу», республикалық «Халық кеңесі», «Egemen Qazaqstan» газеттерінде жемісті қызмет атқарды. Мен Жамбыл облысындамын.
Мейрамбек Төлепберген Жамбыл облысы әкімінің орынбасары, қазіргі облыстық «Jambyl» телеарнасының директоры, облыстық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы қызметтерін атқарғанда жиі хабарласып, арагідік араласып тұрғанбыз. Көбінесе шығармашылық туралы ғой әңгімеміз. Ол осы лауазымдардың қай-қайсысында да қоғамшыл, отаншыл, ұлтжанды азамат ретінде өте жақсы қырларынан танылды. Бар қарым-қабілетін жұмсап, тынымсыз тірлік жасағанына ел куә, риза.
Облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Төлепбергеннің кұзырында – өңірдің әлеуметтік, мәдени-тұрмыстық, білім мен медициналық қызметтің жай-жағдайы, ақпараттық жүйенің тізгіні. Қыруар шаруа. Бәрінде де мәселе шаш етектен. Ол осы салалардың бәріне де жауапты. Жұмыстың көзін таппасаң, жетістікке қол жеткізуің қиын. Сол үшін де онда бос уақыт деген болмайтын. Бәріне үлгеруі керек. Үлгерді. Үлгеру үшін аянған жоқ. Оған куәміз. Риза болдық. Қайраткерлігіне тәнтіміз. Оны мақтан еттік. Мақтануға турарлық болған соң ғой, әрине.
Мейрамбек кәсіподақтың қожырап кеткен жұмысын жандандыру жолында аянбай тер төкті. Еңбекшілердің құқығын қорғайтын, жай-жағдайын жасайтын бұл ұйымның тірлігін түзеу оңай болған жоқ. Себебі бұрынғыдай шаруашылықтар жоқ. Олардағы кәсіподақ ұйымдары тарап кеткен. Көпшілігі жекешелендіріліп кеткен ірі өнеркәсіп, өндіріс орындарында да жағдай оңып тұрған жоқ. Төраға үшін бұл кезең «қайта құру кезеңі болды» десек, артық айтқандығымыз емес. Осы тұста өндіріс орны еңбекшілер-кәсіподақ арасында меморандумдарға отыру оңайға соққан жоқ. Еңбекшілердің өздерінің мүддесін қорғайтын ұйымға сенімі жоғалған. Мейрамбек ұтқыр ұйымдастырушылық қабілетімен, жанкештілігімен осы сенімді қайтарды. Ой, ол айтып тауыса алмайтын әңгіме. Соның бәрін ол жалғыз істеген жоқ. Кәсіподақ белсенділерін ұтымды ұйымдастыру, оларды нәтижелі істерге бастай білу, нақты дәлелдер келтіру арқылы сенім ұялатты адамдардың жүректеріне. Сөйлесе – сөздің шешені, бастаса – топтың көсемі Мейрамбектің еңбегі жанған, жұлдызы жарқыраған тұсы осы. Оның осындай ерекше қасиеттерін бағалаған жамбылдықтар белсенді тұлғаны Тараз қаласының бір округінен облыстық мәслихаттың депутаттығына сайлаған. Бұл оның қарқынына қарқын қосып, мүмкіндіктерін арттыра түскен. Ол сайлаушыларының нағыз қалаулысына айналды. Сайлаушылардың аманатын орындау жолында бар білім-біліктілігін, керек жерінде беделін салды. Бәрі тұрғындардың игілігі үшін.
Бір күні ұялы телефоным шырылдап қоя бергені. Мейрамбек екен.
– Бөке, – деді қысқа амандық-саулық сұрасқаннан кейін, – біз, Түгіскен орта мектебін 1974 жылы бітіргендер естелік кітап шығармақшы едік. Сол істің тізгінін сіз ұстасаңыз.
– Ойбай-ау, Мейрамбек-ау, сен өзің тұрғанда мені араластырмай-ақ қойсаңдар болмас па. Бірлі-жарым мақала жазып беруге дайынмын.
– Жоқ, бас тартпаңыз. Бұл біздің сізге інілік назымыз. Шынымды айтсам, менің қолым тимейді. Оның үстіне біздің сыныптастарымыз өзіңіздің іні-қарындастарыңыз. Бізді оқытқан ұстаздардан сіз де білім, тәлім-тәрбие алғансыз. Өзіңіздің Оңлагүліңіздің достары ғой бәрі де. Сізге олар жақсы таныс. Қысқасы, біз сізді ұйғарып отырмыз. Шегінерге жол жоқ. Қажетті материалдармен толық қамтамасыз етуге уәде етеміз. Жоламан мен Серік жауапты ол жағына. Қысқасы, іске кірісіңіз! – деп, Мейрамбегім сөзінің соңына салмақ сала сөйледі.
Інілік назы, өзімсінгені көрініп тұр. Оның үстіне Оңлажанымның атын атап, менің осал жерімді дөп басқанын қарашы.
Қысқасы, сол естелік кітап межелі мерзімде дайын болып, оқырмандарын тапты. Кітаптың атауын Мейрамбек қойған: «Алтын ұядан – асқақ армандарға». Тамаша тауып қойылған атау.
Уәде бердің бе, орында. Мен кітапты бар мүмкіндігіммен дайындадым. Кітап кейіпкерлері, Мейрамбек айтқандай, өзімнің іні-қарындастарым. Бәрі де таныс. Дегенмен әрқайсысының өмір жолдарына тереңірек үңілу керек. Үңілдім.
Мен сол кітапқа енген Мейрамбек туралы мақалалардан Мейрамбегімді жан-жақты біліп, маған беймәлім қырларына қаныға түстім. Оның аға жасы алпысқа толуына байланысты курстастары Шархан Қазығұл ел газеті «Еgemen Qazaqstan»-ға «Мейрамбек меридианы», Қайнар Олжай «Айқынға» «Старостаның» баламасы – «Сақа» атты мақалалар жариялапты.
Шарханның мақаласынан Мейрамбектің ізденгіш, табанды журналист екеніне көзім жетті. Бұрын да жақсы білетін қаламгер інімнің қалам қайраты мені таңдандырғаны рас.
Бізге Ұлы Отан соғысында от-жалынға оранған самолетін жаудың қару-жарақ қоймасын жоюға бағыттаған Николай Гастеллоның көзсіз ерлігі бала кезден белгілі. Ал Александр Масловтың экипажы бұл ерлікті одан бұрын жасағаны 1951 жылы белгілі болса да, мемлекеттік органдар Гастеллоның даңқына дақ түсірмес үшін бұл ерлікті құпия сақтап келгені анықталып, 1996 жылы ресейліктердің ізденісімен құпияның кілті ашылған.
«Міне, осы мәселені Қазақстанда іліп әкетіп, зерттеуге үлес қосқан Мейрамбек Төлепберген еді.
Александр Маслов экипажындағы төрт адамның біреуі қазақ жігіті Бақтыораз Бейсекбаев екені, оның 42-авиациялық дивизияның 27-авиациялық полкінде қызмет еткені, 1996 жылы 2 мамыр күні экипаж мүшелерінің барлығына «Ресей Батыры» атағы берілгені Мейрамбекті бейжай қалдырмады. Соғыс кезінде хабарсыз кеткен кіші сержант Бақтыораздың қай жерде туып, оқығанын, оның туған-туыстарын анықтап, қаһарман қазақ ұлының ерлігін жоғары деңгейде көрсете білді. Өзі жұмыс істейтін «Egemen Qazaqstan» газеті мен «Атамұра» баспасының көмегімен Бақтыораз туралы кітап шығарды. Деректі фильм түсірді. Алматы облысының Балқаш ауданындағы Жиделі ауылында Шәмпек Бейсекбаев дейтін орта шаруаның отбасында дүниеге келген Бақтыораз тағдырдың жазуымен 8 жасында балалар үйінен бір-ақ шығады. 1938 жылы әскер қатарына алынып, одан әрі соғысқа кірген. Осының бәрін бүге-шігесіне дейін зерттеген Мейрамбек Төлепбергеннің жанқиярлығы арқасында Бақтыораз Бейсекбаевқа «Халық қаһарманы» атағы берілді.
...Бұл қаламды қару еткен азаматтың журналистикадағы бір ерлігі деп батыл айта аламыз», деп жазыпты Шерхан курстасы.
Иә, бұл шын мәнінде де Мейрамбектің ерлігі. Кез келген журналистің ондай нәтижеге жетуі сирек кездесетін кұбылыс.
Ал енді Қайнар Олжай не депті Мейрамбек туралы?
«Студент кезінде бәріміз оны Мейрамбек деп айтқанда жалғыз қыз оған «Сақа» деп сөйлейтін. Ол қыз – Оңлагүл Арзықұлова старостамызбен бір ауылда өсіп, бірге оқыса керек. Мектепте, сосын факультетте бірге оқу ерекше құбылыс. Екеуі туған топырақтың қасиетінен болса керек деп санаймыз.
Оңлагүлден білсек, оны бүкіл ауыл Сақа деген екен. Кейін бір кітабына алғысөз жазғанда рухани ағасы Шерхан Мұртаза да оны «Сақа» атаған.
...Сақа басқа асықтан анағұрлым ірі, қолға ұстағанға қолайлы... көзің түскен асықты шертіп атып алғанда қалай мерейді үстем етеді.
Сақа кезінде аударылмас деп жүрген староста сөзінің баламасы екен. Оның қызметін құйып қойғандай дәл бейнелейді. Сөйтіп, декан Қожакеев жиырма бес студенттің ішінен сақа тағайындаған Мейрамбекке өмір кейін де осы міндетті жүктеп отырды», деп сүйкепті.
Мен Мейрамбек туралы өзімнің білетіндерімнен гөрі өзгелердің жазғандарынан мысалдар келтіргенім – бес жыл бірге оқыған сыралғы, бір қазанда кайнаған қаламдастары оның көп қырларын менен тереңдеу білетіндігінен.
Мен білетін Мейрамбек нағыз «туған жерге туын тіккен» деп бағалауға лайық тұлға. «Әркімнің туған жері –Мысыр шәрі» (біздің ауылда шаһар сөзі осылай түрленіп кеткен) деген мәтел бар. Туған жер кез келген адам үшін ең ыстық, қымбат, қасиетті. Ал Мейрамбекті олай бағалауымның себебі көп. Мейрамбек 1995 жылы «Түгіскен» мемлекеттік асылтұқымды мал зауытының 50 жылдығына орай «Сағасында Таластың бір ауыл бар» атты хроникалық кітап жазған. Бұл кітапта сонау 1945 жылы «Талас» кеңшарынан бөлініп шыққан шаруашылықтың қалыптасу, өсіп-өркендеу кезеңі толық қамтылған. Ауыл еңбеккерлерінің шаруашылықты қатардағы кеңшардан мемлекеттік асылтұқымды мал зауыты дәрежесіне жеткізудегі жанкешті тірліктері ешқандай әсірелеусіз баяндалған. Онда аты аталған азаматтардың көпшілігі дерлік бүгінде өмірде жоқ. Мейрамбек оларға өзінің шығармашылығымен мәңгілік ескерткіш орнатты. Небәрі орда бұзар отыздың ортасынан сәл асқан жасында.
Мейрамбек одан кейін де жазған мақалаларында ретін тауып өзінің кіндік қаны тамған, туып-өскен Түгіскені туралы бірдеңе түрте кететін. Соның бәрі оның туған жерге деген перзенттік махаббатынан. Әркім-ақ туған жерін түлетуге, гүлдендіруге, көркейтуге ісімен, қамқор жүректен, қайраткерлік сөзімен Мейрамбектей-ақ үлес қоссын.
Айта берсем, Мейрамбектің Отанына, халқына, еліне сіңірген еңбегі зор. Айтып тауыса алмаспын.
Мейрамбек Төлепберген Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланған. Халық қалаулысы бұл қызметті екі ай уақыт қана атқарды. Бүкіл әлемді бір тарының қауызына сыйдырған қауіпті індет – коронавирустың салдарынан Парламент тарап кетті де, Мейрамбек жоғары мінберден айтатындарын айтып үлгермеді. Оның айтатындары көп еді. Әттең, уақыттың таршылық жасағаны.
Мейрамбек соңғы кездері тарихи тақырыптарды қозғап жүрген. Бұдан дейін XVIII ғасырда елімізді жоңғар-қалмақ басқыншыларынан қорғауда, ата жауды туған жерден қуып шығуда ерен ерлік үлгісін көрсеткен Саңырақ батыр, айтыс өнерінің алдаспаны, қайым айтыстың шебері Ұлбике ақын туралы тарихи шығармаларымен танымал қаламгер осы тақырыпты тереңдеткісі келген-ау шамасы.
Қанағатшыл халықпыз ғой, Құранда айтылғандай, өзімізді өзіміз сабырға шақырып, Мейрамбек бауырымыздың қол жеткізген жетістіктеріне, шығармашылығының бағаланғанына шүкір дейміз. Әйтпесе оның журналистиканың барлық саласында ізі бар. Ол – тележурналист. Облыстық телеарнаға басшы болғанда нұсқау беріп қойып қарап отырған жоқ. Ол бірнеше жобаның авторы. Оның өзі жүргізген «Сырперне» хабарына шақырылған тұлғалардың басым көпшілігі қазақтың қаймақтары. Арасында ірі қоғам қайраткерлері, ғалымдар, өнер, спорт жұлдыздары, қарапайым еңбек адамдары да бар. Мейрамбек кезінде қазақ теледидарында спорт комментаторы да болған. Бұл әркім тәуекелге бара бермейтін іс.
Мейрамбек Төлепберген қайсыбір жылдары Қазақстан Президенті сыйлығының лауреаты атанған. Ол – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстанның Құрметті журналисі. Мен оның мамандығына байланысты алған марапаттарын ғана атадым. Әйтпесе онда марапат дегеніңіз жетіп жатыр.
Артында өлмейтін сөз, өшпейтін із қалдырған бір адам Мейрамбектей-ақ болсын!
Алла Света келінге қайрат, қуат берсін. Артында қалған ұрпағы аман болсын!
Мейрамбек туралы айтылар естеліктер алда әлі. Оның мәңгілік, бақилық өмірі енді басталды.
Болат ЖАППАРОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі