Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Сайлау – халықтың таңдау құқығының символы

Сайлау – халықтың таңдау құқығының символы
Ашық Дереккөз
Облыстық сайлау комиссиясы мен облыстық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Дүниежүзілік сайлау күніне орай сайлау құқығына ие жастармен кездесу өтті. Іс-шараға мәслихат депутаттары, мемлекеттік органдардың және саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, облыстық сайлау комиссиясының мүшелері мен студенттер қатысты.

Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкеловтің айтуынша, сайлау процесін ұйымдастырушылар азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз етіп, сайлау процесін жетілдіру мәселесіне азаматтық қоғам назарын аударуға тырысады.

– Дүниежүзілік сайлау күнінің мақсаты – демократиялық сайлаудың маңыздылығын еске салу, сайлаушылардың белсенділігін арттыру. Конституцияға және «Сайлау туралы» заңға енгізілген өзгерістерге байланысты республикамызда мажаритарлық және пропорцияналды сайлау жүйелері қайта енгізілді. Ел Президентінің, Парламент мәжілісінің және мәслихаттарының депутаттарын, әкімдерді, өзге де өзін-өзі басқару органдарының мүшелерін сайлауда мажоритарлық сайлау жүйесі қолданылып, олар тікелей халықтың сайлауына ұсынылды. Осыған орай Мемлекет басшысы сайлау туралы конституциялық заңға сәйкес жалпыға бірдей тең және төте сайлау құқығы негізінде бір-ақ рет 7 жыл мерзімге жасырын дауыс беруге қатысқан сайлаушылар дауысының елу пайызынан астамын жинаған жағдайда сайланатын болды, – дейді Серғали Өмірзақұлы.

Ал «Ауыл» партиясының облыстық филиалының басшысы Айгерім Сәрсенбаеваның сөзінше, жастардың белсенділік танытуы, елге жанашырлық танытуы  – мемлекет дамуының басты факторы.

– Қазіргі таңда елімізде жастарға жасалып жатқан мүмкіндіктер өте көп. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жастар саясатына ерекше көңіл бөлінуде. Биыл бірінші қыркүйектен бастап студенттердің шәкіртақысы елу пайызға өседі. Бұл жастардың білімге деген құлшынысын арттыратыны сөзсіз. Сонымен қатар елімізде «Жастар практикасы», «Бастау бизнес», «Жас маман» секілді бағдарламалар жүзеге асырылып, жастардың білім алып, өз кәсібін бастауына жол ашылуда. Жұмысшы мамандықтарға деген сұраныс артып, техникалық және кәсіптік білім беру саласына көңіл бөлінуде. Сайлау – әділдіктің, халықтың таңдау құқығының символы. Сайлауға қатысу – азаматтық борышымыз. Мемлекет басшысы мен билік жүйесі жастардың саясатқа араласуын, шешім қабылдау деңгейіне көтерілуін қолдайды. Ал оған жетудің бірден-бір жолы – белсенді азамат болу, сайлауға қатысу, – деді Айгерім Арыстанбекқызы.

Жиын барысында «Сен сайлаушысың» интеллектуалды сұрақ-жауап ойыны өткізіліп, жастар барлық сұраққа жауап беріп, арнайы сыйлықтарға ие болды.

Сондай-ақ кездесуде колледж студенттері арасында «Блиц турнир» өтті. Жарыс ережесіне сәйкес әр команда қойылған 5 сұрақтың барлығына жауап беруі тиіс. Жауап берілмеген жағдайда қарсылас командалар қол көтеру арқылы жауап берсе болады. Сайыс қорытындысы бойынша Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінің студенттері 5 сұрақтың бесеуіне де жауап беріп, жеңімпаз атанды. Ал II орын Жамбыл жоғары политехникалық колледжінің студент жастарына тиесілі болды. Олар 5 сұрақтың төртеуіне дұрыс жауап берді. Жамбыл жоғары медициналық колледжінің студенттері     III орынды қанағат тұтты. Қатысушыларға диплом мен арнайы сыйлықтар табысталды.

Мұқағали БАЛТАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар