Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«KOMEK AI» қосымшасының кәсіпкерлерге көмегі мол

«KOMEK AI» қосымшасының кәсіпкерлерге көмегі мол
Ашық Дереккөз
Облысымыздағы белсенді жастардың бірі Азамат Нәмелбекті көпшілікке таныстырып жатудың өзі артық. «Қоғамға пайдамды тигізсем» деген ұстаныммен жүретін Азамат Жамбыл политехникалық жоғары колледжінде біліп алып жүргенде-ақ таныла бастаған. Ерікті ретінде «Темірқазық» ұйымының қатарында талай қайырымдылық іске бастамашыл болып, елдің алғысын арқалады. Облыстық, республикалық байқауларда топ жарып жүрген жалынды жас өткен жылдың соңында «KOMEK AI» жобасымен «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының «Бизнес бағыты» бойынша жеңімпаз атанып, грант ұтып алды.

Елімізде жеке кәсіпкерді тіркеуден бастап, арнайы салық режимдерін таңдау, есеп-қисап пен шығыс-кірістерді жүргізу жұмыстарында айтарлықтай қиындықтар кездеседі. Мұндай рәсімдерге уақыт та көп кетеді. Жасанды интеллекттің (ЖС) қарқынды дамуының нәтижесінде бизнес әлемінде де үлкен өзгерістер орын алып жатқан кезеңде жоғарыда аталған қиындықтарды заманауи технологиялардың көмегімен реттеуге мүмкіндік туып отыр. Бүгінде көптеген ірі компаниялар жасанды интеллектті пайдаланып, тиімділікті арттырып, бәсекелестік артықшылықтарға қол жеткізуде.

– Алайда шағын және орта бизнес үшін мұндай технологияларды енгізу қиын және күрделі болып көрінуі мүмкін. Бірақ жасанды интеллектті күнделікті өмірге, әсіресе бизнес секторына бейімдеу, ең алдымен, уақытты үнемдеуге және қаржының орнықты болуына көмектеседі. Өз кезегінде «KOMEK AI» орта және шағын кәсіпкерлік иелерінің жүктемесін азайтуға таптырмас қосымша. Жоба кәсіпкерлерге жасанды интеллектті тиімді пайдалану арқылы бизнес процестерді оңтайландыруға, шығындарды азайтуға және табысты арттыруға көмектеседі. Жоба барысында деректерді талдау, клиенттермен қарым-қатынасты жақсарту және бизнес шешімдерін автоматтандыру құралдарын ұсынады. Негізгі мақсатымыз – кәсіпкерлерге жасанды интеллект арқылы өз бизнесін жеңілдетіп, тиімділігін арттыруға көмектесу, олардың табысты және тұрақты өсуіне жәрдемдесу, – деген Азамат Нәмелбек қосымшада кәсіп иелеріне бизнес процестерді автоматтандыру үшін қарапайым және тиімді ЖИ шешімдер ұсынылатынын жеткізді.

«KOMEK AI» 2025 жылдың қаңтар айынан бастап желтоқсан айына дейінгі аралықта жұмыс істейді. Егер жоба өзінің өміршеңдігін дәлелдейтін болса, ары қарай жалғасын табады.

Азамат жобасы аясында ірі мекемелермен серіктестік орнатқан. Атап айтқанда, өзі білім алатын Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университеті қажет болған жағдайда білім ордасындағы IT саласының білікті мамандарымен көмек бере алады. Өңірлік IT мәдениетін қалыптастырып, жаңа жобаларды іске қосуға мүмкіндік беретін «Zhambyl hub» алаңы қосымша маркетингтік ұсыныстармен көмектесуге ниет танытуда. Сондай-ақ облыстық кәсіпкерлер палатасы өңірдегі шағын және орта бизнес өкілдерімен байланыс орнатуына жағдай жасамақ.

– Азаматтың жеңісі, әр бастамасы – университетіміз үшін үлкен мақтаныш. Оның жеңісі жастардың жаңашылдыққа, ғылым мен технологияларға деген қызығушылығын арттырып, жаңа жетістіктерге жетуге талпындыруда. Жас дарынымыздың жаңашыл бастамалары мен шығармашылық идеяларына қолдау көрсетуге дайынбыз. Азаматтың бұл жобасы жастардың білім, ғылым және технология саласында биік белестерге ұмтылуының жарқын үлгісі, – дейді Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің «Экономика және бизнес» факультетінің деканы Жарас Қуатбеков.

Айта кетерлігі, кейіпкеріміз 2023 жылы да «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының дәл осы «Бизнес» бағыты бойынша жеңімпазы атанған еді. Сол жылы Азамат қайта өңделетін қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу мекемелеріне сату арқылы экологиялық мәселелерді шешу мақсатында «EcoAlem» жобасын іске қосқан болатын.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар