Пленумда жоғары тұрған кәсіподақ органдарының шешімдерін жүзеге асыру және жарғылық міндеттерді ұтымды орындау бойынша облыстық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының төрағасы Ерұлан Мағзымбеков баяндама жасады.
– Азаматтық қоғамның белсенді институты ретінде кәсіподақтар федерациясы мен жоғары тұрған салалық кәсіподақ ұйымының бастамаларын жүзеге асыру мақсатында былтыр жергілікті кәсіподақ ұйымы облыстық ұйымның I пленумын, атқарушы органның 8 мәжілісін, жұмысшылармен кездесулер өткізіп, жарғылық талаптармен байланысты перспективалық және ағымдағы жұмыс жоспарымен көзделген сұрақтарды талқылады. Әлеуметтік әріптестік бағытында 2024 жылғы маусымда облыстық келісім, филиал деңгейінде бірыңғай ұжымдық шарттар қабылданды. Облыстық келісім министрлікте, ал ұжымдық шарттар аумақтық еңбек инспекциясынан тіркеуден өтті. Сондай-ақ келісімге 2024 жылғы 5 қарашада өзгерістер енгізіліп, 2024 жылғы 5 желтоқсанда министрліктен тіркеуден өтті. Облыс бойынша әлеуметтік әріптестік актілері, яғни келісім мен ұжымдық шарттардың орындалуын қамтамасыз етуге бағытталған қаражат 2022 жылы 999,1 миллион теңге, 2023 жылы 2,9 миллиард теңге, ал 2024 жылы 3,2 миллиард теңгені құрады, – деді Ерұлан Мағзымбеков.
Жергілікті кәсіподақтың облыстық ұйымында биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап филиал мәртебесіндегі 13 құрылымдық бөлімшеге 818 бастауыш кәсіподақ ұйымы бірігіп, жұмыс жүргізуде екен. Ұйымға облыс бойынша 64 507 кәсіподақ мүшесі қауымдасқан. Барлық кәсіподақ мүшелері әлеуметтік әріптестік аясында ұжымдық шарттармен қорғалған.
Пленумда кәсіподақ ұйымы негізгі жұмыс көрсеткіші саналатын құқықтық қызмет жұмысының нәтижелерін жариялады. 2024 жылы кәсіподақ заңгерлерімен 9 884 өтініш қаралып, 10 564 құқықтық қызмет көрсетілген. Құқықтық инспекторлармен 526 тексеру жүргізіліп, онда еңбек заңдылығын бұзудың 1 638 жағдайы анықталыпты.
Есепті мерзімде жергілікті кәсіподақтың оқу-әдістемелік орталығы 1 республикалық, 14 көшпелі, 5 стационарлы, барлығы 20 семинар ұйымдастырып, 2 486 сала қызметкері мен жұмыс беруші өкілі кәсіподақтық оқумен қамтылған екен. Филиалдар бастамасымен өткізілген кәсіподақ оқуларымен әр санаттағы 4 091 сала өкілі, барлығы 6 577 адам оқудан өткен.
2024 жылы сауықтыру шараларымен 5 707 сала өкілі мен отбасы мүшесі қамтылыпты. Оның ішінде 2 355 адам шипажай жолдамасына ие болса, 2 880 кәсіподақ мүшесі мен отбасы өкілдері түрлі нысандағы тарихи-танымдық саяхаттар мен демалыстарға қамтылған.
Келесі кезекте Талас ауданы әкімдігі білім бөлімінің басшысы Мақсат Қазанғапов, «Дарын» лицей-интернатының бастауыш кәсіподақ ұйымының жетекшісі Айжан Аманбаева, Тараз қала әкімдігі білім бөлімінің орталықтандырылған бухгалтериясының есептеу секторының жетекшісі Жаңылған Әділбекова, кәсіподақтың Қордай аудандық филиалының төрағасы Қарлығаш Қыпшақбаева, облыс әкімдігі білім басқармасы басшысының орынбасары Ләззат Қызылқұлова мен облыс бойынша білім сапасын қамтамасыз ету департаментінің директоры Мұхит Нысанбаев жарыссөзге шығып, жиында көтерілген мәселелер мен ұсыныстарды талқылап, кейін пленум қаулы қабылдады.
Жиын соңы марапаттау рәсіміне ұласып, «Үздік педагог – 2024» республикалық байқауында жеңімпаз атанған 3 ұстазға кәсіподақ ұйымы атынан шипажайға жолдама берілді. Және Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы ұйымдастырған «Үздік әлеуметтік серіктес – 2024» республикалық байқауына белсенді қатысқан 5 білім мекемесінің ұжымына алғыс хаттар берілді.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА