ОЛЖАС СҮЛЕЙМЕНОВ ОТАН АЛДЫНДАҒЫ БОРЫШЫН ӨТЕП ЖҮР
Әрбір ата-ана баласына әдемі әрі мағыналы есімді қоюды қалайды. Сондықтан ырымшыл қазақ перзентіне қол бастаған батырлардың, сөз бастаған шешендердің, ел бастаған билердің, жезтаңдай, күміс көмей әнші-жыршылардың атын қоюға тырысады. Содан да болар, бүгінде арамызда Асанәлі Әшімов, Бибігүл Төлегенова, Саттар Ерубаев, Қасым Аманжол, Мәдина Ералиева сынды тұлғалармен аттас ұл-қыздар өсіп келеді. Осындай танымал тұлғалардың атын алған жанды көрсек, елең ете қалатынымыз рас.
Даңқты тұлғаның есімін иеленген өреннің бірі – Олжас Сүлейменов. 5513 әскери бөлімінде азаматтық борышын өтеп жүрген 18 жасар сарбаз әскерге желтоқсан айының соңында Жаркент қаласынан аттанған. Ақын-жазушы, қоғам қайраткерінің атын иеленген Олжас өзін қазақ халқының аяулы перзентінің есіміне лайықты болып жүруге тырысатынын айтады.
– Ақын, саясаткер, қоғам қайраткері, «Невада-Семей» қозғалысының жетекшісі Олжас Сүлейменовтей тұлғаның есімін алып жүргеніме қуанамын. Қиын заманда халықты қасқайып тұрып қорғап, Семей полигонының жабылуына зор үлес қосқан Олжас Сүлейменов мен үшін қаһарман. Анам атымды осы кісідей еліне елеулі азамат болсын деп, ырымдап Олжас деп қойған екен. Сондай-ақ О.Сүлейменов 1995 жылы Италияда, одан кейін Грекия мен Мальта республикасында еліміздің Төтенше және Өкілетті елшісі болғанын да білемін. Даңқты аттасымның туындыларының ішінде ең жаныма жақыны – «Айналайын» өлеңі, – дейді О.Сүлейменов.
Аты алысқа тараған аттасының ерлігіне қанық жас жауынгердің өзі болашақта халықтан алғыс алған қаһарман болсам деп армандайды. Әскердегі борышын өтегеннен кейін құтқарушы, дәлірек айтсақ, өртсөндіруші болғысы келетінін жеткізді.
ӘНШІЛІК ӨНЕРДІ СЕРІК ЕТКЕН
Отан алдындағы борышын өтеп жүрген жас жауынгерлер жайлы сөз болғанда, ең алдымен, көз алдымызға «Сен маған хат жазуды ұмытпа» деп гитарамен ән шырқап отырған сарбаздар елестейтіні анық. Жалпы әскерде өнерімен өзгелерді тәнті етіп жүрген жауынгерлер жиі кездеседі. Сондай сазды дауысымен танылған сарбаздың бірі – Нұржеңіс Қалдыбай.
ҚР Ұлттық ұланы 5513 әскери бөлімі 2-оқу ротасының сарбазы, қатардағы жауынгер Нұржеңіс Ғалымжанұлы әскер қатарына былтыр 30 желтоқсан күні алынған. Өнерлі жігіт 2004 жылы Түркістан облысының Мақтаарал ауданында дүниеге келген. Орта мектепті аяқтаған соң Шымкент көпсалалы медициналық колледжіне «Фельдшер ісі» мамандығына оқуға түскен. Алайда жүрегі өнерді қалаған Нұржеңіс болашағын әншілікпен байланыстырады. Сазгерлік қабілеті де бар жас талант алғашқы әнін тоғызыншы сыныпта жазған. Түркістан облысының жас жұлдызы атанып үлгерген Нұржеңіс әскерге келгенге дейін отандық өнер майталмандарымен достық әрі әріптестік қарым-қатынаста болғандығын айта кеткен жөн.
– Әскерге Түркістан облысынан шақырылдым. Колледжде екінші курста білім алып жүргенмін. Отан алдындағы әскери борышымды өтеп болған соң қайта жалғастыруым екіталай. Оқуды аяқтап, фельдшер атанармын. Бірақ таңдауым өнер жолы болғандықтан арманымнан бас тартпаймын. Себебі қазақ эстрадасында өзіндік стильмен, өзгеше дауыспен ерекшеленіп, ән әлеміне жаңа леп әкелсем деймін. Таразға абыройлы міндетімді атқаруға келгеніме көп бола қоймаса да, аз уақыттың ішінде әскери өмір жақсы қырымнан өзгеруіме ықпал етті. Азаматтық өмірдегі мінезі қиын бозбала болсам, қазір салмақты, жауапкершілікті сезінетін, серт пен анттың парқын білетін ер-азаматқа айналдым. Әскерде жүріп те өнерді дамытуға мүмкіндік барына қуандым. Бөлімдегі аға-әпкелердің арқасында облыстық телеарнаға сұхбат беріп, мерекелік концерттерге қатысып, ән шырқап жүрмін. Сарбаз болған соң көбіне Қуандық Рахымның «Мен қазақпын!», Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әндері секілді патриоттық туындыларды жиі орындаймыз, – дейді Н.Қалдыбай.
Нұржеңіс Қалдыбай әскерге келгенге дейін тыңдармандарынан оң бағасын алған «Ауылдың қызы», «Таңғы 4», Қыздархан Еркінқызымен бірге орындайтын «Түсінбес жүректі ешкім» секілді әндерін жарыққа шығарған. Әндерін эстрада жұлдыздары айтып жүрген сазгер-әнші әскерде патриоттық рухтағы әуендер жазуды жоспарлап отыр.
ЖЫР ЖАЗАТЫН ЖАУЫНГЕР
Темірдей тәртіпке негізделген әскери өмірде ақындық өнерді алып жүру жас сарбаз үшін үлкен мәртебе. Осындай дарын иесінің бірі – Ерік Ысқақ.
Ақын жігіт жас сарбаздар дайындығында жүрген күннен-ақ үлгілі тәртібі мен сүбелі сөзімен ерекшеленіп, өзін жақсы жағынан көрсете білді. Жазуға деген қабілет Ерікке әкесі Ескерместен дарыған. Ескермес Сәрсенбаев белгілі балалар жазушысы, ҚР Жазушылар одағының мүшесі.
Жетісу облысынан келген сарбаз «Жеті қырлы, бір сырлы» деген мәтелдің нағыз кейіпкері ме дерсің. Қаламды серік етіп, ұйқасы мен мағынасы үйлесім тапқан жыр жолдарын жазатын жігіттің негізгі мамандығы – зергерлік.
– Әкемнің айтуынша, зергерлік өнер арғы атамнан қонған екен. Зергерлік әулетімізде әр жетінші ұрпаққа беріліп отыратын қабілет деседі. Арғы атамнан кейін жетінші буын мен болып, бала күнімнен ұлттық қолөнершілікке, зергерлік өнерге жақын болып өстім. Орал Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік-қолданбалы өнер колледжінде оқығанмын. Ресейдегі Гжель мемлекеттік университетінен тегін оқуға шақырту алғаныммен, өкінішке қарай, онда баруға мүмкіндігім болмады. Әскерге келгенге дейін мамандығым бойынша Алматыдағы зергерлік үйлердің бірінде жұмыс істегенмін. Сырға, білезік, жүзік, шекелік, шолпы, алқа, қатырма, шашбау секілді сәндік әшекейлер мен ер-азаматтарға қажетті ер-тұрмандарды жасай аламын, қамшы да өре беремін. Авторлық бұйымдарымды шығарсам деген арманым бар. Уақытым болғанда тәжірибе жасап, дизайнын сызып отыратынмын, – дейді Ерік Ескермесұлы.
Қолөнершілікке бар ынта-ықыласымен бойлаған Ерік біраз уақыт өлең жазуды кейінге ысырып қояды. Әкесінің қасында Мұхтар Шаханов секілді қазақтың қабырғалы қаламгерлерін көріп, өнеріне тәнті болып өскен жігіт жастайынан қаламды серік еткен еді. Уақыт өте келе, зергерлік өнерге ықыласы ауған Ерік өлеңмен әскерге келіп қайта қауышады. Табиғатынан ұстамды, салмақты жігіттің ақындық қабілетін капитан Медет Садық байқап, өлеңді тастамауға кеңес береді.
– Бойындағы қасиетті шыңдай білген ақын сарбазымыздың өлеңдерінің басым бөлігі отансүйгіштік, елге қызмет ету және адалдық тақырыбында. Шыққан тегі, өскен ортасы да әсер етеді ғой деп ойлаймын. Ерік сөзі нық, ісі тиянақты жігіт. Ойы биік, санасы толық азамат. «Бұлақ көрсең, көзін аш» дегендей, жазуға ебі бар екенін байқап, ақындық қабілетіңе шындап көңіл бөл деп ақылымды айттым. Қазір ерлік, елдіктің лебі есіп тұратын отты жырларымен қуантып жүр. Жас жауынгердің «мен дарындымын» деп атақ пен абыройға да ұмтылмайтын қарапайымдылығы ұнады. Өнерге жақын, жаны нәзік болғанымен жауынгерлік тапсырманы орындауда көзге түскен сарбаздардың бірі. Өзіне не керек екенін нақты білетін Еріктің болашағы жарқын екеніне сенемін, – дейді 5513 әскери бөлімі 2-жедел мақсаттағы батальоны 4-жедел мақсаттағы рота командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, капитан Медет Садық.
Жақында әскери бөлімге сарбаздармен кездесуге Париж Олимпиадасының жеңімпазы, даңқты жерлесіміз Елдос Сметов келген. Сол кеште Ерік спортшы ағасына жырын арнап, көпшілікті бір серпілтіп тастайды. Алда әскердегі досы Нұржеңіспен бірге ән жазып, әскердегі өмір жайлы тамаша туындыны жарыққа шығаруды жоспарлап отыр.
– Соңғы уақытта «Әскердегі қызметімді аяқтап, туған жерге оралғанда не істеймін?» деген сұрақ төңірегінде жиі ойланатын болдым. Жыр жазуға шындап кіріскім келеді. Алдағы уақытта жауынгерлер арасында өтетін әдеби байқау, мүшәйраларға қатысатын боламын. Бір жағынан, әскери қызметті жалғастыруға да қызығушылығым ояна бастады. Бірақ жоспарым көп болғандықтан зергерлік мамандығымды тастамасым анық. Болашақта өз зергерлік үйімді ашып, авторлық қолөнер бұйымдарын шығарсам деген арманым бар. Әскери міндетімді екі мәрте «Дүниежүзілік қолөнершілер қаласы» атағын қорғап қалған шежірелі Тараз қаласында өтеп жүргенім ерекше жігер береді. Әзірге әскери оқуда жүрміз. Ант қабылдағаннан кейін қаланы күзетуге шығатын боламыз. Сол кезде тарихи шаһармен жақынырақ таныса түсемін, – дейді Ерік Ескермесұлы.
Өнерлі жігіт алдағы уақытта әскери борышын абыроймен атқарғаннан кейін өлеңдер жинағын шығаруға ниеттеніп отыр.
Өнерді өмірінің мәніне айналдырған жас жауынгерлердің әлі талай биіктерді бағындыратыны сөзсіз.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ