Байқауды аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Жандар Тоқсаба ашып беріп, тарихи танымдық іс-шараға қатысушыларға сәттілік тіледі.
Білімпаздар бәсекесі екі кезеңнен тұрды. Талапкерлер жазушының шығармаларын мәнерлеп оқып, «Көшпенділер» трилогиясынан қойылған сұрақтарға жауап берді. Сондай-ақ шығармалар желісі бойынша сурет салды. Сол суретке негіз болған өлеңді жатқа айтты.
Құрамында Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Сансызбай Махамбетқұлов, балалар мен жасөспірімдер кітапханасының меңгерушісі Шолпан Төлепбергенова, аудандық өнер мектебі сурет және қолөнер пәнінің оқытушысы Қайрат Әбдімомынов болған қазылар алқасы талапкерлердің қарым-қабілетінен мәнерлеп оқу шеберлігіне, дауыс мәнері мен тіл тазалығына, сахна мәдениетіне, сурет мазмұнына қарай бағалады.
Нәтижесінде мәнерлеп оқу сайысында Мерей Талғатқызы жеңімпаз атанса, Нұрай Баққонды мен Нұрай Қамысбай ІІ және V орындарды иеленді. Ал жас суретшілер арасында Нұрайым Айнабек үздік шықса, Мәди Жолдас, Ақжан Сәбитова, Айтұмар Төлен жүлдегерлер қатарынан көрінді. Жеңімпаз және жүлдегер оқушыларға арнайы диплом және ақшалай сыйлық табыс етілді.
Байқау барысында жас өнерпаздар Асылжан Тойшыбек пен Бақкелді Жаңабек ән әуелетіп, күй күмбірлетті.
Мадина ЛЕСБЕКҚЫЗЫ,
аудандық жастар ресурстық
орталығының құқықтық және
психологиялық кеңес беру
бөлімінің заңгері,
Жамбыл ауданы