ЛУИШ НАНИҒА НЕ ЖАҚПАЙ ҚАЛДЫ?
Жақында «Ақтөбе» сырт алаңда ел чемпионатының сегізінші туры аясында шымкенттік «Ордабасы» клубына 0:2 есебімен есе жіберді. Ойын аяқталғаннан кейін «Ақтөбе» клубының намысын қорғап жүрген португалиялық жартылай қорғаушы Луиш Нани журналистерге сұхбат беріп, ел біріншілігіндегі басты кемшіліктерді атады.
– Мен әлі де Қазақстандағы футболға бейімделіп жүрмін. Көңілім толмайтын жайттардың да бар екені рас. Мәселен, ойын барысында тәртіп бұзылған жағдайда футболшылар соған төрешінің назар аударғанын қалайды. Салдарынан уақыт өтіп кетеді. Бірақ бұл жергілікті ерекшелік шығар. Мен бұл жаққа ойнау үшін келдім, сондықтан барынша күш саламын, – деді Луиш Нани.
КРИШТИАНУ КӨШБАСШЫ БОЛЫП ҚАЛА БЕРЕДІ
Футболдан Португалия ұлттық құрамасының бас бапкері Роберто Мартинес команда капитаны Криштиану Роналду туралы пікір білдірді. Маман футбол жұлдызының орны талқыланбайтынын тілге тиек етті.
Бас бапкердің айтуынша, 41 жастағы аяқдопшы әлі де жоғары деңгейде өнер көрсетіп жүр.
– Криштиану Роналдудың Португалия құрамасындағы орны ешқашан талқыға түспейді. Өз мансабымда күн сайын өзін жетілдіруге осыншалықты көп көңіл бөлетін футболшыны көрген емеспін, – деді Р.Мартинес. Криштиану Роналду бүгінде Сауд Арабиясының «Әл-Наср» футбол клубының намысын қорғайды. Осы маусымда 32 матчқа қатысып, 27 гол соғып, 5 нәтижелі паспен көзге түскен.
Ал ұлттық құрама сапында 226 матч өткізіп, 143 гол соғып, 47 рет нәтижелі пас берген. Команда алдағы әлем чемпионатының топтық кезеңінде Өзбекстан, Колумбия және Конго Демократиялық Республикасына қарсы ойнайды.
21-РЕТ ИТАЛИЯ ЧЕМПИОНЫ АТАНДЫ
Жуырда «Интер» клубы Италия чемпионатының 35-туры аясында «Парма» командасын 2:0 есебімен жеңіп, «А» сериясының биылғы маусымында мерзімінен бұрын чемпион атанды. Осылайша қара көк түсті жиде киетін ұжым Италия футболы тарихында 21-рет елдің үздік командасы атанды.
Жас маман Кристиан Киву баптайтын команда қазіргі таңда 82 ұпаймен турнирлік кестеде көш бастап тұр.
Чемпиондық матчта алаң иелері сапынан Маркус Тюрам мен Генрих Мхитарян гол соқты. Осылайша миландық клуб соңғы екі маусымнан кейінгі алғашқы жүлдесін жеңіп алды.
Ал бас бапкер Кристиан Киву үшін жаттықтырушылық мансабындағы тұңғыш чемпиондық атақ болып отыр. 45 жастағы румыниялық маман «Интерді» 2025 жылдың маусымынан бері жаттықтырып келеді.
Енді «Интер» клубы «алтын дубль» жасауға мүмкіндік алды. Олар 13 мамыр күні ел кубогының финалында римдік «Лациомен» кездеседі.
АНАРБЕКОВ ҮЗДІКТЕР ҚАТАРЫНДА
Алматылық «Қайрат» футбол клубының негізгі қақпашысы Темірлан Анарбеков 20252026 жылғы Чемпиондар лигасының негізгі кезеңінде өнер көрсеткен үздік қақпашылардың тізіміне енді. Танымал «Transfermarkt» порталы жасаған рейтингте қазақстандық голкипер «құрғақ» матчтар көрсеткіші бойынша 36-орынға тұрақтаған.
22 жастағы қақпашы турнир барысында алты ойын өткізіп, соның біреуінде ғана қақпасына гол өткізбеген. Оның бұл көрсеткіші 16,7 пайызды құрайды. Осындай нәтижені Францияның «ПСЖ» клубында өнер көрсететін Люка Шевалье мен Праганың «Славия» командасының қақпашысы Индржих Станек те көрсеткен.
Бүгінде сарапшылар Анарбековтің нарықтағы құнын 400 мың еуро көлемінде деп бағалап отыр. Чемпиондар лигасының негізгі кезеңінде ол алты матчта 13 гол жібергенімен, УЕФА нұсқасы бойынша «Ойынның үздік футболшысы» атанған алғашқы қазақстандық ретінде тарихқа енді.
Айта кету керек, «Қайрат» биыл өз тарихында тұңғыш рет Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне шыққан еді. Алайда сегіз тур қорытындысында алматылық клуб 7 рет жеңіліп, 1 ойында тең түсіп, турнир кестесіндегі 36-орынмен жарысты аяқтады.
«МАНЧЕСТЕР ЮНАЙТЕД» ЧЕМПИОНДАР ЛИГАСЫНА ЖОЛДАМА АЛДЫ
Англия премьер-лигасының 35-турында «Манчестер Юнайтед» өз алаңында «Ливерпульді» 3:2 есебімен ұтып, келесі маусымда Чемпиондар лигасына қатысуға мүмкіндік алды.
Бұл жеңістен кейін «Қызыл сойқандар» 64 ұпаймен турнир кестесінің үшінші орнына жайғасты. Енді олар маусым соңына дейін алғашқы бестіктен түспейді. «Ливерпуль» 58 ұпаймен төртінші орында қалса, дәл осындай ұпайы бар «Астон Вилла» бесінші сатыда тұр. Ал алтыншы орындағы «Борнмуттың» еншісінде – 52 ұпай.
Аталмыш ойын тартысқа толы болды. Алаң иелері алғашқы таймда басымдық танытып, есепті 2:0-ге жеткізді. Алайда үзілістен кейін «Ливерпуль» таразы басын теңестіріп, матчты қайта жандандырды. Тек ойынның соңғы минуттарында «Манчестер Юнайтед» академиясының түлегі Кобби Майну қарсылас қақпасынан саңылау тауып, өз командасына жеңіс сыйлады.
Матчтан кейін команданың бас бапкері міндетін атқарушы Майкл Кэррик тартысты өткен кездесу туралы ойын білдірді.
– Ойын жаман басталған жоқ. Көп сәттерде біз өз деңгейімізді көрсеттік. Қарсылас допты көбірек иемденіп, орталық алаңды бақылауға тырысатынын білдік. Соған қарамастан біз қауіпті шабуылдар ұйымдастыра алдық. Үзілістен кейін бәрі өзгерді. Біз бірнеше қателік жібердік. Бұл футболдағы қалыпты құбылыс. Амад Диало мен Сенне Ламенс жеңіс үшін үлкен үлес қосты.
Соңына дейін күресіп, жеңісті жұлып алдық. Соңғы минуттарда гол соғып, стадиондағы жанкүйерлердің қуанышын көру – ерекше сезім, – деді маман.
Айта кетейік, «Манчестер Юнайтед» соңғы рет Чемпиондар лигасына 2023-2024 жылғы маусымда қатысқан болатын. Ол кезде ағылшындық клуб топтық кезеңде соңғы орынды иемденген еді.
Нұрбақыт ТҰТҚЫШБЕКОВ



