
Рухани кеш басталмас бұрын мәдениет үйінің қызметкерлері Абайдың өмір жолына шолу жасап, сол дәуірдегі салт-дәстүр мен ұлттық ғұрыптарға тоқталды. Мұнан соң облыстық айтыскер ақындар мен жыршы-термешілер орталығының жас өнерпаздары Абайдың өлеңдерін нақышына келтіре оқып, халық әндерін тамылжыта орындады. Іс-шара барысында республикалық және облыстық деңгейдегі айтыстардың жеңімпазы, белгілі жас ақын Мұхтар Қонарбай «Не жақсы? Не жаман?» атты термені шеберлікпен орындап, жиылған көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.
Айта кету керек, тағылымды шараны айтыскер ақын, Айша бибі ауылдық округі бойынша жастар ісі жөніндегі кеңесші Нұрлыбек Құрманов жүйелі жүргізе білді. Ол осы салада 12 жылдан астам уақыт абыроймен еңбек етіп келеді. Нұрлыбек Құрманов бүгінде ауыл жастары үшін үлкен рухани орталыққа айналған «Айша бибі» аула клубының негізін қалап, бірнеше жас ақынды тәрбиелеп шығарды.
Биыл оның бастамасымен және аудандық жастар ресурстық орталығының қолдауымен бірнеше ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылды. Атап айтқанда, қоғамда алаңдаушылық тудырып отырған лудомания мәселесіне қатысты «Лудомания – ғасыр дерті» атты танымдық кездесу, Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына орай этнос өкілдері арасында «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» атты көркемсөз оқу байқауы, сондай-ақ медиа саласының өкілдері бақ сынасқан облыстық кіші футбол турнирі жоғары деңгейде өткізіліп, қатысушылардың көңілінен шықты.
Жалпы, қазіргі таңда Айшабибі ауылдық округінде 7 517 тұрғын тұрады. Оның ішінде 2 039 жас бар.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ