Жасыратыны жоқ, жайшылықта жұлқыламай, жұлмаламай, жұтына жұтқан жемтіктері жұмырына жұқпайтын жыланның жылтылдап жылтыраған жанарын, жымысқы жүзін, жалбыршақтанған, жақпар-жақпар жабындылар жапқан жағын, жалаңдаған жіңішке жырық «жіпшелерін» жүйке жүйеміз жақтырмайды.
Жұртымыздың жадында жатталған жып-жинақы «Жылан жылы – жылыс», «Жыланнан жылан жаратылады», «Жылы-жылы жымисаң, жылан жаныңа жақындайды», «Жылынып жатқан жыланның жанына жолама»-ға желілес «жәдігерлер» және жол-жөнекей жағымыздан, жанымыздан жамырататын жорғасөздер жеткілікті. Желпініп, жағымсыз жайтты жеткізгенге жыланкөзденіп «жағыңа жылан жұмыртқаласын»-мен жекіреміз.
Жалпы жорғалаушы жылының жайлылығы жайлы жаhан жылнамаларында жарыса жазылғаны жалғандыққа жатпайды.
Жарандар, жолайрыққа жеткен Жылан жылын жатырқамай, жақсы жаhатпен жан-жақты желеп-жебейік. Жылды жандануға, жаңғыруға, жаңаруға жорып, жасампаздыққа жорамалдасақ, жаңылмаспыз.
Жаңа жылда жан жүрегіміздің жылуын жоғалтпай, жамандықтан жиреніп, жақсылыққа жақын жүрейік. Жанымыз жадағай жайлармен, жағымсыз жаңалықтармен жабықпасын. Жаңсақтық жасамай, жүрер жолымыздан жаңылмайық.
Жаратқан жай-жағдайымызды жалтақтатпай жақсартып, жұлдызымызды жоғарыдан жарқыратсын, жалғанның жайқалған жасыл жайлауында жалындап жүруге жазсын!
Жоғарыдағы жолбасшыларымыз жылдан-жылға жылжыған жемқорлықтың жұлынын жұлып, жұмыссыздықты жойып, жалпақ жұрттың жанайқайын жеңілдетсін! Жаңа жылға жоспарланған жол-жобалар, жұмыстардың жүйелі жүргізіліп, жоғары жетістіктерге жетуімізге жеткілікті жағдай жасасын.
Жаманға жақындасаң, жала жабады, жаныңды жарақаттайды. Жақсыға жақындасаң, жаның жайланады. Жан жолдасын жарға жықпайтын, жоққа жабырқамайтын, жуанды жуасытып, жақсыны жақтап, жатты жатырқамай жақындастыратын, жанары жәутеңдеп жабыққан, жылаған жандарға жан жылуын жолдап, жұбататын жаны жайсаң, жомарт жандар Жаңа жылда жоқ-жітікке жан-тәнімен жәрдемдессін, жыртығына жамау жасап, жақсылық жасаудан жалықпасын!
Жалғанда жолыққан жалғыз жан жарымыз, жеңге-жезделеріміз, жиендеріміз, жора-жолдастарымыз, жегжат-жұраттарымыз, жанымызға жақын жанашырларымыз, жалпы Жамбыл жерінің жарандары Жаңа жылда жүрек жаралап, жандүниені жабырқататын жағдаяттарға жолықпасын! Жалпымызға жарасар, жан жадыратар жағымды жағдайлардың жетегінде жүздесуге, жолығысуға жазсын. Желмаядай желе-жортып, жарықтық жәкем –Жамбыл жыраудың жасын жасасын!
Жанымыздағы жап-жас жетелі жеткіншектеріміз, жанқияр жалынды жастарымыз жүзден жүйрік жүгіріп, жүйкесін жұқартпай, жанары жаздай жайраңдаған жайдарлы жайын жоғалтпасын! Жақсының жаттығы жоқ, жұбымен жарассын, жантүршігерлік жеңіл жүріске жегілмесін, жайбасарлыққа, жалқаулыққа жоламасын. Жер-жаһанның жақсы жаңалықтарын жатырқамай, жалтақтамай жаңашылдықпен, жарастықпен жалғастырсын, жеңбей жатып жеңілмесін, жалғанда жанартаудай жарқылдасын!
Жаңа жылдарыңызбен, жанашыр жандар, жақсыларым, жамбылдық жамағат!
Жаңажылдық жолдауды Ж-мен жырлаған
жамбылдық жанашырларың – МАСАТ БЕРІК