Т.Альчикеновтің 3 алып питоны бар. Әрқайсысы өзіндік ерекшелігімен танымал бұл жыландар цирк сахнасының басты кейіпкерлеріне айналған. Жыландармен бірге сахнада өнер көрсету тек көрермендерді таңдандырып қана қоймай, оларға деген қорқыныш пен теріс пікірді жоюға бағытталған. Цирк жетекшісінің айтуынша, жыландардың икемді қозғалысы мен ерекше табиғаты сахналық қойылымдар үшін тамаша үйлесім береді.
Цирктегі қыздардың би қойылымдарында да жыландар маңызды рөл атқарады. Бұл көріністер нәзіктік пен табиғаттың күшін біріктіріп, көрермендерге ерекше әсер сыйлайды. Жылан мен бишінің әр қимылы табиғаттың үйлесімділігін паш етеді.
Талғат Альчикенов жыландарын арнайы террариумдарда (шыныдан не тығыз пластиктен жасалған ыдыс) ұстайды. Мұнда температура тұрақты әрі ыңғайлы деңгейде сақталады.
– Жылан – табиғаттың таңғажайып жаратылысы. Оларды сахнаға қосу адамдардың көзқарасын түбегейлі өзгертеді. Жыландар суық қанды болғандықтан оларға жылы әрі ылғалды орта қажет, – деп түсіндіреді ол.
Жыландардың тамақтануы сирек әрі ерекше. Олар көбінесе тірі жемтіктермен, мысалы, тышқан немесе балапанмен қоректенеді. Бір рет тамақтанған жылан үш күннен бір аптаға дейін тамақ сұрамайды, ал кейбірі тіпті бір айға дейін аш жүруге қабілетті. Сонымен қатар жыландардың терісі мезгіл-мезгіл түлеп тұрады. Бұл олардың денсаулығының жақсы екенін білдіреді.
Айта кету керек, питондар қауіпті жануарлар санатына жатады. Сондықтан оларды асырау және сахнада пайдалану кезінде қауіпсіздік ережелері қатаң сақталады.
– Жыландармен жұмыс істеу үлкен жауапкершілікті талап етеді. Олардың қауіпсіздігімен қатар, айналадағы адамдардың да амандығын қамтамасыз ету маңызды, – дейді Т.Альчикенов.
Жылан асыраушылар көбінесе олардың сыртқы сұлулығына қызығады және оларды қолға үйретуге тырысады. Жыландардың күтімі қарапайым. Алайда ашық кеңістікке шығаруға болмайды. Себебі бұл жыландардың белсенділігін арттырып, қашып кетуіне себеп болуы мүмкін.
Елімізде улы және қауіпті жыландарды асырауға заңды түрде тыйым салынған. Т.Альчикенов талаптарды сақтап, жыландарды асырау кезінде қауіпсіздік шараларына аса мән береді. Айтуынша, жыландар адамға зиян тигізбейді, бірақ оларды асыраған кезде сақтықты ұмытпаған жөн.
Әлемнің көптеген елінде жылан асырау тек әуесқойлық емес, мәдениет пен дәстүрдің бір бөлігі саналады. Мысалы, Үндістанда жыландар қасиетті жануар ретінде құрметтеледі. Ондағы жылан асыраушылар, әсіресе дәстүрлі «жылан ойнаушылар» (snake charmers) жыландарды өз өнерлерінің ажырамас бөлігіне айналдырып, ұлттық мәдениеттің символы ретінде көрсетеді. Бұл өнер көптеген туристің қызығушылығын оятып, жергілікті мәдениетке деген құрметті арттырады.
Ал АҚШ пен Еуропада жылан асырау экзотикалық хоббиге айналған. Жыландарды үй жануары ретінде ұстау үшін арнайы орталықтар мен клубтар құрылып, жануарларды асырау бойынша нұсқаулықтар мен оқыту бағдарламалары жасалады. Мұндай тәжірибе жылан асыраушыларға қауіпсіздік шараларын сақтауға және жануарлардың өмір сүру жағдайларын жақсартуға мүмкіндік береді. Бұл елдерде жыландарды биологиялық зерттеулерге, білім беру бағдарламаларына және экзотикалық шоуларға пайдалану кеңінен таралған.
Айжан ӨЗБЕКОВА