Ережеп жан алысып, жан беріскен шайқастардың бірінде ерлікпен қаза тапты. Ерлігі жоғары әскери марапат – «Қызыл Жұлдыз» орденімен аталып өткен. Ол сонда небәрі 20 жастағы боздақ екен-ау! Тірі болғанда 60 жасқа толар еді.
Жуырда Өрнек ауылында бастауыш ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен, ауылдың ақсақалдары мен қарияларының, белсенді азаматтарының қолдауымен Ауған соғысында ерлікпен қаза тапқан Ережеп Сауқатовты еске алуға арналған қазақ күресінен турнир өтті.
Сайыстың ашылу салтанатында батырдың туған ағасы Тастемір Бижігітұлы, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Лесбек Амалов, билер кеңесінің төрағасы Қаржаубай Қосаров, еңбек ардагері Фатима Алтынбекова Ережеп Сауқатовтың балалық кезеңі, жасөспірім шағынан естеліктер айтты. Ал Жамбыл аудандық Ауған соғысы ардагерлері ұйымының жетекшісі Керім Ізбасаров отаншылдық, ерлік, болашаққа қызмет ету туралы үлгі боларлықтай лебізін білдірді.
2010-2013 жылдары туған балғын балуандар белдескен турнирге ауданның Аса, Ерназар, Тоғызтарау, Ащыбұлақ ауылдарынан және Тараз қаласынан да спортшылар қатысты. Белдесуде 2010-2011 жылдары туған жасөспірімдер 2 салмақ дәрежесінде, 2012-2013 жылдары туған жасөспірімдер 4 салмақ дәрежесінде сынға түсті. Әр салмақ дәрежесі бойынша жеңімпаз болғандар мен жүлдегерлерге арнайы медальдар, дипломдар мен атаулы сыйлықтар берілді. Сондай-ақ бірқатар балуан ынталандыру сыйлықтарына ие болды.
Ал түйе балуан сайысында Әлімжан Сағаділда, Динар Абдуллин және Бағлан Еркебұлан жүлделі орындарды бөлісті.
Жарысқа Ережеп батырдың бауырлары, ағайындары, достары, сыныптастары демеушілік көмек көрсетті.
Артынан марқұмның аруағына арналып ас беріп, Құран оқылды.
Балтабай АХМЕТОВ,
Өрнек ауылдық
ардагерлер
кеңесінің алқа мүшесі,
Жамбыл ауданы