Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Президент шыршасы балаларға қуаныш сыйлады

Президент шыршасы балаларға қуаныш сыйлады
А.Рысмахан
«Баласағұн» орталық концерт залында Қазақстан Республикасы Президентінің атынан «Қош келдің, Жаңа жыл!» тақырыбында жаңажылдық шырша өтті.

Мерекелік іс-шараға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев пен Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков қатысты. Ербол Шырақпайұлы мен Бақытжан Әмірбекұлы балалармен бірге шыршаның айналасында би билеп, мерекелік көңіл күйді бөлісті.

Игі дәстүрге айналған іс-шараға облыстың барлық аудандарынан және Тараз қаласынан 200 бала қатысты. Олардың қатарында жетім және ата анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, арнайы мектеп-интернаттардың тәрбиеленушілері, өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығынан келгендер, көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балалары болды.

Шырша мерекесі барысында балалар ән шырқап, би билеп, театрландырылған қойылымдарды тамашалады.

Бүлдіршіндерге ҚР Президентінің атынан құттықтау қағаздары, тәтті сыйлықтар және арнайы сертификаттар табысталды. Балалардың шат-шадыман жүздерінен мерекелік көңіл күйдің ерекше болғаны анық көрінді. Іс-шара соңында кеш қонақтары ертегі кейіпкерлерімен бірге безендірілген шырша жанында фотоға түсті.

Мерекелік шараның ауқымы мұнымен шектелмеді. Жаңажылдық шыршаға бір күн қалғанда балалар үшін танымдық экскурсия ұйымдастырылды. Олар алдымен «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешеніне саяхат жасап, өлкеміздің бай тарихымен танысуға мүмкіндік алды. Әрбір жәдігер мен тарихи деректі қызыға тыңдаған бүлдіршіндер облыстық драма театрға барды. Мұнда балаларға арналған жаңажылдық қойылым көрсетілді. Қойылымнан алған ерекше әсер балалардың көңілін одан әрі көтеріп, олардың қиял әлемін байытты.

Сонымен қатар балалар Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Тараз-Арена» және «Теннис» спорт кешендерінің тыныс тіршілігімен танысты. Жаттығу залдарын, бокс алаңдарын, бассейндерді көрген балалардың қызығушылығы мен таңданысы ерекше болды. Әсіресе спортқа құштар балғындардың жүздерінен қуаныш байқалды.

Кештің қорытындысы ретінде балалар үшін «Танысу кеші» ұйымдастырылды. Бұл кеште түрлі ойындар ойнатылып, қатысушылар бір-бірімен жақын араласу мүмкіндігіне ие болды. Осылайша жаңажылдық мереке бүлдіршіндерді шаттыққа кенелтіп, олардың жүректерінде жарқын әсер қалдырды.

Мерекелік іс-шараның тағы бір ерекшелігі – балалардың жүрегінде шаттық пен сенім отын жаға білуінде. Кеш олардың қиялын шарықтатып, жарқын болашаққа деген үміттерін нығайтты. Әр бүлдіршіннің жүзіндегі қуаныш пен бал-бұл жанған жанары шараның қаншалықты маңызды болғанын дәлелдеді. Бұл тек көңіл көтеру емес, балаларға деген махаббат пен жауапкершілікті сезіндірудің бірден-бір көрінісі еді. Жыл сайын ұйымдастырылатын шырша мерекесі облыс басшылығының балаларға деген ерекше ықыласын көрсетті.

Шырша мерекесі тек сыйлықтар табыстаумен ғана шектелген жоқ. Бұл шара балаларды қолдау мен оларға рухани демеу берудің маңызды үлгісіне айналды. Президент атынан жасалған осындай қамқорлық балалардың өзін қоғамның маңызды бөлігі ретінде сезінуіне сеп болды. Мұндай мейірім мен жылулыққа толы сәттер олардың болашақта мейірімді, адамгершілігі мол азамат болып қалыптасуына ықпал ететіні сөзсіз.

Осылайша Президент шыршасы биыл да балалардың жүрегінде ұзақ уақыт сақталатын естеліктер қалдырып, олардың Жаңа жылды қуанышпен қарсы алуына себеп болды.

Айжан ӨЗБЕКОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар