Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Коммуналдық қызмет ақысы қымбаттауы мүмкін бе?

Коммуналдық қызмет ақысы қымбаттауы мүмкін бе?
ашық дереккөз
Коммуналдық қызмет ақысы қымбаттауы мүмкін бе?
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт, Берекелі қоғам» атты жаңа Жолдауында тарифтерді күшпен ұстап тұруға болмайтынын, баға белгілеу ісіне мемлекеттің араласуынан біртіндеп бас тарту керектігін айтты. Мемлекет басшысы аталған Жолдауда: «Монополияның табысын шектеу қажеттігі мен инфрақұрылымға инвестиция салуды қамтамасыз ету арасында тепе-теңдікті сақтау маңызды. Елімізде электр қуатымен қамтамасыз ететін желілердің үштен екісінің, жылу коммуникациясының 57 пайызының және су құбыры желісінің жартысына жуығының тозығы жеткен. Осыдан-ақ біраз жайтты аңғаруға болады. Тарифтерді күшпен ұстап тұрудың ақыры соның бәрін кезекпен өшіруге және түрлі апатты жағдайлар туындауына әкеп соқтырады. Осының салдарынан азаматтардың денсаулығына және өміріне қатер төнеді. Монополиялы нарықтарда «Тарифті инвестицияға айырбастау» деген жаңа тариф саясатына көшу керек. Желілер мен қуат көздерінің тозу деңгейін кемінде 15 пайызға азайту қажет», деді. Президент айтқан жаңа тарифтік саясат нені көздейді? «Тарифті инвестицияға айырбастау» саясатын қолдану арқылы салада қандай жаңашылдық орын алуы мүмкін? Коммуналдық қызмет көрсететін кәсіпорындардың (энергия, жылу, ауыз су тарату секілді мекемелер) тозығы жеткен желілерді (электр желісі, жылу, ауыз су құбыры, т.б) 15 пайызға дейін төмендетудің қандай жолы бар? Өйткені инвестициялық бағдарлама арқылы ескіні 15 пайызға дейін азайту мүмкін емес. Мәселен кәсіпорын өз табысынан жыл сайын белгілі бір қаржы бөліп, қолда бар жабдықты шетінен жөндеп немесе іске жарамсызын лақтырып тастап жаңа жабдықтар алғанымен бұл жұмыс ұзақ жылға созылатыны анық. Күндердің күнінде бұрынғы жөнделген не жаңасына ауыстырылған жылу құбыры немесе кәріз жүйесі не электр желісі бәрібір ескіреді. Ал Президент қойып отырған талап үдесінен шығу үшін қандай шаруа атқарылуы қажет? Біз осы сауалға жауап алу үшін облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына бардық.Ондағы мамандардың айтуынша, Мемлекет басшысының Жолдауын орындау мақсатында ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитетінің облыс бойынша департаментімен және табиғи монополия субъектілерімен бірлесе 5 жылдық инвестициялық бағдарламалар мен тарифтік сметаларға талдау жүргізіліп жатқан көрінеді. Осының негізінде коммуналдық жүйеге қатысты желілердің тозу деңгейін төмендетуге бағытталған іс-шаралар қарастырылып жатыр екен. Негізі коммуналдық қызмет көрсететін кәсіпорындар тұтынушылардың арқасында тірлігін тіктеп отырғаны белгілі. Егер ескіні жаңарту тек кәсіпорынның табысынан түскен қаржы арқылы жүзеге асырылатын болса, онда тариф қымбаттамай тұрмайды. Сондықтан «Алдағы уақытта коммуналдық төлем құны қымбаттауы мүмкін бе?» деген сауалға жауап алу үшін жекелеген кәсіпорын басшыларымен сөйлесуді мақсат тұттық. Мәселен «Жамбыл-Жылу» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны директорының орынбасары Бөріхан Ниязқұлов жақын арада тариф қымбаттамайтынына сендірді. Жалпы, «Жамбыл-Жылу» кәсіпорны Тараз қаласының 20 пайызын, яғни «Қарату», «Қарасу» ықшамаудандары мен «Қарасу», «Қант зауыты» алқабындағы және Асқаров көшесінің бойындағы кейбір көпқабатты үйлерді қосқанда бас-аяғы 171 көпқабатты үй мен облыстағы үш ауданның бірқатар әлеуметтік мекемелерін жылумен, ыстық сумен қамтамасыз етіп отырған мекеме. – «Жамбыл-Жылу» кәсіпорны жылу энергиясын өндіру, бөлу, тарату, жабдықтау қызметіне қатысты тариф және тарифтік сметаны әр бес жыл сайын бекітіп отырады. Мәселен 2015 жылдан 2020 жылға дейін осы аралықтағы жылдарда ыстық су мен жылу энергиясының тарифін бекітіп, сол жылдар аралығына бекітілген бағадан көтерген жоқпыз. Керісінше Президент Жарлығымен пандемия кезінде коммуналдық төлем ақысын біршама түсірдік. Одан кейін 2025 жылға дейін тағы да бес жылға арналған тариф бекіттік. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда айтқан «Тарифті инвестицияға айырбастау» саясаты бізде бұрыннан жүзеге асырылып келеді. Ол инвестициялық бағдарлама арқылы жүргізілуде. Мәселен жылу энергиясы мен ыстық су өндіріп, оны тұтынушыға таратудан түскен қаржыға жыл сайын құбырларға, қазандықтарға жөндеу жұмыстарын жүргіземіз. Айталық біздегі құбырлардың 55 пайызы ескі. Оны шетінен жаңалау үшін өткен жылы өз қаражатымыздан 20 миллион теңге бөліп, ұзындығы 10 шақырымды құрайтын құбырлар ауыстырылды. Биыл 102 миллион 815 мың теңге қаралып, №14 орта мектептің екі қазандығы, су сорғы мен құбыры ауыстырылды. Жамбыл ауданының Аса ауылындағы М.Әуезов атындағы орта мектептің де 8 кВт 3 қазандығын ауыстырып, жаңадан ШРП қойдық. «Қант зауыты» тұрғын алқабына да Германияда өндірілген қазандық қойылды. Жалпы, «Жамбыл-Жылу» мекемесіне қарасты 75 қазандық болса, оның 43-і Таразда. 21-і – Жамбыл, төртеуі – Т.Рысқұлов, қалғаны Байзақ ауданында. Соның ішінде ескірген дүниені жаңалау не жөндеу жүргізу үшін осылай өз қаражатымыздан инвестициялық бағдарлама арқылы қаржы жұмсап отырмыз. Соның арқасында ескірген дүние біртіндеп болса да жаңарып келеді. Егер біз табысымыздан осылай жылу, ыстық су жүйесіне жаңғырту жұмыстарын жүргізбесек, яғни бес жылға бекітілген жоспардағы міндеттер орындалмаса, онда тарифті көтеруіміз заңсыз болып есептеледі. 5 жылға бекітілген тариф қандай жағдай орын алса да өзгеріссіз қала береді. Биыл көмірмен ысытылатын 5 қазандық газға ауысуына байланысты алдағы жылыту маусымында тариф біршама төмендеп отыр. Ол пеш жағатын жұмысшылар санының қысқаруы, көмірге жұмсалатын қаржының үнемделуі есебінен жүзеге асып отыр, – деді Бөріхан Өменұлы. Осылайша аталған коммуналдық кәсіпорынның жылу энергиясын өндіру, беру, бөлу және жабдықтау қызметінің тарифі және тарифтік сметасы бойынша ыстық су осы жылдың 1 қазанынан бастап есептеу аспаптары бар тұрғындарға 1 Гкал үшін қосымша құн салығынсыз орташа босату тарифі 2 мың 246 теңге 31 тиын болып бекітіліпті. Өткен жылыту маусымында ол 2 мың 703 теңге 15 тиынды құраған екен. Бұрын жылыту маусымында төлемақы жалпы алаңның шаршы метрі үшін қосымша құн салығынсыз 88,89 теңге болса, алдағы жылыту маусымы үшін оның құны 74,09 теңгеге дейін төмендеген. Бір айта кетерлігі, апаттық жағдайдағы үйлер және есептеуіш құрылғысы жоқтар үшін бөлек тариф қолданылады. Мәселен ыстық сумен жабдықтау үшін төлемақы айына 1 адамға қосымша құн салығынсыз бұрын 633,70 теңге болса, қазан айынан бастап бұл сома 528,17 теңгеге түсіп отыр екен. «Жаман айтпай жақсы жоқ» дейді қазақ. Оқыстан шикізаттың құны қымбаттаса, осыны алға тартып, «Тарифті көтермесек шығынға батамыз» деген желеумен коммуналдық қызмет көрсететін кәсіпорындар тарифті көтеруге әрекет ететіні белгілі. Мәселен жылу, ыстық су тарататын мекеме үшін газдың не суық судың бағасы көтерілсе ол сөз жоқ жылу мен ыстық судың құнына әсер етеді. Сол секілді «KEGOC» секілді компаниялардың энергияны қымбатқа беріп жатқанын алға тартып, немесе энергия көзін жеткізуші басқа кәсіпорын бағаны көтергенін желеу етіп энергия тарататын «Жамбыл жарық сауда» электр энергиясын қымбаттатуы ғажап емес. Одан бөлек тұтынушы мүддесі қорғаусыз қалмауы тиіс. Ал бұл шаруамен айналысатын мекеме – Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің облыстық департаменті. Біз осы мәселе бойынша аталған департаменттің табиғи монополияларды және бағаны реттеу бөлімінің бас маманы Иманғали Құрманға жолықтық. – Кез келген коммуналдық кәсіпорын бағаны өздігінен көтермейді. Егер «KEGOC» компаниясы энергия көзін қымбатқа жеткізіп берсе, оны облысқа тарататын мекеме бізге жүгінеді. Олардың бағаны көтеру жөніндегі өтініші жан-жақты талданады. Бағаны көтеруге негіз бар ма, жоқ па осы жағы сараланады. Заң бойынша кәсіпорын бағаны жылына бір мәрте өзгертуге құқығы бар, ал департамент екі мәрте өзгерте алады. Көбіне кәсіпорын бағаны өзгерткенде көтеруге тырысса, біз бағаны түсіруге күш саламыз. Егер электр энергиясын расымен де қымбаттату қажет болған жағдайда баға тұтынушылардың ішінде тұрғындар мен әлеуметтік маңызы бар тауар өндіретін кәсіпкерлерге әсер етпейді. Мұнда көтерілген баға өңірдегі ірі кәсіпорындарға, мемлекеттік мекемелерге қойылады. Сол секілді суық су немесе жылу, газ тарататын мекемелердің де бағаны көтеру туралы өтінішін қарау барысында бес жылдық жоспарына зер саламыз. Сол құжатта көрсетілген міндеттемелер орындалса және сол жерде көрсетілген бағаға ғана олар қол жеткізе алады. Биыл тамыз айынан бастап электр энергиясының бағасы өсті. Бірақ бұл мен айтқан ірі кәсіпорындар мен мемлекеттік мекемелер үшін. Ал халық бұрынғыдай 1 кВт электр энергиясы үшін қосымша құн салығын қосқанда 16 теңге төлеп отыр, – деді Иманғали Сағындықұлы. Қазір азық-түліктің бағасы сәт сайын өсіп жатқаны жасырын емес. Ал оған алда-жалда тарифтің көтерілуі қосылса, күнін әзер көріп жүрген қарапайым халық үшін бұл оңай соқпайды. Десе де Табиғи монополияларды реттеу агенттігі облыстық департаментінің мамандары «Мемлекет тұрғындар мүддесіне келгенде бағаны реттей алады» деген сөзге сендірді. Лайым солай болсын!

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар