Әлеуметтік нысанның ашылу салтанатына аудан әкімі Бегзат Болатбеков, аудандық мәслихаттың депутаттары, ауыл ақсақалдары мен тұрғындары қатысты.
– Қарасай ауылының жаңа мәдениет үйі ел игілігіне қызмет етіп, өнер мен мәдениеттің ордасына айналатынына сеніміміз зор, – деді құттықтау сөзінде аудан әкімі.
Мәдениет үйінің құрылысы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жүргізілді. Ғимаратта акт залы, кітапхана, ІТ кабинет бар. Сондай-ақ вокал, би, қолөнер үйірмелерін өткізу үшін бөлмелер қарастырылған.
– Бұл мәдениет үйі ауыл жастарының өнерін шыңдап, бос уақыттарын тиімді өткізуге зор мүмкіндік береді. Ұлтымыздың салт-дәстүрі, рухани құндылықтары осы ордада жаңғырады деп сенемін. Ауылдың гүлденуіне қолдау көрсетіп, осындай игі істерді атқарып жатқан азаматтарға қариялардың атынан алғысымды білдіремін! – деген ауыл ақсақалы Жұмабек Тоқаев көпшілікке ақ батасын берді.
Бұдан соң жаңа нысанның лентасы қиылды. Жиналған қауым нысанды аралап, өнерпаздардың концерттік бағдарламасын тамашалады.
Еске сала кетейік, облыста бүгінге дейін 5 мәдениет үйі мен 1 мұражай пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы 2 нысан ел игілігіне тапсырылады. 2024 жылы 17 мәдениет нысаны жөндеуден өтті.
2024 жылдың қорытындысы бойынша халықтың мәдени инфрақұрылыммен қамтамасыз етілу деңгейі 84,8 пайызды құрайды (2023 жылы – 82 пайыз) деп күтілуде.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі