Облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалдыинновациялық дамыту басқармасының өнеркәсіп және қазақстандық қамтуды дамыту бөлімінің басшысы Талғат Шалдарбековтің айтуынша, өңірде 46 мың тұрғынды жұмыспен қамтып отырған 17 ірі, 25 орта, 849 шағын, барлығы 891 кәсіпорын бар. Жыл басынан бері облыста 727,8 миллиард теңгеге өнеркәсіп өнімі өндіріліпті.
– Өңірдегі өңдеу өнеркәсібінің негізгі өсу нүктелері – химия және құрылыс индустриясы. Облысымызда еліміздің жалпы химия саласы өнімінің шамамен 24 пайызы өндіріледі. Химия кәсіпорындары республика бойынша 100 пайыз фосфор, 81 пайыз минералды тыңайтқыштар шығарады.
Сонымен қатар өңірімізде 13 миллиард тонна қоры бар 48 фосфорит кен орны жұмыс істейді. Жыл басынан бері салада 212 миллиард теңгеге өнім өндіріліп, облыс бойынша экспорт көлемінің 77 пайыздан астамын қамтамасыз етті.
2030 жылға қарай тыңайтқыштардың премиум маркаларын, атап айтқанда, суда еритін фосфор тыңайтқыштары мен құндылығы жоғары глифосат, тамақ өнімдері, фармацевтикалық, электронды бұйымдар, отқа төзімді материал секілді өнімдерді жылына 1 миллион тоннаға дейін өндіруді жоспарлап отырмыз. Бұл жобалар аясында облысымызға 1 миллиард АҚШ долларына дейін инвестиция тартылады, – дейді Талғат Базарбайұлы.
Бөлім басшысының айтуынша, құрылыс индустриясы да кең етек жаюда. Саладағы өнім көлемі 48 миллиард теңгеге жетіпті. Облыстағы кәсіпорындар республика бойынша 87 пайыз гипс және 13 пайыз портландцемент өндіреді.
Сондай-ақ «KORCEM» клинкер өндіру зауытының іске қосылуымен алдағы жылы облыста өндірілетін цемент көлемін 3 миллион тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік тумақ. Құрылыс материалдарына сұраныстың өсуіне байланысты келесі жылы «Alit Holding» құрғақ құрылыс қоспалары өндірісі іске қосылып, «Кнауф Гипс Тараз» гипсокартон шығаратын зауытының құрылысы басталатын болады. Жобаларды іске асыру өнім ассортиментінің гипсокартон, құрғақ қоспалар, тілім-түйінді тақталар, құрылыс желімдері сынды 12 түріне дейін ұлғайтуға мүмкіндік бермек.
– 2028 жылға дейінгі инвестициялық портфель 6,5 мыңнан аса жұмыс орнын құруды көздейтін 80 жобадан тұрады. Оның құны – 3,3 триллион теңге.
Жыл басынан 149,7 миллиард теңгеге 21 жоба іске қосылып, 700 жұмыс орны құрылды. Оған 370,5 миллиард теңге инвестиция тартылды. Ең ірі жобалардың қатарына кальцийлендірілген сода шығаратын «Qazaq Soda», минералды тыңайтқыштар өндіретін «Еврохим», «Knauf Гипс», мыс өндіретін «Shagala Mining» кәсіпорындары жатады.
Жүзеге асырыла бастаған осындай жобаларда инновациялық технологиялар қолданылып жатқанын айта кеткен жөн. Мысалы, «Шатыркөл» байыту комбинатында мыс кенін байытудағы ең озық инновациялық технологиялар пайдаланылуда. «KORCEM» кәсіпорны Орта Азияда теңдесі жоқ қалдықсыз цемент өндіру технологиясын енгізді. «Qazaq Soda» жобасында қолдану жоспарланған технологиялар – әлемдегі ең экологиялық таза және тиімді технологиялардың бірі.
«Жасыл энергетика» саласында «Total Eren», «Masdar» және «China Power» жалпы қуаты 2,5 ГВт жел электр стансаларының құрылысы бойынша жобаларды жүзеге асыруда. Сол секілді «Jibek Joly» арнайы экономикалық аймағының аумағында жел генераторлары компоненттерін шығаратын «Sаny Renewable Energy» зауытының құрылысы басталды. Жалпы инвестиция көлемі – 54 миллиард теңге, – дейді Т.Шалдарбеков.
Сондай-ақ биыл «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясында отандық және шетелдік инвесторлар үшін «бір терезе» қағидатымен қызмет көрсететін «Zhambyl Invest» дирекциясы құрылды. Дирекция инвестициялық жобаларды сүйемелдеумен айналысады, оның сегізін жақын арада іске қосу жоспарланған.
Сонымен қатар бірқатар жоба жүзеге асырылмақ. Тарқатып айтсақ, 367 миллиард теңгеге Қытай Халық Республикасы «Fujian Hengwan Investment» металлургия зауытының құрылысын жүргізуді жоспарлауда. Қысқамерзімді шарт бойынша алдын ала ғылыми зерттеулер жүргізу үшін ауданы 300 гектар мемлекеттік орман қорында жер учаскесі берілетін болыпты. Сонымен қатар «AltynAlmas Reagents» жаңа америкалық технологияны пайдалана отырып, натрий цианидін өндіруді көздеп отыр. Жоба құны 50 миллиард теңгені құрайды. Сонымен бірге желатин шығаратын «Taraz Gelatin», кремний өндіретін «JVictorNewEnergy» кәсіпорындары іске қосылмақ.
«Тараз» индустриялық және «Jibek Joly» арнайы экономикалық аймақтары аумағында шағын және орта бизнесті қолдау үшін өнеркәсіпті дамыту қорының қаражаты есебінен заманауи өндірістік жайлардың құрылысы басталыпты. Бүгінгі таңда кәсіпкерлермен инженерлік инфрақұрылымы жүргізілген жайлардың біраз бөлігі брондалған. Өндірістік жайлар төмен бағамен, яғни әр шаршы метрі 1 200 теңгеден жалға беріледі деп жоспарланып отыр.
Жалпы 2025 жылы негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 826,4 миллиард теңгені құраса, тікелей шетел инвестициясы 86 миллион АҚШ долларына жетіп, 144,4 миллиард теңгеге 30 жоба іске асырылмақ.
Облысымызда еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі уақытта бірқатар кәсіпорын ашылған. Атап айтсақ, «Жамбыл цемент өндіру компаниясы», диодты шамдар, көшелерді жарықтандыру жүйелерін өндіретін «Energy Taraz», медициналық бұйымдар шығаратын «Super Pharm», «Амир и Д», құс етін өндіретін «АулиеАтаФеникс», натрий цианидін өндіретін «Talas Investment Company», мақсары майын шығаратын «Kaz Ir Agro», гипс және ойық тақтайшалар өндіретін «Alina Group», «Полителен-Агро», сондай-ақ «Сәуле» кондитерлік фабрикасы, «Тараз арматура зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері және тағы басқа зауыттар бүгінгі күні өңір экономикасының дамуына үлестерін қосуда.
Тағы бір атап өтетін мәселе, бүгінгі күні өңірдегі өндіріс ошақтарының қауіпсіздігі мен мүмкіншілігін арттыру мақсатында көптеген жоба қолға алынған. Сол жобалар аясында өндіріс ошақтары цифрландыру жүйесіне енгізілуде.
Ақтоты БЕКЕНҚЫЗЫ