Жеке мектептерде оқитын аз қамтылған балаларға көмек көрсетіледі
- author AR-AY
- 20 желтоқсан, 2024
- 109

Заң жобасында бес новелла ұсынылды, оның біреуі жекеменшік мектептерде оқитын аз қамтылған отбасылар балаларына қатысты. Заң жобасы бойынша, мұндай балаларды ең төменгі күнкөріс деңгейінен кем емес мөлшерде қажетті мектеп керек-жарақтарымен қамтамасыз ету көзделген.
«Бұған дейін көмек тек мемлекеттік мектептердің оқушыларына ғана берілетін. Енді жеке мектептерде оқитын балалар да осы қолдауды алатын болады. Бұл – меншік нысанына қарамастан, барлық балалар үшін білім берудің тең мүмкіндіктерін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам», – деді ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан.
Биыл әлеуметтік осал отбасылардан шыққан 510 мыңнан астам бала мемлекеттен киім-кешек пен оқу құралдарын сатып алу үшін қаржылай көмек алды. Көмек көрсету тетіктерін жақсарту мақсатында ата-аналардың есепшоттарына қаражат аудару механизмі енгізілген болатын. Көмек алу үшін ата-ана баласының оқитын мектебіне өтініш беруі қажет.