Қазақ кімді қарт деген?
«Қарты бар үйдің қазынасы бар» деген халықпыз. Тіпті, кешегі Бұқар жырау өзінің атақты жырында «Тоғызыншы тілек тілеңіз, тоқсандағы қарт бабаң, топқа жаяу бармасқа» деп жырлайды. Міне, қазақ халқының арасындағы қарттардың қадірін осыдан-ақ білуге болады. Демек, бұдан біз қазақтың қартқа деген құрметінің ұрпағының бойына сүтпен сіңетінін көре аламыз. Бүгінде әрбір қазақтың үйінде қарты бар, бірақ қазынасы аз болып тұр. Ендеше оның себебі неде?
Бұрынғы қарттар бір ауыз сөзбен бір ауылды басқарған, бір мақалмен-ақ бір рулы елдің тентегін тезге салған ақылман батагөй болған. Ал қазір той үстінде бата бере алмай қиналатыны неден? Алайда барлық қарттар сондай деп топырақ шашпаймыз. Әр үйде кеудесі кенге толған қариялар бар, әрине. Бірақ кейбірінің қадіріне ұрпақтары жетпей жүр. Яғни, қарттың қадірі ол ұрпағының құрметімен өлшенеді. Ұл-қыздары жағдайын жасағанда ғана қарт адамдар барам деген жеріне бара алады, алам деген дүниесін ала алады. Міне бар мәселе сонда тұр.
Жалпы, «Қазақ кімді қарт деп есептеген, нағыз қарттың жасы қаншаға келгенде сол атқа лайық?» дегенге тоқталсақ, оны былай жіктеген.
Бала туа салып, бір жасқа келгенге дейінгі мезгілді шақалақ, нәресте, сәби деп атаса, екі жасқа дейін қыз бала бөпе деп аталып, ұл бала бөбек деп аталған. Ал екі жастан үш жасқа дейін бүлдіршін, үш жастан бес жасқа дейін балдырған, балауса болса, алты мен жеті жас аралығында бала, балақай болып есептелген. Ал сегіз бен он екі жасқа дейін ойын баласы, жеткіншек деп аталса, он үш жастан он бес жасқа дейін ересек бала, жасөспірім деп аталған. Он алты жас пен он тоғыз жас аралығында ұлды бозбала, қызды бойжеткен дейді. Жиырма мен отыз жас аралығында жас жігіт, қыз деп атаған. Отыз бен қырық жас аралығында дүр жігіт, кәрі қыз, келіншек, аға деген сияқты аттар қойыла бастаған. Қырықтан өткеннен кейін отағасы, ертүлегі, ана, тәте деген сияқты атауларды берсе, елу мен алпыс жас аралығын сары кідір әйел, жігіт ағасы деген. Ал алпыс пен жетпістің аралығындағы қарттарды жынысына қарай, қарасақал, ата, қара кемпір, апа, әже деген сияқты атаулармен бөлген. Жетпіс пен сексен жас аралығында ерлерді ақсақал, әйелдерді ақбұрым деген. Сексен мен тоқсан аралығында ақ үрпек шал, ақүрпек ана, қарт, қария деп атаса, тоқсаннан жүзге дейін селкілдек шал, селкілдек кемпір деген. Ал жүзден асқан әйелді кейуана, ер адамды баба деп атаған. Міне бұл әр жаста әрқалай атау берген қазақтың ұзақ жылдар бойы санасында сақталған жасқа байланысты мінез-құлықтары мен олардың бойынан көрінетін түрлі физиологиялық өзгерістерді тізбектеген құрылым осы.
Енді осы жүйеге қарап отырып біз алпыс жастан өткеннен кейін қазақтың қарттыққа аяқ басатынын аңғарамыз. Демек бұл мүшел есебімен 6-мүшелге толғаннан кейін басталады. Бірақ қарттық ол кәрілік емес. Кәрілік қарттықтан кейін 7-мүшелде келетін жас өлшемі болып есптеледі.
Алайда бір қызығы халықаралық өлшемге 70 жастағы адам қария болып саналмайды. Өйткені, Біріккен Ұлттар Ұйымының болжамына сенсек, 2050 жылға қарай әлемде өмір сүрудің орташа ұзақтығы 76 жасқа жетпек. Осыған сәйкес біздің елімізде де адамдардың өмір сүру ұзақтығы артып келеді. Ал әлемде ең ұзақ өмір сүретін халқы бар мемлекет – Щвейцария. Оларда өмір сүру ұзақтығы – 82-83 жас. Ал зейнетке әйелдер – 64, ер адамдар 65 жасында шығады. 60-тан асқан адамдар саны мемлекеттің 23 пайызын құрайды. Халықаралық зерттеулер нәтижесінде алғашқы ондыққа Исландия, Испания, Франция, Италия, Аустралия, Норвегия, Израиль іліккен. Оларда өмір сүру ұзақтығы 81-82 жас деп бекітілген.
Қазақ халқы негізінен өзінің қонақ күту дәстүрінде де жасын сұрамай-ақ, түр-түсіне қарап ажыратып, үлкендерін төрге шығарып күтетін болған. Осы қартын төрге шығарып күтетін болған дегеннен шығады. Қазақ халқы өзін табиғатпен етене байланыстырып келе жатқан халық. Сондықтан бір тәрбие алса оны табиғаттан алады. Қарттыққа байланысты да қазақтың сол табиғаттан алған мінезі байқалады. Өзін көкбөріден таратып, бөріні тотем қылған халқымыздың қартты сыйлауы да осы қасқырдан келген болса керек. Өйткені қасқырлардың табиғат заңдылығы бойынша жас арландары, ішіндегі кәрі арланы аңға ауыз салмайынша, азу салмайды екен. Ең бірінші ең кәрі қасқыр ауыз тиетін көрінеді. Сосын барып жас арландар кезек-кезегімен өз үлесін жейді екен. Міне қазақтың да бойында осы қасиет бар. Бірінші болып асқа бата берілмей және қарттар ауыз тимей жастары дастарқанға өңмеңдемейді. Міне бұл қазаққа табиғаттан жұққан мінез деуге болатын шығар.
– Қазақ «Ауылыңда қартың болса, жазып қойған хатпен тең» деп үлкендерді сыйлауға баса мән бергені о бастан белгілі. Әрі атасы мен әжесінің қолында өскен балалар үшін де үлкендердің рөлі зор болған. Ол кездегі ата-әжелер де өздері көп оқымағанмен бір өзі бір энциклопедияның қызметін атқарған. Сондықтан олардың кеудесін кенге теңеген. Аталар шежіре айту арқылы өз ұрпағының тегін білуіне тегін сабақ беріп отырған. Үлкеннен бата алудың өзін жастар мерей санаған. Сол бата арқылы көгеріп, көктейміз деп есптеген. Сондықтан да «Баталы құл арымас, батасыз ұл жарымас» деп дуалы ауыз ақсақалдың батасының құдіретіне сенген. Ал қариясын сыйламау ол үлкен әбестік саналған. Келіндер ата-әжесінің алдын кесіп өтпеген. Міне мұның бәрі біздің ұлттық тәрбиеміздің негізі болып қалуы тиіс. Өйткені қазақта «Атаңа не істесең, алдыңа сол келеді» деген дәстүрлі ұғым бар. Жастар міне сол ұғымнан аттап өте алмаған. Алайда қазіргі жастардың бойында үлкенге деген құрмет те азайып бара жатыр. Тіпті кейбір қариялардың өзі немере бағудан қашады. Сөйтіп жастар мен үлкендердің арасында алшақтық пайда бола бастады. Жалпы, бұл үрдіс түбі жақсылыққа бастамайтыны анық, – дейді педагог Құралай Райымбекова.
Жалпы, адамның жасына қарай атау беру, сыйлау ол біздің қанымызға сіңген қасиет. Сондай-ақ әр жастың өзінің атқаратын міндеті де болған. Мысалы қазақ баласына он жасқа дейін қозы жас деп қозы-лақ бақтырған. Ал жиырма жасқа дейін қой жасы деп қой-ешкі бақтырған. Одан отызға келгенше жылқы жас деп жылқы бақтырған. Сондай-ақ осы отыз жасты орда бұзар деп атап оның өмірінен үлкен жаңалықтар күтетін де болған. Ал қырық жасты қылыш жас, қамал бұзар деп атаса, елуге келгенде ел ағасы, ердің жасы деп сыйлайтын болған. Алпыстағы кісіні алпыстың асуында тұр деп белгілі бір жетістікке жетіп, оң-солын әбден таныған адам ретінде көрген. Жетпіс жасқа толғанда оны жет, піс деген сөз деп ырымдап, жетпістің желкесінде тұрмын деп сөйлесе, сексен жасты сексеннің сеңгірі деп бірталай өмірді еңсергенін белгі етіп атайтын болған.
Міне, қазақ сөйтіп сақал-мұртты да жас өлшеміне қарай қойып отырған. Сақалдың да өзінің қадір-қасиеті бар. Біреуден кешірім сұраса «Әппақ ақ сақалыммен келіп отырмын» деген сияқты сөздермен айтқан. Немесе «Ата сақалың аузыңа түскенде, неге өйтіп жүрсің?» деген сияқты мінді сөздерді де сол сақал арқылы мақал етіп айтқан. Біз бұдан сақал-мұрт қоюдың да өзінің жас ерекшеліктері мен кезеңдері болғанын аңғарамыз. Мысалы бозбала күнінде мұрт қойса, балалы-шағалы болып, қыз ұзатып немере сүйгеннен бастап сақал қоя бастаған. Сақал қоюдың өзіндік жауапкершілігі болған және ол салауаттылықтың бір белгісіндей болған. Ақ сақалды адамды ауыл болып ұйып тыңдай білетін болған. Бір сөзбен айтқанда сақал-мұрт қою ер адамдардың жауапкершілік жəне борыштылық сезімдерін күшейтіп, адамдарды ізгілікке, тектілікке, тазалыққа баулып, асқақ адамгершілікке дағдыландырады. Ер-азаматтардың ел-жұрт арасындағы беделін көтеріп, қадір-қасиетін арттырған.
Шапағат ӘБДІР
ТҮЙІН: 1 қазан – халықаралық деңгейде Қарттар күні болып мерекеленеді. Бұл айтулы күн 1990 жылы 14 желтоқсанда БҰҰ Бас ассамблеясында бекітіліп, жарияланған болатын. Біз арнайы осы мерекеге орай еліміздегі қарттарды құттықтаймыз. Көреген аналарымыз бен көсем аталарымыздың арқасында ел іші даудан, сырты жаудан аман болып, бейбітшілігіміз мәңгі, ынтымағымыз жарасқан ел болып өмір сүре беретініміз ақиқат. Біз қашанда «Әке – асқар тау, ана – мөлдір бұлақ» деген қағиданы ұстанған халықтың ұрпағымыз. Сондықтан да ата-әженің біздің жүрегімізден алатын орыны қашанда төр. Қазақ даласындағы әр қарт әрбір үйдің бәйтерегі. Біз соның саясын көлеңкелеп өсіп келе жатқан жас өркендерміз. Ендеше өміріміздің мәні, төріміздің сәні болған қарттарым аман-сау жүрсін!
Келесі мақала