«ЖАҚСЫНЫҢ АТЫ ӨЛМЕЙДІ...»
Биыл қазақ елі үшін тартысты кезеңдерде басын бәйгеге тіккен бірқатар алыптардың айтулы мерейтойлары аталып өтуде. Қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдызындай тұлғалардың қатарында – белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқаров та бар. Оның 100 жылдығы жуырда туған жері Меркі өлкесінде және еліміздің өзге де өңірлерінде дүркіреп аталып өтті. Дана халқымыздың «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» деген өнегелі өсиетінің айғағы деп осыны айтуға болары анық.
Асанбай Асқаров – еліміздің тарихында өзінің биік болмысымен дараланған, қазақ әдебиеті мен тарихына өзіндік үлесін қосып, ел басқару ісінде ерекше қолтаңбасын қалдырған тау тұлға. Оның бір ғана Шымкент қаласының өсіп-өркендеуі жолындағы еңбегі туралы сөз қозғасақ, ауыз толтырып айтарлықтай істер легі орасан. Асқаровтай адал басшының ықпалынан бүгінде Шымкент – еліміздегі үшінші мегаполиске айналды десек те артық айтпағанымыз деп білемін. Себебі Асанбай Асқаров басшылық еткен жылдары Шымкент шаһарының экономикасымен қатар, өнеркәсібі қарқынды дами түскен. Сондай-ақ көпқабатты тұрғын үйлер көптеп салынып, қала келбеті ажарлана бастағаны белгілі. Қазіргі таңда санаулы қалаларда ғана бар хайуанаттар бағы Шымкент қаласында Асанбай Асқаровтың тұсында ашылған. Өзге де мәдениет және спорт нысандары бой көтеріп, дендросаябақтың қала аумағында пайда болуына А.Асқаровтың басшылық шеберлігі тікелей себепкер болғаны айдан анық.
«Өмір – теңіз, онда жүзем демеңіз, ізгіліктен жасалмаса кемеңіз» демекші, белгілі тұлға Асанбай Асқаров өз кезеңінде халқының қамы үшін қызмет етсе, бүгінде оның ізгілікті істері өз есімінің биіктігінен сыр шертіп тұр. Нәтижесінде, бүгінде Шымкентте Асанбай Асқаровтың ескерткіші, ол кісінің есімі берілген көше, мұражай және орта білім беретін білім ордасы бар.
Сөз басында атап өткенімдей заңғар тұлға Асанбай Асқаровтың басшылық біліктілігінің үздік көрінісі Шымкент қаласының көркеюіне қосқан үлесімен-ақ менмұндалап тұр. Шын мәнінде ақындық, жазушылық, қайраткерлік һәм академик қырымен тарихта есімі таңбаланған алып тұлғаның еңбек жолы үлгі-өнегеге толы. Туған жері Меркі ауданында аталып өткен 100 жылдығы аясында ауданымыздағы №1 мектеп-гимназиясына тау тұлғаның есімінің берілуі, арнайы ескерткіш-бюст ашылуы кеудеңе ерекше қуаныш сезімін ұялатады. Өйткені «Халқым үшін керек болса, қазір де садаға болуға дайынмын. Халқымнан басқа күннің де, түннің де маған керегі жоқ. Халқым аман болса, мен де аманмын», деп көзі тірісінде ел игілігі үшін қызмет еткен тау тұлғаны бейбіт заманда ұлықтай білудің өзі бір ғанибет. Тау тұлғаға тән биіктіктің айқын көрінісі осы деп ойлаймын.
Фариза СМАҒҰЛОВА, Гранитогорск ауылдық №8 жалпы орта білім беретін мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, Меркі ауданы
Келесі мақала