Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Іргетасы ғасыр бұрын қаланған аурухана жайлы бір үзік сыр

Іргетасы ғасыр бұрын қаланған аурухана жайлы бір үзік сыр
Автор
Әлемде сан алуан мамандық бар. Ал, солардың ішінде жауапкершілік жүгі ауыр, халық үшін күн-түн демей, 24 сағат бойы қалтқысыз қызмет ететін ақ халатты абзал жандардың орны бөлек. Әр майталман маманның өз майдан даласы бар десек, ақ халатты абзал жандар ұрымтал жерден соққан дертке араша тұрып, бастан башпайға дейін тексеріп, қолына ине мен пышақтан қару алып, адам жаны үшін күреседі. Міне,саулығымыздың сақшысы болған медицина саласының батырлары қандай құрметке болса да лайық.

«Денсаулық сақтау саласын дамыту, дәрігерлерді барынша қолдау – мемлекеттің маңызды міндетінің бірі. Біз өздеріңіздің қажырлы еңбектеріңізді қашанда жоғары бағалаймыз. Медицина қызметкерлерінің мәртебесін көтеруге және олардың құқықтарын қорғауға әрдайым баса назар аударамыз», – деп ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі мәртебелі мамандық иелерінің абыройын асыруға мемлекет болып қолдау көрсету қажеттігін баса айтып отыр.

Егемендік алған 33 жылдың ішінде еліміздің медицина саласы аяқтан тұрып қана қоймай, қарыштай даму кезеңінен өтті. Мемлекет тарапынан медицина саласын қолдау үшін түрлі бағдарламалар қолға алынып, соның арқасында қаншама жетістіктерге жеттік. Ол бағдарламалардың игілігін біздің аудан да өз уақытымен көріп келеді. Мәселен, «100 аурухана, 100 мектеп» бағдарламасы арқылы соғылған 100 жылдық тарихы бар аудандық орталық аурухананың бүгінгі жай-күйі көңіл қуантарлық. Нәтижелі істері мен жеткен жетістіктері де жоқ емес.

Сонау 1924 жылы бұрынғы Георгиевка, қазіргі Қордай ауылында алғашқы емдеу мекемесінің негізі қаланған екен. Сол жылы Георгиевка ауылына алғашқы фельдшер келіп, ауылдың орталығында ескі ғимараттың бір бөлмесінде барлық науқастарды қабылдайтын алғашқы медициналық пункт ұйымдастырып, емделушілерге есігін ашады. Шағын ғана медициналық қызмет көрсету пунктінің аясы кеңейіп, 1930 жылы ауданда 10 төсектік алғашқы учаскелік аурухана ашылады. Осылайша бүгінде ауыз толтыра айтарлықтай жетістігі, жаңашылдықтары мен жақсы істері бар аудандық орталық аурухананың тарихы бастау алады. Жүзжылдық тарихы бар емхана қазіргі таңда үлкен медициналық мекемеге айналып отыр.

Айтулы дата қарсаңында орталық ауруханада «Ауылдық жердегі денсаулық сақтау мәселесі» атты ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылды. Қордай ауданының медицина саласының 100-жылдығына орайластырылып өткен конференцияға Қазақстан және Қырғызстанның түрлі медициналық мекемелерінен және жоғары оқу орындарынан келген білікті мамандар қатысты. Олардың қатарында медицина ғылымдарының докторы, професорлар, көп жыл осы салада еңбек еткен ардагерлер де болды.

Іс-шара барысында медицина саласындағы қызметкерлердің күнделікті жұмысында кездесетін өзекті мәселелер талқыланды. Ал, конференцияның мақсаты – медицина мамандарының ауылдық жерлердегі денсаулық сақтау саласына назарын бұру, өзекті проблемалардың шешу жолдарын қарастыру, заманауи емдеу әдістерін және технологияларын қолдану болып табылады. Себебі, қазіргі кезде Қазақстанда ел Президентімен жүргізіліп жатқан әлеуметтік саясаттың маңызды құрамдас бөліктерінің бірі өз азаматтары үшін денсаулық сақтаудың жоғары деңгейін қамтамасыз ету.

Осы орайда ғылыми-практикалық конференцияда спикерлер азаматтарды емдеудегі кездесетін түрлі аурулармен күресу жолдарын, олардың алдын алу бағытында атқарылуы тиіс шараларды баяндап, өз ойларымен бөлісті. Білікті мамандар әсіресе асқазан-ішек жолдары, жүрек-қан тамыр, сүйек-бұлшық ет аурулары жайында баяндамаларды көпшіліктің назарына ұсынды. Олар осы ауруларды емдеу және алдын алу жолдарын атап өтіп, өз тәжірибелерімен бөлісті.

Іс-шара қатысушылары ұйымдастырушы тарапқа алғыстарын айтып, медицина саласына қатысты тақырыптарда пікір алмасып, сұхбаттасты. Алдағы жоспарда жаңа технологияларды қолданып, Қордай ауданында жаңа облыстық, республикалық деңгейде жасалатын ота түрлерін енгізуді жоспарлап отыр. Қазірдің өзінде яғни ағымдағы жылдың басынан бері ауданның хирургия және гинекология бөлімінде 30-дан аса науқасқа облыстық деңгейде жасалатын оталар жасалды. Бұның өзі Қордай ауданының медицина саласы алдыға ілгерілеп дамып келе жатқанының айғағы. 

Сөз басын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының сөзімен бастаған едік, сөз аяғын да Президентіміздің сөзімен аяқтаудың орайы келіп тұр. Ол медицина қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтаған сөзінде “Елімізде тұңғыш рет «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» атағы белгіленді. Бұл марапат халыққа қалтқысыз қызмет еткен нағыз майталман мамандарға беріледі” деген болатын. Ендеше, еңбегі бағалауға лайықты Қордай аудандық орталық аурухананың қызметкерлері де жоғары марапаттан көрініп, еліміздің медицина саласының дамуына сүбелі үлес қоса берсін!

Сөз соңында қиналғанда көмек сұрап, ауырғанда шипа іздеп алдына барған кез келген науқасқа қолдау көрсететін, өмірлеріне қауіп төнген сәтте араша түсіп, тіпті кейде екінші рет өмір сыйлап жататын ауданның барша дәрігерлерін төл мерекелерімен, ғасыр тойымен шын жүректен құттықтаймыз!

 

Ақмарал Қонбаева,

Қордай ауданының білім бөлімінің әдіскері

 

 

 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар