Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Отбасындағы тәрбиеде осалдық танытпауымыз керек

Отбасындағы тәрбиеде осалдық танытпауымыз керек
Ашық Дереккөз
«Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» республикалық акциясы аясында облыстық «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығы «Отбасылық тәрбие: психология мен әлеуметтанудағы қазіргі тенденциялар» тақырыбында облыстық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырды.

Конференция барысында отбасы құндылықтарын сақтау, суицидальді мінез-құлықтың себептері мен белгілері және оның алдын алудың тиімді стратегиясын құру жолдары талқыға салынды. Сондай-ақ жасөспірімдер арасындағы репродуктивті денсаулық негіздері, жыныстық-рөлдік сәйкестендірудің қалыптасуы мен ерте жүктіліктің алдын алу мәселелері күн тәртібіне шығарылды.

Жиынды ашқан облыс әкімдігі білім басқармасы басшысының орынбасары Әлішер Әзімбай психологтар мен әлеуметік педагогтардың біліктілігін жетілдіру әрдайым басты назарда екенін сөз етті.

– Білім беру ұйымдарындағы әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы төмен, толық емес отбасынан шыққан балалар секілді түрлі санаттағы білім алушылар педагог-психологтардың және әлеуметтік педагогтардың ерекше назарында болуы шарт. Осы міндеттерді орындау барысында біз қандай кедергілер болса да жеңуге тиіспіз және қандай да бір көкейкесті мәселелерді шешуге дайын болуымыз қажет. Мектептердегі психологиялық қызметтің сапасын арттыру және жасөспірімдер арасында қалыпты ахуал орнату – уақыт талабы. Осы мақсатта республика бойынша психологиялық орталықтар ашылуда. Облыс әкімінің қаулысымен облыстық психологиялық қолдау орталығы құрылды. Орталықтың мамандары педагог-психологтардың біліктілігін арттыру және әдістемелік көмек көрсету мақсатында еңбек етуде, – деді Әлішер Әзімбайұлы.

Бұдан кейін сөз алған М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің аға оқытушысы, «TALDAU» социологиялық және маркетингтік зерттеулер орталығының төрағасы Бақыт Әлмұратов әлеуметтік институт ретінде отбасы және неке, бүгінгі отбасы келбетінің әлеуметтік талдауларын сөз етті. Облыстық ата-аналар кеңесінің төрағасы Ринат Нұрақбаев отбасы тәрбиесі жалпыға ортақ мәселе екендігін атап көрсетті. Ал облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Айбек Қадралиев жастар арасындағы аутодеструктивтік мінез құлықтың туындау себептеріне қатысты ой қозғады.

Іс-шараның 3 бағыттағы секциялық жұмысы барысында қатысушылар 2 күн бойы арнайы тренерлерден дәріс алды. Мәселен, жоғары санатты дәрігер-психотерапевт, медицина ғылымдарының докторы Әлия Нұрғазина «Жасөспірімдердің репродуктивті денсаулығы және оған қауіп төндіретін факторлар» бойынша білгенімен бөлісті. Сондай-ақ ҚР Психологтар мен психотерапевтер қауымдастығының басшысы, кинопсихолог Зарина Кенжекар «Суицидальді мінез-құлықтың себептері мен белгілері және оның алдын алудың тиімді стратегиясын құру жолдары» тақырыбында тренинг ұйымдастырды.

Осы іс-шара арқылы мектептердің психолог және әлеуметтік педагогтары өздерінің көкейінде жүрген сұрақтарына жауап алды.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар