Осы орайда жамбылдық ақын Файзулла Төлтай мен Арайлы Жақсылықтың жаңа леппен жүрекжарды ойларын іске асырған VI «AVANGARD» поэтикалық кеші өтті. Жүректерге жол тапқан ерекше кешті талантты жас ақын Нұржан Қадірәлі мен Арайлы Серікқызы жүргізді.
Құлақтан кіріп, бойды алған жанды дауыстағы әсем әуенге толы кештің «Құс жолындағы құштарлық» деген атауының өзі қарашада қайтқан құстардың қауырсынынан төгілген елге, жерге, табиғатқа деген қимастық пен құштарлығындай алабөтен еді. Сиқырлы сезімге тұнып тұр. Күрең күздің соңғы күндері қалт-құлт етіп тамбай қалған таңғы шықтай мөлдіреп, сыр тұнған соңғы сары жапырағына жазылған хаттай оқуға ынтықтырып, сағындырып барып, араға екі жыл салып қайта оралған жобаға жырсүйер қауым лек-легімен ағылды.
Бірі бесіктегі баласын бауырына басып жетсе, енді бірі жұмысын, басқа да жоспарларын жиыстырып қойып, өлеңсүйер қауымның қатарынан табылған. Барлығының бағыты бір. Ол – «AVANGARD» жыр кешінен рухани ләззат алу.
Залға кіргеннен тұла бойыңа әлдебір түсініксіз сәуле тарап, көңілдің қатпар-қатпар қыртысын сеңдей жібітіп жіберген кештің сиқыры осында жиналған қауымның шынайы пейілінде еді. Поэзия салтанат құрған ерекше ортада кеудеңнің сол жағындағы кесек етті отқа орағандай-ақ, алқызыл көйлек пен шиқан қызыл шляпа кигендер жанарыңды қарықтырып ала жөнеледі. Барлық киім қызыл-қара түсті. Оған себеп, алтыншы «AVANGARD»-тың киім үлгісі қызыл-қара түс болуында. Расында, күзде бүр жарған көктемнің қызғалдағы іспетті, күш-қуаттың қайнар көзіндей болған алқызыл түс әсем кештің ажарын аша түсті. Бұл кештің дресс-коды қызыл түс болғандықтан айнала алқызыл түске боялып кеткендей.
«Жанам деген жүрекке от беремін» деп Төлеген Айбергенов жырлағандай, «AVANGARD» та бұл жолы әр жүректің иесіне бір-бір шамшырақ ұсынып, әр көрерменнің жолына шам жақты. Өзгерістер мен жаңашылдықтың легін ұсынды.
Ән мен әуен, күй мен күмбірі бөлек ортадағы жырсүйер қауымның жүрегіне жолданған алғашқы тілекті Түркиядан бейнебайланыс арқылы ақын Файзулла Төлтай жолдады.
– «AVANGARD» атты поэтикалық кешті жоспарлап, қолға алған кезде жалпы әдеби мәтіндердің акт залдарында, сахнада ғана емес, жай ғана кофехана мен барларда, басқа бір дауыс пен үнсіздіктің үнінде өткенін мақсат тұтқан едік.Жалпы бұл жобаның ең бірінші мақсаты – поэзияның оқылу кеңістігін ауыстыру. Одан кейін жаңа модерн, бәлкім, «пост классикалық» мәтіндердің жазылуына ықпал етіп және осы процесті бақылау кезінде басы-қасында болғанын қаладық. Бұл дегеніміз – қолға үйретілген сезімдер емес, керісінше, қолға үйретілмеген сезімдердің жазылуына ықпал ету. Әлі қалыптаспаған, аузымызға түсіп, тіліміз арқылы төгілмеген сезімдерді жаңа әдеби мәтіндерде, жаңа көзқараста жазылуын қалыптастыру. Біз осы істі қолға алдық. Мақсат тұтқан жолда кем-кетігі бар болса да шама-шарқымызша қызмет етіп, ілгерілеп келе жатырмыз. Біздің қатардан кейін, яғни Нұржан Қадірәлі, Наурызбек Сарша, Арайлы Жақсылықтан кейін белгілі бір деңгейде қазіргі қоғамның кескін-келбетін суреттейтін мәтіндердің шығуы ақсап тұр. Міне, осы мақсат жолында «AVANGARD» қызмет етсе деген ой болған. Класикалық мәтіндерді тыңдау, одан ләззат алу керемет болғанымен дәл қазіргі капиталды, дамыған жаһандану заманында сіз бен біздің сезімдеріміздің «Ғашықпын, шын ғашықпын сол адамға, Мен болмасам, болмайын, сол аман ба?» дейтін сияқты дүниеден бөлек күйге, басқа сипатқа оранғанын көріп, сол күйдің жаңа көзқарас, жаңа идеямен жазылғанын білсек деген ниет бар. Осы жолда Тараз қаласында жаңа авторлардың қалыптасуына сенімім мол, – деді Ф.Төлтай.
Кешке облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов қатысты. Сондай-ақ облыстық айтыскер және жыршы-термешілер орталығының директоры Ахметжан Өзбеков те төрден орын алып, кеш туралы өзінің жүрекжарды пікірін білдіріп, өлең оқып берді. Ал өз кезегінде сөз алған Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының директоры Жасұлан Әбдіхалық та ізгі тілегін ақтарып, сонымен қатар ұсынысын ортаға салды.
– Жамбылдықтарды өлеңмен сусындатып жүрген қаршадай қыз Арайлы Жақсылыққа алғысым шексіз. Халыққа берері мол кешті өткізу оңай шаруа емес. Мұндай істің басы-қасында жүру үшін поэзияны бағалайтын, жалпы өнерді сүйетін үлкен жүрек керек. Мен осы ортада өз тарапымнан алдағы жылы келесі «AVANGARD»-ты Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының қолдауымен өткізсек деген ұсынысымды айтқым келеді. Мұндай жоба барлық кезеңде қолдау табуға тиіс деген ойым бар, – деді Жасұлан Лесбекұлы.
Өлеңге мас, өнерге жақын, өмірге ынтық жандардың басын қосқан поэзия кешіне дәстүр бойынша арнайы қонақ ретінде елімізге танымал ақындарды шақырып, төрге оздыру үрдісі бар. Бұл жолы Алматыдан арнайы ат арытып жеткен белгілі ақын Нұртас Тұрғанбек:
«Жүрегің сенің құстай жылады,
Көрмедім бірақ неге мен?
Қанаты бардың ұшпайды бəрі,
Əйтпесе ұшып келер ем.
Жанымнан ылғи жарылыс көрем,
Сезімге кейде ойым жау,
Əлдебіреуге сағыныш деген,
Əлсіздігіңді мойындау.
Көмейіңе өксік-оқ тұрған күні,
Мені айтшы неге мұңайтты?
Алаулап жанған оттың барлығы,
Күйдіреді деп кім айтты?!
Іштегі бұққан мұңды сез ұлы,
Айтпағаны үшін таңдай қақ,
Ай деген түннің сырлы сезімі,
Айта алмай жүрген айғайлап.
Көз жасы түннің тастанды жұлдыз,
Жұбатты оны кім ұғып?
Мəз болып жүрміз аспанның күндіз,
Жылтырағына жылынып», – деп өлеңсүйер қауымға жыр жолдарын арнады.
– Жалпы қазіргі қоғамда поэзиялық кеш ұйымдастыру ауадай қажет. Адам жаны тыныштық тауып, жүрегін керемет әсерге бөлейді. Осындай кешке шақырту алғаныма өте қуаныштымын. Ұйымдастырылуы өте жоғары деңгейде өтті. Алдағы уақытта осындай жобалар көбірек іске асып, ел игілігіне жарап жатса, нұр үстіне нұр болар еді.Поэзиямен сусындаған әрбір адам мұндай кештен ерекше сезімге бөленбей қайтпайды. Әсіресе ақындардың көңілі толассыз толқып, тағы жаңа өлеңге қалам тартуға, жаңа тақырыптарды ашуға шабыт алады деп ойлаймын. Мұндай жобаның халыққа берері, айтары көп болғандықтан жалғаса берсе екен, жылдан-жылға дамып, көркейіп, көкжиегін кеңейте берсе екен деп тілеймін, – деп тілек білдірді алматылық ақын.
Облыстық «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығының директоры Эльмира Мырза-Ғали да ішкі тебіренісін ерекше жеткізіп, жамбылдық ақын Серік Томановтың өлеңін мәнерлеп оқып берді.
Сонымен қатар кеш барысында түрлі сарындағы өлеңдер оқылып, әуезді әндер шырқалды. Белгілі әншілер – Мадина Сағынбекова, Жандос Омаров, Балауса Бисеновалар ән шырқап, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Ал кештің ең кішкентайы, жас өркені өлеңсүйген жүрекпен ортаға шығып, жұртты аузына қаратқан Нұриман Сембай болды. Ол да өз өнерін ортаға салып, әкесі, ақын Жанғазы Ахметовтың шығармашылығынан нақышына келтіріп өлең оқып берді.
Ерен жобаның ерекше көзге түскен жандарға арнаған сый-сияпаты да жоқ емес. «Отбасы хрестоматиясы» жобасының авторы, шығыстанушы, ағартушы Санжар Керімбайдың «Өзбекәлі мәдени майдан» атты кітабы ерекше өнер көрсеткен қонақтарға сыйға тартылды. Редакцияның тапсырмасымен әрі көрермен ретінде кешке қатысу құрметіне ие болғандықтан барлық талапты орындауға тырысқандығымнан шығар, дәстүрлі «Үздік дресс-код» номинациясын бұл жолы ерекше алқызыл һәм қара түс астасқан киім үлгісін көрсету арқылы өзім иелендім. Орынды марапат марқайтып, көңілді көкте қалықтатқаны рас.
Аталған кештің авторы Арайлы Серікқызы: «AVANGARD»-тың бұл жолғы қонақтарынан, яғни келген қауымнан, оқырмандардан кеш туралы тамаша лебіздер естіп, «масайып» қалғанымды жасырмаймын. Әлі де масая беретінімізге күмәнім жоқ. Бұл «AVANGARD» бұрынғыдан өзгерек. Бар махаббатымызды арнадық. Ақтарылдық. Төгілдік. Сағынып қалыппыз.
Жалпы кеште әрқайсысымыз армансыз өлең оқыдық. Жобамыздың шырайы ашыла түскендей. Өлең үшін жасалған кеште бар құрмет тек өлеңге көрсетілуі тиіс. Аяулы өлеңге деген аңсарымыз бізді осы жобаның айналасына топтастырды. Енді сол үдеден шығуға күш салатын шоғыр қалыптасады деп үміттенемін.
Биыл айрықша қолдау Тараз қалалық жастар ресурстық орталығынан, Исламбек Дастан ағамнан, Эльмира Мырза-Ғали әпке мен Ерғали Рүстемұлынан болды. Өлеңге деген жанашырлықтарыңыз үшін, еркіндігімізге құрметпен қарағандарыңыз үшін шексіз ризамын! Өңірдегі барша БАҚ құралдары да кешіміздің ақпараттық насихатын ерекше ықыласпен жүргізді. Қатты қуандым.
Келер жылғы жобаларға да тамаша ұсыныстар алдық. Амандық болса, оның жемісіне сол уақытта куә боламыз деген сенімдемін. Осылайша әулиеаталық жырсүйер қауым осы кештен рухани ләззат алып, тағылымды кештің куәсі болды деп ойлаймын. Алдағы уақытта «Әулиеатада кім бар?» десеңіздер, «Біз, «Авангардтықтар» бармыз» деп жауап береміз!»– деді.
Жалпы «AVANGARD» – «Avant және garde» деген алғы шептегілер деген мағынаны береді. Негізі бұл атау қалыптасқан қағидалар мен дәстүрден, тіпті шынайы өмір шындығынан да алшақтай отырып, көркемөнер мен әдебиетті жаңғыртпақ болған өнер адамдарын топтастыратын ағым. Олай болса, жастардың қашанда әдебиет пен мәдениеттің алғы шебінде болуына тілектеспіз!
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ