Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жамбылдың жастары жырлайды

Жамбылдың жастары жырлайды
Ашық Дереккөз
Жуырда Жамбыл политехникалық жоғары колледжінде облыстың 85 жылдығына орай «Жамбылдың жастары жырлайды!» атты жас ақындар мүшәйрасы өтті.

Облыстық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткен мүшәйра екі кезеңнен тұрды. Бірінші бөлімде ақындар туған жерге арнаған патриоттық, екінші кезеңде еркін тақырыптағы өлеңдерін оқыды.

– «Жамбылдың жастары жырлайды!» байқауын өткізу арқылы облысымыздың дамуы, өңірімізден шыққан белгілі тұлғалардың өмірін насихаттағымыз келді. Сондай-ақ жас авторлардың ақындық қабілетін арттыру да негізгі мақсатымыз болды, – деді облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Айбек Қадралиев.

Жас ақындардың шеберлігін белгілі ақындар Данияр Әлімқұл мен Арайлы Жақсылық, сондай-ақ облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Айбек Қадралиев бағалады.

Қазылар алқысының шешімімен бас жүлдені жамбылдық Аят Бәтей жеңіп алды. І орынға сарысулық Меруерт Жәутік лайық деп танылды. ІІ орынды тараздық Ғалия Абылай мен Т.Рысқұлов ауданынан келген Нұргерім Нұрлан өзара бөлісті. III орынды байзақтық Арайлым Жұмабек пен Шу ауданының ақыны Серік Спанәлі иеленді.

Жалпы жүлде қоры 500 мың теңгені құрады. Бас жүлде иегеріне 200 мың теңге, бірінші орынға 150 мың теңге, екінші орынға 100 мың теңге, үшінші орынға 50 мың теңгенің сертификаты табысталды.

Мүшәйрада жүлделі орындарға ие болған жас жыр зергерлерінің өлеңдерін оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

ТУҒАН ЖЕР

Уа, Жамбылым, көрсетші биігіңді,

Беріш болған басайын күйігіңді.

Алтын сақам қайтадан иірілді,

Көкейіме көркем жыр үйірілді.

 

Беу, Қаратау, бас мені бауырыңа,

Ақиқаттың алып бар ауылына.

Ұрымтал тұстан барып көз салайын,

Дүрліктірген дәуірдің дауылына.

 

О, туған жер, байландым қазығыңа,

Алып шықшы шындықтың жазығына.

Күндей күлген, көк тіліп күркіреген,

Жерде қалмас шайырдың назы мына.

 

Сырласайық сыр мінез сарынменен,

Бөлісуге бармысың барыңменен.

Толғағым кеп Жамбылдың тау мен тасын,

Арпалыстым жырменен, жалынменен.

 

Қарт Қаратау басыңнан ой көшеді,

Қойның толған қазына той деседі.

Сыр ағады Таластан сылдыраған,

Шабыт қуған шайырың ой кешеді.

 

О, Таразым, көрсетші қазынаңды,

Орындашы бір сәтке базынамды.

Қара тасың сілкінсін, жаным балқып,

Қалдырайын төріңе жазып әнді.

 

Тарих шыңдар, мұнар тау биіксіңдер,

Мақпал сырдан мұз шапан киіпсіңдер.

Тағдырыма тұмар жыр тағып беріп,

Сезіміме қылдайын тиіпсіңдер.

 

О, туған жер, болдың ба қалқан желге,

Сенде қол жай бата жыр алған елге.

Көз жасыңды нөсерлет, селдетіп өт,

Жан бітірсін жаралы болған жерге.

 

Уа, Жамбылым, арман іл қанатыма,

Сардарлардың қосылып санатына.

Айқара аш жазира құшағыңды,

Кәусәр жырдың кірейін жаннатына.

 

Ұлан-асыр той тойлап дала мына,

Қанатты жыр ілінді қаламыма.

Жамбыл жайлы әпсана жазылуда,

Тарих атты тағдырдың парағына.

 

ТӘУЕЛСІЗДІК ТҰҒЫРЫ

Бауыры бүтін, жан-тәні бірге елменен,

Атынан түспей бабалар талай ерлеген,

Білектің күші көк сүңгі найза ұшымен,

Даласын дарқан ел жұртым жауға бермеген.

 

Шиыршық атып қанқұйлы заман жылдары,

Пенделік ойдан, жалғаннан жырақ тұрды әрі.

Жандарын пида, арманын асқақ ту етіп,

Күресіп өтті Алаштың арда ұлдары.

 

Дүрлікті әлем желтоқсан жайлы жыр есіп,

Алаңға шықты ұлменен қызың дүр етіп.

Арманын, арын жоғары ұстап тұрды олар,

Мұраты үшін селт етпей иық тіресіп.

 

Сөгілді сеңі, көңілден кетті талай дақ,

Шешілді түйін көршіге жүрген қарайлап.

Қаншама ғасыр, қаншама жылдар күткен жұрт,

Тәуелсіз елдің ақ таңы атты арайлап.

 

Тау-тасты кезіп табаны тасқа тілініп,

Ала тай сынды қазағым жүрді бүлініп.

Бойларын тіктеп белдерін бекем буды да,

Ел болды еркін етекпен жеңін түрініп.

 

Қара бұлт көшіп түрілді түннің түнегі,

Қуаныш кернеп лүпілдеп жұрттың жүрегі.

Бабадан бата аңсары ата-ананың,

Азаттық алдық қабыл боп арман-тілегі.

 

Байтақ ел барым, Астана алқам тағынған,

Ала тау асқар, Сарыарқа мекен сағынған.

30-ға келді тәуелсіз елдің сарбазы,

Қатайып қанат, биіктеп еңсем, қабырғам.

 

Басайық бірге лаулатып сезім көрікті,

Шаттансын жұртым, ортақ үй, жерім ерікті.

Тәуелсіз елдің торқалы тойы тойлансын,

Қуансын қазақ аспанға атып бөрікті.

Аят БӘТЕЙ

 

КҮЗ

Тағы өтіп бара жатыр сары күз,

Жабырқауға жамылған ед(і) жанымыз.

Қара жердің бетін жапса жапырақ,

Аппақ қарды күтеміз-ау бәріміз.

 

Сары күзде құлазимын жай ғана,

Өткенімді көшелерде ойлана.

Мен барлығын ұмытамын неге екен?

Сары түске боялғанда айнала.

 

Күз реңі сыйлайтындай маған дем,

Осы кезде жүргем сүйген адаммен.

Бойжеткенің жанарындай мөп-мөлдір,

Қайран мезгіл сенде сұлу болар ма ең.

 

Тауқыметін көрмесемде тағдырдың,

Бесігінде тербелемін әр күннің.

Жаңа үзілген жапырақтай сенделем,

Көлшігінде жүзіп жүрген жаңбырдың.

 

Өмір өлең, өмір арман, өмір күз,

Күз өмірдің таба алмаймыз жолын біз.

Қыс қаһарын төккеннен соң қоштасты,

Кеше ғана күтіп алған қоңыр күз.

 

Күзбен тағы құлазиды көңілім,

Сол көңілден әуелейді небір үн.

Кейде жаз боп, кейде қыстай құбылып,

Өтіп жатыр, кетіп жатыр өмірім.

 

Қоңыр күзім аулама кеп түстеніп,

Кеткеніңе тұрмын іштей тістеніп.

Сырлас, мұңдас көңілімізді тағы да,

Екі айырып бара жатыр қыс келіп.

Меруерт ЖӘУТІК

 

ЖАЙНАҒАН ЖАМБЫЛЫМ!

Байрақты батырлардың садағында,

Томға толы тарихтың тарамында.

Қасиетті Жамбылым –

Ақындардың аяулы қаламында!

 

Рухы да бар ғарыштан келген,

Батыр ұлдары алысқан белден.

Тарих толқыны түгел сайраса,

Қарудан емес, намыстан өлген.

 

Бедерінде махаббат дастаны,

Ерлікті сүйген, қоя сап басқаны.

Қараханның қамалындай алып,

Дәуір деміндегі сезім асқағы.

 

Тарпаң тектілікпен сайраған дала,

Тасыса да төкпейді нала.

Жұлдызы жарық Жамбылым маған,

Тірі тарихтай болмысы дара!

 

Жамбылым нұрлы, жұлдыздан жарық,

Төсіне сыйғызған әртүрлі алып.

Кісінеп тұрар келбетінде өлең,

Дүниеде ғаріп...

 

ОТАН ЖАЙЛЫ ТОЛҒАУ

Отан, Отан, ерек сенің келбетің,

Құлпыртқан да тек өзіңсің жер бетін.

Өзің барда мен еркінмін, алаңсыз,

Қорғағандай Отан-ана перзентін!

 

Іздемеймін жер бетінен жұмақты,

Сұрамаймын қол жетпейтін мұратты.

Мен үшін тек жер жаннаты өзіңсің,

Ең әдемі, ең арайлы, шуақты.

 

Құшағыңда жатыр тарих таңбасы,

Тілім-тілім ғасырлардың арнасы.

Безбүйректер қашырғанда құтыңды,

Сіңіп қалған талай жанның көз жасы.

 

Сонда да мен шуағыңнан нәр алдым,

Жылулықты құшағыңнан ала алдым.

Отан-ана, өзіңдегі өрлікті

Бере алмайды, бар байлығы ғаламның.

 

Өртке оранып, суға батсаң алаңмын,

Құшағыңнан мендей бақыт табар кім?

Отан-Ана, кешір тағы шалт кетсем,

Шалағайлау болған ісін балаңның.

 

Отан, сенсіз жетімекпіз, жетімбіз,

Сенсіз жерде баса алмаймыз кесімді із.

Думан-шаттық асып-тасып далаңда,

Жұртта қалған қамкөңілдің көшін бұз!

 

Қайран Отан, қабыл болған дұғамсың,

Төсімдегі Тәңір сүйген тұмарсың.

Төскейіңді еміп өскен балаң да,

Төңірекке тік қарауға құмар шын.

 

Есіл Отан, ескегіңмін қаласаң,

Қолпаштасаң құзар шыңнан әрі асам.

Құт далаңды жұт жайласа қайтейін,

Қолтығыңнан демейді ел құласаң.

 

Құтты Отаным, жазған іске егілме,

Құшағыңда ұлың, қызың, ерің де.

Сені сүю, саған пірдей тәу ету,

Қасиетті хақ борышым менің де!

Ғалия АБЫЛАЙ

 

КИЕ МЕНЕН ҚҰТ ДАРЫҒАН ЖАМБЫЛЫМ!

Ашық аспан мен саф таза ауаң – жыр далам,

Қарс(ы) алды мені

Бұлақтар ән сап жылғадан.

Өзіңде туып-өскенмін енді, уа, жұртым!

Бауырыңда тұрып, сырын ақтарар бұл балаң.

 

Алматы менен Түркістанымның арасы,

Бетпақдала мен Тәңір тауымның даласы.

Қаратау менен Шуымның бойын жайлаған,

Биік таулары, абат бағына қарашы.

 

Аңыз тұлғалар Төле би даңқты жан бабам,

Қарахандардан гүлденіп келген паң далам,

Айша бибім де Тәж Махалындай көненің,

Қантамырымды Талас пен Шуым жалғаған.

 

Ордасы сен ең Әулиеден қалған жайлаудың,

Бастауы өзің тектілік дейтін қайнардың,

Батыр Бауыржан, Қайраттар шыққан өзіңнен,

Қасиет дарыған топырағыңнан айналдым.

 

Тарихың терең, бүгін де ғажап қарқының,

Көңілі көктем, жаны да жайсаң халқының.

Қойнауың толған қазына-байлық тасыған,

Әлемге әйгі фосфор мен цемент, алтының.

 

Абсенттей жүйрік сәйгүліктердің айбарын,

Батырларыңның намысын әркез қайрадың.

Елдостай ұлың биіктетті ғой Парижде,

Қазақтың ұлы ұраны менен байрағын.

 

«Мұң тарқатарым!»

Өзіңнен келем дәметіп,

Шыбықтарыңнан бүгінде шықты мәуе түп.

Тектұрмас, Меркі, Ақыртасыңа сыр бүккен,

Туристерің де ағылар саған тәу етіп.

 

Әрбір тасыңда шежіре жатыр дәл бүгін,

Сәйгүлігіңмін!

Қалдырар жолда даңғылын.

85 жылың

құтты болсын деп жырладым,

Қасиет пенен кие-құт қонған Жамбылым!

Нұргерім НҰРЛАН

 

ҒАСЫР КУӘГЕРІ

Тұрағына айналған бақ-ырыстың,

Келмейді сөздерімнен жаңылысқым.

Тербетіп жүрегімнен жыр арнайын,

Сексен бес жылдығында облыстың.

 

Келмейді сөздерімнен жаңылысқым,

Осы бір сайысыңа алып-ұштым.

Талай жандар оралып, қайта келген,

Мекені өзің едің сағыныштың.

 

Осында жанашыр жан тұрады елі,

Жақсы менен жайсаңның мұрагері.

Тереңге көз салғанда өзің едің,

Жылдар менен ғасырлар куәгері.

 

Облыс білімдіге шырақ еді,

Ешқашан таусылмайтын жыр әлемі.

Өле-өлгенше жүректен жырға қосқан,

Ақындар мен батырлар тұрағы еді.

 

Дәл бүгін жандырғанда жыр алауын,

Өзің деп айтылады құмар әнім.

Жастарға қолдау беріп қолдайтұғын,

Мен сенде туғаныма қуанамын!

 

Өзің деп әр сайыста бақ табамын,

Болашақта адал іс атқарамын.

Келешекке сеніммен қарайтұғын,

Жамбылдай облысыммен мақтанамын!

 

Өлеңмен жете берем әлі шыңға,

Жырмен тербеп ақындар қағысуда.

Жамбыл деп еміренген осы өлкеде,

Жастардың тағдырлары тоғысуда.

АТА-АНАҒА ҚҰРМЕТ

 

Өмір кейде құралып сынақтардан,

Кездеріңде түңіліп жылап қалған.

Қамқоршым боп сол кезде жанымызда,

Асыл анам жарқырап шырақ болған.

 

Біздерге аямайтын ақылын көп,

Жақсыны еркелетер батырым деп.

Екеуін бөліп-жармай жүруші едім,

Әкем менің қорғаным, шатырым деп.

 

Қызың етіп жаратты шебер Аллам,

Ойы да, парасаты терең болған.

Үлгі тұтып жүретін әрқашанда,

Асыл анам – мен үшін кемел адам.

 

Жылынып анамыздың жылуына,

Қондырған бауырларын тұғырына.

Жақсылығын әлі күнге ұмытпаймын,

Біздердей бүлдіршін мен құлынына.

 

Көрсетіп бауыр болып зеректігін,

Сіздер жайлы айтамыз деректі мың.

Қазақтай елден үлгі алу керек,

Ата-ананы қалай сыйлау керектігін.

 

Қалай ел ата-анасын үлгі етпейді,

Құрметің болашақта құр кетпейді.

Ата-анаңды қадірлеп жүре берсең,

Ұл-қызың болашақта құрметтейді.

 

Айналған ұл-қызының қорғанына,

Салып жүрген ақындық жолға мына.

Қайда жүрсем қуанып айтып жүрем,

Сіздерге асыл перзент болғаныма.

Арайлым ЖҰМАБЕК

 

ЖАМБЫЛЫМ – ТАРИХЫМА АСТАНАСЫҢ

 

Сөз үшін ұрылса да тасқа басым,

Анық қой өлең сені тастамасым.

Тау ғана емес, тау тұлға атын алған

Жамбылым – тарихыма астанасың.

 

Кей кезде қиялымның күйін бағам,

Түндерін-ай ұйқымды жиі ұрлаған.

Мөлдір көздің қарасын сенен тауып,

Таразым – жұмбақ сырлы сыйың маған.

 

Мойынқұмның сазармас паң даласын,

Қордайдың ер көресің әр баласын.

Алып-ұшқан көңілдей жарылыстан,

Сағыныштан Байзаққа сан барасың.

Әр барғанда таңырқап, таңғаласың.

 

Ерке Шудың жайғасқан жағасына,

Шудайын шуақты өңір табасың ба?

Саялы өлке Сарысу деп жатады,

Таластың жайғасқан соң сағасына.

 

Генералдың тудырған талай шебін,

Шерағамнан қалған бір бар-ау шерің.

Жұмақ мекен Жуалы – өр өңірім,

Баукеңнің батырлығын балаушы едім.

 

Олимп шыңын еңсерер ұл жасаған,

Республика бас иер Құлан саған.

Жамбылым бар Аса өзен бойындағы,

Баласы ақын танып, жыр аңсаған.

 

Ел тілегін берсе деп, ер тілегін,

Мерейіңді шанақта шертіп едім.

Адам түгіл, тауына бұлт сүйеніп,

Жаңбыр нұрын төгетін Меркім менің.

 

Ұлы Жібек жолында ұлылардың,

Ұрпағы бар бірі ақын, бірі ғалым.

Бұл күнде Жамбыл атын алғанына,

85 жыл толыпты зымырап күн.

 

Түйсіндім топырағыңда ғұмыр мәнін,

Орнаттың Қаратаудай тұғыр заңын.

Сен мәңгі тұр, Жамбылым, сені сүйіп,

Бір күні құшағыңа тығыламын.

 

БІР ЖАНДЫ КӨРДІМ...

Бір жанды көрдім,

Әуретін көзге сатпаған,

Талабы биік, хадисті сүйіп жаттаған.

Мұсылмандықтың кітабын баппен парақтап,

Құр қалмай сыйдан, жүрекке иман сақтаған.

 

Бір жанды көрдім,

Бойы алшақ харамнан.

Ақ сүтін еміп, қара су ішкен адалдан.

Ақиқаттан алыс кетіп адаспай,

Сөздері мәрмәр, көздері нұрдан жаралған.

 

Бір жанды көрдім,

Қоғамнан бөлек талғамы,

Қандай болмақ мұндай жанның жан жары?!

Болашағына махаббатпенен жол ашып,

Адасқан емес, ғажаптан тұнған арманы.

 

Бір жанды көрдім,

Сіңірген бойға нәрлі өлең,

Сыңғырлы күлкі тұла бойын сәндеген.

Бояуменен былғамас бетін күн сайын,

Жанарына Жаратқан өзі әр берген.

 

Бір жанды көрдім,

Шыққандай гүлдің қауызынан,

Тәлімді сөзі тұнық шыққан аузынан.

Бәйшешектей ызғарға әсте дес бермес,

Ұмтылып алға, кешікпей келген наурыздан.

 

Сол жанды көріп,

(Өзімді-өзім жөндермін.)

Сездім де қойдым жүрекке қауіп төнгенін.

Көздерім көріп тұрғаныменен ол жанды,

Ғашық болуға өзімді лайық көрмедім.

Серік СПАНӘЛІ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Қамқалы
Алдыңғы мақала
Қамқалы

Ұқсас жаңалықтар