Өкінішке қарай, соңғы кездері солардың қатарынан қазақтың қарадомалақ балаларын да көріп қалып жүрміз. Бірақ қайыр-садақа сұрайтындар бұрыннан бары белгілі. Шындығында, олар мүлдем жұмысқа жарамсыз мүгедектігі және денсаулығының немесе ақыл-есінің кемістігі барлар болатын. Ондай жандар арнайы белгіленген жерде алдарына ыдыстарын қойып отыратын. Сонда қастарынан өткен адамдар көңіл қалауларымен беріп кететін. Ал жүруге жарайтындары ел көп жерді аралап жүріп сұрайтын. Сұраса да, Құранды білсін-білмесін кез келген жерге отыра кетіп оқымайтын. Оның үстіне ол кезде себепсіз әрі орынсыз жерлерде Құран оқуға тыйым салынып қана қоймай, жоғары жақтан да, діни басқармалар тарапынан да бақылау бар еді. Ал қазір ше? «Әй» дейтін әженің, «қой» дейтін қожаның» жоқтығынан ба, әйтеуір, Құранды ұранға айналдырып, яғни Құранды алға тартып, садақа сұрайтындар көбеюде. Және Құраннан бөлек, қазір жандарын қинап, ауыр жұмыс істегілері келмегеннен садақамен-ақ ақша табуды кәсіпке айналдырып жүргендердің саны артып барады. Жасыратыны жоқ, сондайлардың ішінен жұмыстың жоқтығын сылтау етіп жүрген дендері сау, қол-аяғы балғадай қазақтың жігіттерін көргенде өзге ұлттардың да, өз ұлтымыздың да алдында олар емес, мен намыстанып кетемін. Ондайларды өздеріңіз де көріп жүрген шығарсыздар.
Сөз басында айтылған мәселенің мәнісін білмек мақсатпен облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің найб имамы Нұрлан Мұратұлы мен Жамбыл ауданы, Қызылдихан ауылындағы «Махат ата» мешітінің имамы Ескендір Чәлиевке арнайы барып сұраған едім. Ол кісілер маған мұсылман жолы бойынша жан-жақты түсіндіре келе: «Түрлі қоғамдық көліктерде болсын, өзге де қоғамдық орындарда болсын Құранды себепсіз оқи беруге болмайды. Құран – Алланың сөзі. Сондықтан ол кез келген жерде айта салатын ән немесе шабыты келсе қалаған уақытта оқи беретін өлең емес. Тіпті Әнұранның өзі кез келген жерде айтылмайды. Ресми түрде екі ақ жағдайда айтылатынын бәрі біледі деп ойлаймыз. Олардың алдымен Құранды оқып, содан соң садақа сұрайтын себептері: «Құраннан соң адамдар тартынбай садақаларын беретін шығар» деген ой. Неге болсын немқұрайды қарауға болмайды. Әрнәрсенің жөні де, жолы да бар. Біз ондайларға бірнеше рет айтып, ескерткенбіз. Бірақ шариғаттың шарттарына қарсы келетін сол секілді теріс тірліктерді күнделікті қадағалап отыруға біздің мүмкіндігіміз жоқ. Ондайлармен полиция департаменті немесе әкімдіктегі арнайы бөлімдердің айналысқаны дұрыс болар еді. Ондайларды көргенде көпшілік те айтып жүретін болса, еш артық болмайды», – деді Нұрлан Мұратұлы.
Сол сәтте менің «Сыған халқы өзге діннің өкілдері ғой. Оларға Құран оқуға бола ма?» деген сұрағыма «Құранды тек мұсылмандар ғана оқысын деген заң жоқ. Құранды қай діннің адамдары болса да оқуларына болады. Бірақ орнымен оқыған абзал» деп жауап берді.
Мен Құранға құрметпен қарамай, құнын төмендетіп, саудаға салып жүргендерді көрген соң келешекте өзгелер де мұндай іс-әрекетке бармаса екен деген ізгі ойымды жеткізбек ниетпен қолыма қалам алдым.
Ал сіздердің бұған қандай алып-қосарларыңыз бар, құрметті оқырман?
Бақытжан ӘЛІҚҰЛОВ,
ақын-журналист