«Кәсіптік білім беру саласына реформа жасау – айрықша өзекті мәселе. Бұл – экономиканың өсімін қамтамасыз ету және инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін аса қажет қадам. Мен 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялаймын. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Сондай-ақ біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз.
Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді.
Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді», – деді Президент «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында.
Жасырып қайтейік, қазіргі қоғамда механизаторлар мен комбайншылардың, шопандардың, жалпы ел ырысын еселеп жүрген еңбек адамдарының көп жағдайда есімдері елеусіз қалып жатады. Содан кейін де шығар, жұмысшы мамандықтарына жастар көп қызыға бермейді.
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, жұмысшы мамандықтарына қызығушылықтың төмендігіне ең басты себеп – жалақының аздығы.
– Салыстырмалы түрде айтсақ, біз бұған дейін мұғалімдердің жалақысы төмен болғанын білеміз. Соның салдарынан бұл мамандыққа көбінесе ұлттық бірыңғай тестілеуде шекті балды әрең жинаған, яғни үлгерімі төмендеу түлектер келетін. Ал олардан қандай ұстаз шығады? Кейін біз салада түбегейлі реформа жүргізіп, олардың жалақысын бірнеше есеге өсіріп, қажетсіз жұмыстардан арылтқанда жағдай мүлдем өзгерді. Бүгінгі таңда мұғалім мамандығына түсіп жатқан талапкерлердің орташа жинайтын балы 100-ден асып жығылады. Сондықтан кез келген мамандықтың жастар тарапынан қызығушылық тудыруы үшін, ең алдымен, оның жалақысын көтеру керек. Биыл жазда өңірлерде болғанымызда елімізде дәнекерлеуші, кран машинисі, су жолы қызметкері, слесарь секілді қажет мамандардың жетіспейтінін көрдік. Себебі сол – жалақысы аз. Сондықтан ол мамандықтарға ешкім барғысы келмейді. Қазір Парламент тарапынан қабылданған нормативтік-құқықтық база бұл бағытта жұмыс істеу үшін жеткілікті. Заңдар бар, енді атқарушы органдар біз айтып отырған жалақы мәселесін көтеру жағымен шұғылдануы керек, –дейді Асхат Қанатұлы.
Жұмысшы мамандықтарға қатысты ортамерзімді болжамға сәйкес 2030 жылға қарай кадрларға қажеттілік 410,6 мың адамды құрауы мүмкін. Олардың ішінде көлік, жүк көлігінің жүргізушілері, такси жүргізушілеріне сұраныс 88,1 мың адамға жетуі ықтимал. Сол секілді дәнекерлеушілерге сұраныс – 18 мың адамға, монтаж құрылысшы, құрылысшы-әрлеуші мен суретшілер – 13,4 мың адамға, сантехниктер – 13,2 мың адамға, фермерлер мен аралас өнімдерді өндіруші жұмысшылар – 12,4 мың адамға, сылақшылар – 11,2 мың адамға, тракторшылар – 11 мың адамға, құрылысшы-монтажшылар, соған байланысты жұмысшылар – 9,2 мың адамға, өнеркәсіптік жабдықтардың слесарьлары – 8,2 мың адамға, басқа да жұмысшы мамандарға сұраныс артуы мүмкін екен.
Осы сұранысты өтеу, жұмысшы мамандарды ынталандыру, еңбегін насихаттау бағытында елімізде аз жұмыс атқарылып жатқан жоқ. Облысымызда да жұмысшы мамандық иелерін даярлауға жіті көңіл бөлінуде. Мәселен, Жамбыл политехникалық жоғары колледжінде бүгінгі таңда 33 мамандық бойынша жалпы 2 446 студент, оның ішінде 1 071-і жұмысшы мамандықтарда оқиды. Студенттер шәкіртақы, ыстық тамақ, сондай-ақ жатақханамен қамтамасыз етілген.
– Оқу орнында жұмысшы мамандықтары бойынша құзыреттілік орталықтары құрылған. Студенттеріміз «Жеңіл автокөлікке техникалық қызмет көрсету және жөндеу», «Кірпіш қалау», «Токарь ісі», «Ақпараттық кабельдік желілер», «Визуалды мерчандайзинг», «Мехатроника», «Дәнекерлеу технологиясы», «Сантехника және жылыту» және тағы да басқа мамандықтар бойынша білім алуда. Колледжде студенттердің сапалы білім алуы үшін барлық жағдай жасалған. Заманауи шеберханалар мен соңғы үлгідегі жабдықтармен жабдықталған оқу кабинеттері бар. Студенттер өз мамандықтары бойынша республикалық, облыстық байқауларға қатысып, жүлделі орындардан көрінуде. Мәселен, жуырда Астана қаласында өткен IX республикалық «WorldSkills Kazakhstan – 2024» чемпионатында 11 мамандық бойынша 13 студентіміз бақ сынады. Нәтижесінде 1 студентіміз алтын жүлде алып, 5 студент медальон иегері атанды. Ерасыл Үсенов есімді студентіміз «Ақпараттық кабельдік желілер» құзыреттілігі бойынша жеңімпаз болса, «Мехатроника» құзыреттілігі бойынша Даниил Емельяно, Антон Авилкин, «Мобильді робототехника» құзыреттілігі бойынша Богдан Иманкулов, Даниил Стовбыра, «Жеңіл автомобильдерді жөндеу және техникалық қызмет көрсету» құзыреттілігі бойынша Дінахмет Керімжан медальонның иегері атанды. Жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру мақсатында осындай түрлі байқаулардың, іс-шаралардың көптеп ұйымдастырылып жатқаны қуантады, – дейді Жамбыл политехникалық жоғары колледжі директорының орынбасары Балдырған Мұраханұлы.
Осы орайда жұмысшы мамандық иелерінің де пікіріне құлақ түргенді жөн көрдік. Тараз қаласының тұрғыны Мадияр Әлімқұлов Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін «Есептеуіш техника және программалық қамтамасыздандыру» мамандығы бойынша бітіріп, бүгінде үлкен өндіріс орнында жемісті еңбек етуде.
– Дипломымды алғаннан кейін «Coca Соla Almaty bottlers» компаниясының Тараз қаласындағы филиалында сауда өкілі болып 4 жыл жұмыс істедім. Бүгінде «КазФерроСталь» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің зауытында еңбек етіп жатырмын. Өндіріс орны темір балқытумен айналысады. Әрине, жұмысымыз өте қиын. Техникалық қауіпсіздік ережелері сақталмаған жағдайда арты келеңсіз оқиғаларға ұласуы мүмкін. Сондықтан да шығар, жастар көп келе бермейді. Әріптестерімнің көбі үлкен кісілер. Әйтпесе мұнда жұмысшыларға барлық жағдай жасалған. Айлығымыз жоғары. Ешқандай шағымымыз жоқ. Одан кейін қазіргі жастар ауыр жұмыстарды істегісі келмейді. Көбі оңай табыс тапқанды қалайды. Әсіресе әлеуметтік желі жастардың санасын улап бітірді. Сондықтан жастарымыздың арасында жұмысшы мамандықтардың мәртебесін көтеруге мән берілуі тиіс деп ойлаймын. Жарқын болашаққа әлеуметтік желімен емес, жұмысшы мамандықтарды меңгеру арқылы жетуге болатынын әрбір жас түсінуі тиіс. Ертеңгі күні талай адамның табыс табуына мүмкіндік беріп отырған әлеуметтік желілерді елімізде қолдануға тыйым салды делік, сонда не болады? Сондықтан тек бүгінді ойламай, болашақтың қамын жасау керек, – дейді Тараз қаласының тұрғыны Мадияр Әлімқұлов.
Трактор тізгіндеген Сағи Қуаныш та адал еңбегінің арқасында бүгінде отбасының асыраушысы болып отыр.
– Тракторды 18 жасымнан бастап жүргізіп келемін. Әрине, өзіммен құрдас өзге де жастар жұмысыма кері көзқараспен қарағанымен мен үшін бұл жұмыс тек табыс көзі емес, құлшынып жасайтын сүйікті хоббиім десем де артық емес. Трактор айдау физикалық күш пен шыдамдылықты қажет етеді. Біз секілді еңбек адамдары ауылшаруашылығының негізін қалаушылар, ауыл өмірінің еңбекқор тұлғалары десем, еш артық айтқаным емес. Жасым 25-те болғанымен бұл жұмыспен айналысып жүргеніме ұялмаймын, еш өкінбеймін, – дейді Шу ауданының тумасы Сағи Қуаныш.
Ал экономист Сапарбай Жобаевтың айтуынша, әрбір азамат өзінің оң жамбасына келетін жұмыспен айналысса, сапалы мамандардың қатары толыға түседі.
– Әрбір ата-ана менің балам жоғары білім алса деп үміттенеді. Шын мәнінде жоғары білім алғысы келген бала жоғары балл жинап, грантпен тегін оқуға барынша ұмтылады. Үлгерімі төмен баланы сүйрей беру бос әурешілік. Әр азаматтың әлеуеті әртүрлі. Бірінің білімі жоғары болса, екіншісі шаруаға епті, ширақ болуы мүмкін. Оның істегенін әлгі жоғары білім алған маман қанша тыраштанса да істей алмайды. Кәсіптік білім алған маман өз ісіне бар ықыласымен кіріссе, жоғары білімі бар маманды әлеуметтік жағдайы, табысы, іскерлігі жағынан жолда қалдырады. «Шымшық сойса да қасапшы сойсын» деген. Ауылшаруашылығымен, малмен айналысу оңай шаруа емес. Жастарды кәсіби мамандықтарға баулуға жол ашсақ, еш ұтылмаймыз, – дейді С.Жобаев.
Қорыта айтқанда, мемлекетіміздің қозғаушы күші жастар екені белгілі. Сол себепті жұмысшы мамандықтарына жастарды тарту – еліміздің еңбек нарығын дамытудың маңызды бағыты.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ