Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Кедергісіз орта қалыптастыруға не кедергі?

Кедергісіз орта қалыптастыруға не кедергі?
Ашық Дереккөз
Кеше «AMANAT» партиясының облыстық филиалы ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында депутаттардың, жергілікті атқарушы орган өкілдерінің қатысуымен мемлекеттік емес ұйымдарға зерделеу жұмыстарын жүргізді. Еске сала кетсек, облыс бойынша 45 682 ерекше қажеттіліктері бар адам тіркелген.

«Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында ұйымдастырылған іс шара барысында комиссия мүшелері БАҚ өкілдерімен бірге «Firkan», «Дәмді себет» дүкендер желісін, «Садыхан» дәріханасын және «ForteBank», «Kaspi Bank» ғимараттарын аралады.

Зерделеу жұмыстарынан байқағанымыз, сауда орындарында мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін жасалған жағдай көңіл көншітпейді. Себебі инватакси қызметін ұсынатын көлік құралдарына арналған арнайы тұрақ, тіпті пандус та қарастырылмаған. Кіреберістері де, әжетханалары да ерекше қажеттілігі бар жандардың жүріп-тұруына бейімделмеген. Дүкендердің ішіндегі кассаларда, сөрелердің маңында арнайы белгілер жоқ.

– Мәселен, «Алатау» ықшамауданындағы «Firkan», «Дәмді себет» дүкендер желісінде зағиптардың кіріп-шығуы үшін жағдай жасалмаған. Жағдайды түсіндірейік, кеңес берейік десек, көбінесе жеке кәсіпкерлер атүсті қарайды. Себебі ғимаратты жалға алып жұмыс істеп отырғанын алға тартады. Аталған ықшамаудандағы «Sulpak» дүкендер желісіне де арнайы ат басын бұрдық. Мұнда да сол мәселе. Ерекше қажеттіліктері бар азаматтар тұрмақ, он екі мүшесі сау адамның кіріп-шығуы қиын. Себебі баспалдағы өте ыңғайсыз екен. Бір жақсысы, «Дәмді себет» пен «Sulpak» дүкендер желісінің басшылығы ұсыныстарымызды мұқият тыңдап, тиісті жұмыстарды қолға алатындарын жеткізді. Ал «Firkan» дүкендер желісінің жауапты мамандары бізді тыңдамақ түгіл, ішке кіруімізге қарсы болды, – дейді облыстық мәслихаттың депутаты әрі «Шебер шаңырақ» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің төрайымы Анар Бексұлтанова.

«Алатау» ықшамауданында орналасқан «Bereke Bank»-тің ғана пандустары, шақыру белгісі, касса алдында арнайы орын, тіпті мүгедектігі бар жандарға арналған әжетханасы да қарастырылған болып шықты. Ал үлкен сауда орталықтарының көбінде пандус, көлік тұрағы мәселелері шешілмеген. Осы ретте комиссия мүшелері тарапынан сауда орталықтарының басшыларына түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

Эльмира БАЙНАЗАРОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар