Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Арман Тоқановтың айтуынша, аймақта су тасқыны қаупі бар 42 елді мекенде 197 мыңнан астам тұрғын тұрады. Сондықтан да қауіпті аймақтарды тілсіз жаудан қорғау үшін жүйелі шаралар қабылдау – басты міндет. Бұл бағытта жұмыстар «Су тасқыны кезеңіне дайындық» және «Инженерлік іс-шаралар жоспарлары» аясында жүзеге асырылуда. Аталған жоспарларға ірі суқоймалардың толымдылығын қадағалау, гидротехникалық құрылғыларды пайдалану ережелерін сақтау, сондай-ақ каналдар мен арық желілерін тазарту жұмыстары кіреді екен. Жоспарлы жұмыстардың жүзеге асырылуын егжей-тегжейлі баяндаған А.Тоқанов облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек бастаған жұмыс тобының Қырғыз Республикасының Талас облысында айырқалпақты ағайындармен өткен кездесуінің нәтижесін сөз етті. Сол кезде Қырғыз тарапына «Шоң-Қақпа» суқоймасындағы резервтік көлем болуын қамтамасыз ету мақсатында болжамды жұмыс кестесі ұсынылыпты. Сондай-ақ жедел ақпарат алмасу мақсатында тікелей байланыс орнату мәселесі де қаралған екен.
– 2025 жылғы су тасқыны кезеңінің қауіпсіз өтуін қамтамасыз ету мақсатында инженерлік іс-шаралар жоспары аясында тау бөктеріндегі аудандарда орналасқан елді мекендерді көлбеу және беткейлік ағындардан қорғауға арналған 27 шақырым канал мен арық дренаж жүйелерін кеңейту, тереңдету жұмыстары және Т.Рысқұлов ауданының облыстық мәні бар жолдары бойындағы 12 көпірге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жоспарға жалпы 36 іс-шара енгізіліп, қазіргі таңда оның 11-і орындалды. 23 іс-шара бойынша жұмыс жүргізілуде. Ал қалған 2 іс-шараның орындау мерзімі 2025 жылдың қараша айына белгіленген. Қазіргі уақытта Сарыкемер ауылындағы Куприенко, Желтоқсан, Б.Момышұлы көшесі мен Бәйдібек баба бұрылысы маңындағы Талас өзені жағалауын нығайту қажет. Жамбыл ауданының Жасөркен ауылында орналасқан «Ақжар» каналына механикалық тазалау және жөндеу жұмыстарын жүргізу керек. Одан бөлек осы жылдың қыркүйек айында аудандардың су тасқыны кезеңіне дайындығы және гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіз пайдаланылуы бойынша тексеру жүргізілген еді. Нәтижесінде кейбір ауданда су тасқыны кезеңіне дайындық іс шараларының уақытылы орындалмағаны анықталды. Мәселен, Тараз қаласы, Жамбыл, Жуалы және Қордай аудандарында канал, арық желілерін тазарту жұмыстары толық орындалмаған. 18 елді мекенге ықтимал қауіп төндіретін 12 гитротехникалық құрылғы әлі күнге дейін жергілікті құлақтандыру жүйесімен (қауіп төнгенде белгі беретін құрылғы) қамтамасыз етілмегендігі анықталды. Жүргізілген тексеріс нәтижелері төтенше жағдайлар жөніндегі комиссия отырысында қаралып, мүдделі органдарға қажетті қауіпсіздік шараларымен қамтамасыз ету жөнінде тиісті тапсырмалар берілді. Табиғи сипаттағы төтенше жағдайларды уақытылы жою мақсатында облыс бойынша 6 900 тонна инертті материал, 16 140 тонна жанар-жағармай және 31 200 қап дайындалды. Сондай-ақ 396 зардап шеккен халықты қабылдау пункті, 32 шатыр, 890 төсек-орын, 460 кереует дайындалып, тамақтандыру бойынша 58 келісімшарт жасалды. Су тасқыны кезеңіне жедел ден қою мақсатында облыс аумағында төтенше жағдайларды жою үшін 1 138 адам, 781 бірлік техника, 112 су айдау құралы, 2 ескекті қайық секілді күштер мен құралдар дайындықта тұр. Десе де алдағы су тасқыны кезеңін апатсыз өткізу, күзгі және қысқы кезеңдегі төтенше жағдайлардың қаупін азайту мен алдын алу мақсатында бірқатар іс-шара жүзеге асырылуы тиіс. Мәселен, инженерлік іс-шаралар жоспарындағы жұмыстардың сапалы және уақытылы орындалуына, суқоймалардың толуын және сыйымдылығын ескере отырып, апатты жағдайға жеткізбеуге, суқоймаларынан өзендерге судың тасталу мөлшеріне бақылауды күшейтуге, арық каналдардың тазартылуына баса назар аударылуы керек, – деген Арман Құмарұлы облыс әкімінен осы секілді бірқатар іс-шараның жүзеге асырылуына ықпал етуді сұрады.
Бұдан кейін «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны облыстық филиалының директоры Қайрат Аманов баяндама жасады. Аталған кәсіпорын теңгерімінде барлығы 20 сушаруашылығы нысаны болса, оның жетеуі суқойма, екеуі бөгет, 11-і су торабы екен. Бүгінде 7 суқойманың төртеуінің жағдайы қанағаттанарлық деңгейде болса, «Бүркітті», «Жартас» және «Ынталы» суқоймаларына жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет көрінеді. «Бүркітті» және «Жартас» суқоймаларына жөндеу жұмысын Ислам даму банкінің қаржысы есебінен іске асыру үшін оларды 2-кезеңдегі нысандар тізбесіне енгізу жұмыстары атқарылып жатыр екен.
– Осы жылы филиал теңгеріміндегі 7 нысанға көпфакторлы зерделеу жұмыстарына 193,8 миллион теңге бөлініп, мердігерлер анықталып, жұмыстар жүргізілуде. Зерделеу жұмыстары жоспарға сәйкес 10 желтоқсанда аяқталады. Бүгінгі күнге барлық суайдындардың толуы 50 пайызды құрап отыр. «Тасөткел» суқоймасындағы су көлемі 73 пайыздан асуына байланысты транзиттік режимге көшірілді. Басқа суқоймалардың көлемдері 70 пайыздан асқан жағдайда транзиттік режимге өтеді. Талас өзені арқылы секундына 100 150 текше метр су тасталған жағдайда елді мекендерді су басудан сақтауымыз қажет. Ол үшін «Талас» су торабынан бастау алатын «Сол жағалау айналма» каналы арқылы бассейнаралық «Талас Аса» каналымен секундына 8 текше метр су көлемін Аса өзеніне жібереміз. Талас ауданы «Жиембет» су торабынан төмен орналасқан бассейнаралық «Бөрібай» каналы арқылы секундына 3 текше метр су көлемін Аса өзеніне тастау жұмыстары да атқарылатын болады. «Тасөткел» суқоймасындағы судың көлемі 73 пайызға жетуіне байланысты транзиттік режимде Шу өзені арнасымен секундына 110 текше метр су тасталуда. Жауын-шашын мөлшері көбейген жағдайда суқойманың көлемін тұрақтандыру мақсатында өзен арқылы тасталатын судың көлемі секундына 140 текше метрге дейін ұлғаюы күтілуде. Сондықтан Шу ауданының және Мойынқұм ауданының елді мекендеріне қауіп төнуі мүмкін. Шу өзеніне көп су келген жағдайда Шу ауданында орналасқан «ТМК» арнасы секундына 5 текше метр және «ЛМК» арнасы да осынша көлемде су қабылдай алады. Алайда қабылданған ағын су шаруалармен келісіліп, егіс алқаптарына жеткізілуі қажет, – деді Қайрат Тілеубайұлы.
Өз кезегінде облыс әкімі су тасқынының алдын алу бойынша бекітілген мерзімде орындалмаған іс-шаралар бойынша Тараз қаласы мен тиісті аудан әкімдерінен жауап алды. Байзақ ауданы әкімінің міндетін атқарушы Болат Сағынбековтің айтуынша, Сарыкемер ауылындағы жоғарыда аталған көшелер маңындағы Талас өзенінің жағалауын нығайту бойынша аудандық бюджеттен 3 миллион теңге бөлініпті. Қазіргі таңда бұл шаруа жобалық-сметалық құжаттар дайындау үшін аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөліміне тапсырылған. Алдағы жылдың қаңтар-ақпан айлары аралығында аталған өзен жағалауы нығайтылмақ. Жамбыл ауданы, Жасөркен ауылында орналасқан «Ажар» каналына механикалық тазалау жұмыстарын жүргізуге «Қазсушар» мекемесі жақын арада кіріскелі отыр.
– Бүгінгі таңда қала аумағында 82,5 шақырымдық 8 ирригациялық және 12,2 шақырымды құрайтын екі дренажды канал бар. Осы жылы бюджеттен тиісті қаражат бөлініп, аталған каналдарға механикалық тазалау жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта оның бірқатары бойынша жұмыстар аяқталды. «Қарасу – 1», «Қарасу – 2» каналында тазарту жұмыстары әлі де жалғасуда, осы айдың соңында жұмыс толықтай еңсеріледі. Негізінде баяндамада атап көрсеткен кемшіліктер бүгінде толығымен жойылды. Одан бөлек қаланың ирригациялық жүйесін қалпына келтіру бойынша жоспарланған жұмыстар өз деңгейінде жүргізіліп жатыр, – деді Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков.
Жиында осы тектес Мойынқұм, Шу, Сарысу аудандарында атқарылған жұмыстар жайы екшелді. Облыс әкімі су жүйелерінде қазіргі кезде судың деңгейі төмен болатынын сөз етіп, уақытты ұтымды пайдалануды еске салды.
– Бұл мәселе үнемі басты назарда болуы қажет. Апатты жағдай орын ала қалса, іс-әрекет алгоритмі жүйелі түрде атқарылуы керек. Дегенмен апаттық жағдайлардың алдын алу мәселесі бәрінен жоғары тұруы тиіс. Ол үшін әрбір стратегиялық маңызы бар нысан үнемі бақылауда болсын. Жағдайды апаттық деңгейге жеткізбеу үшін тиісті іс-шаралар дер кезінде қабылдансын. Жұмысты әркім жауапкершілікпен атқарғаны дұрыс. Салғырттық салдарынан туындаған төтенше жағдай үшін жеке жауап бересіздер, – деген Ербол Шырақпайұлы жауаптыларға бірқатар тапсырма жүктеді.
Мәселен, тиісті мамандарға өзен-көлдердің, суқоймалардың деңгейін бақылауда ұстау, олардың сыйымдылығын ескере отырып, мәселені апатты жағдайға жеткізбеу, елді мекендерге қауіп төндіретін гидротехникалық құрылыстарға жергілікті құлақтандыру жүйесін орнату, тау етегіндегі орналасқан елді мекендерде көлбеу ағынның қалыптасуын және өзендердің су деңгейлерінің көтерілуін болдырмау секілді.
Сонымен қатар жиын барысында жылыту маусымының өту барысы да қаралып, облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ғалым Исақовтың баяндамасы тыңдалды. Бұл ретте жылыту маусымына қатысты жүргізілген зерделеу жұмыстары барысында білім, денсаулық сақтау нысандарында бірқатар кемшілік және Қордай, Т.Рысқұлов, Шу, Мойынқұм аудандарында жазғы мезгілде анықталған кемшіліктердің қалпына келтірілмегені секілді мәселелер тілге тиек етілді. Бұл бойынша да облыс әкімдігі білім, денсаулық сақтау басқармалары мен аудан әкімдерінен жауап алынып, жауаптыларға бірқатар міндеттеме жүктелді.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ