Табиғи монополияларды реттеу комитеті облыс бойынша департаментінің бастығы Алмат Абдрайханның айтуынша, жыл басынан бері департаментке 21 табиғи монополия субъектісінен тарифті бекіту туралы 47 өтінім және 2 қоғамдық маңызы бар нарық субъектісінен бағаның шекті бағадан жоғары көтерілуіне байланысты 6 хабарлама келіп түсіпті. Түскен өтінімдер мен хабарламаларды қарау нәтижесінде 35 өтінім бойынша 25 тариф бекітілген. 7 өтінім мен қоғамдық маңызы бар нарық субъектілерінің 3 хабарламасы бойынша оны қараудан бас тартылған. 8 өтінім субъектінің өз еркімен кері қайтарылып, 10 өтінім қаралу үстінде.
– Бекітілген инвестициялық бағдарламаның және тарифтік сметаның орындалуын талдау қорытындысы бойынша қайта қаржыландыру ставкасын ескере отырып, өткен жылы 8 табиғи монополия субъектісінің негізсіз табыс сомасы 129 141,28 мың теңгені құрады. Сондай ақ «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасын іске асыруға байланысты 2 субъектінің инвестициялық бағдарламасына жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп өзгерістер енгізілді. Департамент қызметінің басты бағыттарының бірі – табиғи монополия саласында заңнаманың сақталуын бақылау. Бұл бағытта осы жылдың 10 айында департамент тарапынан 1 табиғи монополия субъектісіне қатысты 2 әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс қозғалды, – деді Алмат Абылайханұлы.
Облыстың жергілікті мемлекеттік тіркеліміне енгізілген 5 табиғи монополия субъектісіне қатысты тексеру жүргізіліп, 4 заңбұзушылық анықталыпты. Табиғи монополиялар туралы заңнаманың бұзылуын қалпына келтіру жөнінде 4 нұсқама енгізіліп, оның үшеуі қалпына келтірілсе, біреуі орындалуда.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ