Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Заңсыз автотұрақтар зардабын тигізуде

Заңсыз автотұрақтар зардабын тигізуде
Юрий КИМ
ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев облысқа жұмыс сапарымен келіп, тұрғындармен кездесті. «Достық» үйінде өткен жиынның модераторы облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек болды.

Министр кездесуді ашып, атқарылған жұмыстар, алдағы жоспарлар мен жүзеге асырылатын бастамалар туралы айтты. Сондай-ақ Марат Кәрімжанұлы облысымызға жасаған алдыңғы сапары кезінде тұрғындардан түскен арыз шағымдарға байланысты атқарылған жұмыстар туралы есеп берді.

Еркін форматта өткен кездесуде жамбылдықтар толғандырған мәселелерін көтеріп, министрден көмек сұрады. Мәселен, бірнеше кәсіпкер Тараз қаласында заңсыз автотұрақтардың көбейіп кеткенін қынжыла жеткізді. Мәселен, автовокзал қызметкерлері заңсыз жұмыс істеп тұрған көлік жүргізушілері жолаушыларды алып кетіп, автовокзалдың жұмысын қиындатып жатқанын айтты. Автовокзал қызметкерлері аталған мәселе бойынша 15 жылдан бері облыстық және қалалық әкімдіктерге, сондай-ақ полицияға шағымданып келе жатқанын, бірақ ешқандай шара қолданылмағанын мәлімдеді. Заңсыз жолаушы тасымалымен айналысатын жүргізушілер Қордай ауданы, Алматы, Шымкент қалаларына және Түркістан облысына жолаушылар жинайды екен.

– Министрлік заңсыз жолаушы тасымалдау мәселесімен бірнеше жылдан бері күресіп келеді. Бұл жерде қауіп тек бизнеске ғана емес, адам өміріне де төнеді. Заңсыз ұйымдастырылған тасымалдау қызметтері қауіпті. Себебі ешкім техникалық жағдайды тексермейді, жүргізушінің денсаулығы мен жағдайына мән берілмейді. Олар жолға шығып, жылдамдықты арттырып, адам өміріне қауіп төндіреді. Жамбыл облысындағы соңғы қайғылы оқиғалар қоғам назарын осы мәселеге аударды, – деді министр.

Сонымен қатар автовокзал өкілдері жолаушыларға ыңғайлы жағдай жасауға бөгде ұйымдардың кедергі келтіріп отырғанын айтты. Олар бірнеше жылдан бері күту залына «Kaspi» және «Halyk» банктерінің банкоматтарын орнатуды сұраған. Бірақ банктер белгісіз себептермен келісім бермеген. Осыдан кейін жолаушылар жақын орналасқан жанармай бекетіне баруға мәжбүр болады. Ал қайтып келгенде заңсыз тасымалдаушылар оларды «алып кетеді».

– Біз бұл мәселені шешуге және банктерге банкомат орнатуды сұрауға ықпал ете аламыз. Бірақ сіздерге де қызмет сапасын арттыру қажет. Тек бірнеше қалада ғана сапалы ұйымдастырылған автовокзал қызметін көрдім. Жолаушыларға ыңғайлы жағдай жасау керек. Оларды қызметті пайдалануға ынталандыру қажет, – деді министр Марат Қарабаев.

Қалааралық жолаушы тасымалымен айналысатын басқа да тасымалдаушылар заңсыз автотұрақтардың кесірінен жолаушылардың саны азайып бара жатқанын айтты. Министр онлайн платформалардың артықшылығын мойындап, қазіргі заман талаптарына сәйкес жұмыс істеудің маңыздылығын атап өтті. Министр келесі жылдан бастап үлкен жолда жүретін көлік жүргізушілеріне арналған жаңа заңнама әзірленіп жатқанын жеткізді. Межеленген уақыт пен жылдамдыққа бағынбағандар осы әрекеті үшін жауап бермек.

– Адамдар «InDrive» немесе «Яндекс Go» сияқты қызметтерді қолайлы деп санайды, демек, олар бәсекеде озып тұр. Министрлік оларға бақылау жүргізіп, талаптарды күшейтуді жоспарлап отыр. Мысалы, такси қызметінде қауіпсіздік талаптарын күшейту мақсатында 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап оң жақ рульді көліктермен жолаушы тасымалдауға тыйым салынады. Бұл шешім жол-көлік оқиғаларының санын азайтуға ықпал етеді деп сенеміз, – деп түсіндірді министр.

Министрдің айтуынша, бұл шектеу тек оң жақты рульді көліктерге ғана емес, сондай-ақ оң рульден сол рульге қайта жабдықталған көліктерге де қатысты болады.

Сонымен қатар министр Тараздан Қазақстанның басқа қалаларына тікелей әуе рейстерінің болмауы, таксопарктерді қолдау, жеңілдетілген несие беру сияқты басқа да мәселелерді талқылады.

Министрліктің негізгі бастамаларының ішінде жол құрылысының стандарттарын қайта қарау, жолдардың қауіпсіздігі мен ұзақмерзімділігін қамтамасыз ету, апаттылықты азайту және жол қозғалысын бақылау үшін интеллектуалды жүйелерді енгізу де бар.

Кездесуден соң министр тұрғындарды жеке мәселелерімен қабылдады.

Айжан ӨЗБЕКОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар