Салтанатты іс-шарада облыс әкімдігі денешынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Жолдасбеков сөз алып, жас өрендерді жарқын жеңістерімен құттықтады.
– Киелі Әулиеата топырағы бокс шеберлеріне бай. Ел спортының тарихына есімдерін алтын әріптермен жазған жампоздардың жеңісті жолын абыроймен жалғастырдыңыздар. Жаһанның кіл мықты жастары жиналған додада атой салып, намысты қолдан бермей, ел мерейін үстем еткендеріңізге алғыс айтамыз, шын жүректен құттықтаймыз! Бұл жеңістің артында қаншама жаттықтырушының еңбегі жатқаны баршамызға аян. Осындай үлкен еңбек жасаған, тарих жаңартқан бапкерлерге де шынайы алғысымды білдіремін, – деді Нұржан Қырықбайұлы.
Еске сала кетсек, 22 қазан мен 3 қараша аралығында Черногорияның Будва қаласында жастар арасында бокстан әлем чемпионаты өткен болатын. Дүбірлі додада қазақстандық боксшылар 6 алтын, 1 күміс және 10 қоламен командалық есепте бірінші орынды иеленді. Ал ел құрамасы сапында Жамбыл облысының 3 спортшысы өнер көрсетіп, 1 алтын мен 1 қола жүлде еншіледі.
Атап өтсек, 51 келі салмақ дәрежесінде қолғап түйістірген Жамбыл кәсіпқой бокс клубының спортшысы Бексұлтан Боранбек жеңімпаз атанса, 48 келі салмақта Әсел Абдрасилова қола жүлдеге қол жеткізді. Бексұлтан Боранбекті жеңіске жетелеген бапкері – Мұхтар Бердімбетов. Ал Әсел Абдрасилованың бапкері – Бауыржан Асқаров.
Сондай-ақ жуырда АҚШ-тың Колорадо штаты Денвер қаласында бокстан World Boxing U19 әлем чемпионаты өткен болатын. Жаһандық додада жамбылдық шаршы алаң шебері Асылхан Көшербай 65 келіде жұдырықтасып, күміс жүлдегер атанды. Спортшыны жаттықтырған бапкер – Мақсат Әлімбаев.
– Жаһандық жарыста ел намысын қорғап, көк туымызды желбіреткеніме өте қуаныштымын. Қуанышымды бөлісіп, қолдау көрсетіп келген жамбылдық жанкүйерлерге алғысым шексіз. Бұған дейін жастар арасында өткен әлем чемпионаттарында жамбылдық боксшылар алтын жүлде алмаған. Сол себепті де бар күшімізді салып, тарихи жетістікке қол жеткіздік. Алдағы жарыстарда ел сенімін ақтауға, жарқын жетістіктерге жетуге жұмыс істеймін, – деп қуанышымен бөлісті Бексұлтан Боранбек.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ