Таразда алғашқы «Жайлы мектеп» пайдалануға берілді
- author AR-AY
- 8 қараша, 2024
- 62
ҚР Оқу-ағарту министрлігі баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, биыл оқу жылының басында жаңа үлгідегі алғашқы 20 мектеп ашылса, жыл соңына дейін тағы 146 мектепті пайдалануға беру межесі белгіленген.
Сәрсенбі күні Тараз қаласында заманауи үлгіде жабдықталған тағы бір жайлы мектеп ашылды. Сәні мен салтанаты келіскен №66 мектепте жас ұрпақтың сапалы білім, саналы тәрбие алып, жан-жақты дамуына қажетті жағдайдың барлығы жасалған. Бір айта кетерлігі, пайдалануға берілген білім нысаны облысымызда ұлттық жоба аясында ашылған екінші мектеп.
Шаһардағы «Бәйтерек» ықшамауданынан бой көтерген 1 200 орындық мектепте оқушылар мен педагогтарға қауіпсіз әрі жайлы жағдай жасалған. Қажетті жұмыс аймақтарымен, бастауыш сыныптармен, жеке блоктармен, әмбебап шеберханалармен, заманауи оқу бөлмелерімен қамтамасыз етілген.
Жаңа мектептің ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімі Ербол Қарашөкеев құттықтау сөз сөйлеп, өңірде 12 жайлы мектептің құрылысын жүргізу жоспарланғанын атап өтті.
– Облысымызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында тағы бір мектеп ел игілігіне беріліп отыр. Биылғы жаңа оқу жылында дәл осындай мектеп Байзақ ауданы, Сарыкемер ауылында ашылған болатын. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы еліміздің барлық өңірлерінде жүзеге асырылуда. Ұлттық жоба оқушы орындарының тапшылығы, апатты мектептерді жою және үш ауысымды оқыту мәселесін шешуге бағытталған. Жалпы жоба аясында облыста 12 мектеп салу жоспарланып, жыл соңына дейін «Ұлы дала» ықшамауданында 1 200 орындық білім ошағын ашуды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ облыста 2024 жылы 41 білім нысанының құрылысы жоспарланып, жыл соңына дейін 15 мектептің құрылысын аяқтау көзделуде. Ал 2025 жылы қосымша 26 білім ошағының құрылысы басталады, – деді Ербол Шырақпайұлы.
Аймақ басшысының айтуынша, басты мақсат – ауыл мен қала мектептері арасындағы білім беру ісіндегі алшақтықты жою, балалардың кең, заманауи талапқа сай жабдықталған үлкен мектепте білім алуын қамтамасыз ету.
– Бұл – олардың үлкен жетістіктерге жетуіне мүмкіндік береді. Білім – адам мен өркениетті жалғайтын алтын көпір. Сондықтан білім беру инфрақұрылымын ресурстық қамтамасыз ету өңірді дамытудағы негізгі бағыттардың бірі. Өскелең ұрпақтың заманауи үлгідегі жайлы білім ордаларында сапалы білім мен саналы тәрбие алуы үшін облысымызда ел Президентінің бастамасымен игі істер атқарылуда. Облыстың дамуына қажетті әлеуметтік нысанның салынуына зор үлес қосқан «Samruk-Kazyna Construction» акционерлік қоғамына облыс тұрғындарының атынан алғыс білдіремін. Сондай-ақ мектептің құрылысын сапалы жүргізген «Integra Construction KZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне ризашылығымды жеткіземін. Қымбатты оқушылар, сіздердің алаңсыз білім мен тәрбие алуларыңыз үшін барлық жағдайды жасау – біздің басты міндетіміз. Осы білім ошағында ұстаз бен шәкірт, мектеп пен ата-ана байланысы артып, алдыңғы буынның ізгі жолын жалғаған білімді де талантты, бәсекеге қабілетті жас ұрпақ тәрбиеленіп шығарына сеніміміз мол, – деген облыс әкімі жаңа мектепке медиа орталықтың сертификатын сыйлады.
Енді мектептің медиа орталығында жаңалық тарататын жас тілшілер тәрбиеленбек.
Білім нысанында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға толық жағдай жасалған, қосымша білім алуға да тамаша мүмкіндіктер қарастырылған. Мұнда екі лингафон кабинеті, үш ғылыми зертхана, кітапхана, жабдықталған екі компьютерлік сынып, үш шеберхана және көптеген коворкинг бөлме бар.
Білім мекемесінің пайдалануға берілгеніне тұрғындар да дән риза.
– Бүгін «Бәйтерек» ықшамауданының тұрғындары үшін мерейлі күн. Балаларымыздың бағына орай үйіміздің маңынан жайлы мектеп ашылды. Қуанышымызды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Заманауи білім ұясын салуға ықпал еткен Президентімізге зор алғысымызды білдіреміз, – дейді көпбалалы ана Ғалия Құланбаева.
Салтанатты жиында мердігер «Integra Construction KZ» компаниясының директоры Данияр Рахымтаев мектеп кілтін табыстаса, ардагер ұстаз Тұрыс Жүнісов ақ тілегін арнады.
– Мектеп – болашақ жетістіктердің іргетасы қаланатын, әр бала өз мүмкіндіктерін ашатын орын. Ал ұстаздардың міндеті – жай ғана дәріс өту емес, оқушының тұлғалық қасиетін аша білу. Өйткені ұстаз – әрбір бала үшін үлкен әлемге жол көрсететін компас секілді. Құрметті ұл-қыздар! Білім жолы табысты, жемісті болсын. Армандаудан және алдарыңа биік мақсат қоюдан қорықпай, қалауларыңа қол жеткізу үшін еңбектене біліңдер. Осы жолда сендерге шабыт пен батылдық тілеймін, – деді Тұрыс Жүнісов.
Мұнан соң аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев ардагер ұстазбен бірге жаңа мектептің лентасын қиды.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ