Сол кезде өмір бойы мал баққан шопан да, механизатор да пайы есебінен еткен еңбегіне қарай азды-көпті малға ие болды. Одан бөлек мемлекеттен несие алып, атакәсіппен айналысуға ден қойғандардың да қорасына мал бітті. Міне, осы кезде қолында бір тұяқ малы бары да, жоғы да жүздеген, тіпті мыңдаған гектар жайылымды ұзақ мерзімге жалға алып, иен далаға ие болып шыға келді. Шыр біткендердің кейбірі ауыл іргесінен жер алып, шаруашылық ашып, тағы бірі орталықта қора-қора қой, үйір-үйір жылқы ұстап, ауыл маңын аз жылда қу тақырға айналдырды. Өріске шыққан малдың соңында шұбатылған шаңы аспанға көтеріліп, ауылдан әудем жер ұзағанша оңайлықпен басылмайтын.
Жалпы ауылдық жерде жайылым тапшылығы осыдан оншақты жыл бұрын туындаған болатын. Бір жағынан, бұл тұрғындардың малшаруашылығымен айналысу мүмкіндігін шектесе, екінші жағынан, жердің тиімсіз пайдаланылуына әкеліп соқты. Осы мәселені шешу үшін жайылымды тиімді пайдаланудың жолдарын іздеу осыдан 5-6 жыл бұрын басталды. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше жылдан бері пайдаланылмай жатқан жайылым жерлерді мемлекет меншігіне қайтарып, оны жайылым жағынан шын зәрулік көріп отырған шаруаларға беру туралы Үкіметке сәт сайын арнайы тапсырма жүктеумен болды. Мысалы, Президент «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Тұтастай алғанда, еліміздің агроөнеркәсіп кешені келесі жылдан бастап жаңа әрі тұрақты ереже бойынша жұмыс істеуі қажет.
Игерілмей жатқан жерді қайтарып алу жөніндегі комиссияның қызметіне жеке тоқталғым келеді. Комиссия жұмысының аясында ауылшаруашылығы мақсатындағы 2,9 миллион гектар жер мемлекетке қайтарылды. Жылдың соңына дейін кемінде 5 миллион гектар жерді қайтарып алу жоспарланып отыр. Игерілмей жатқан немесе заңсыз берілген жер көлемі 10 миллион гектарға жуықтайды. Үкімет пен әкімдіктер келесі жылдың соңына дейін осы жерлерге қатысты нақты шешім қабылдауға тиіс. Қазір жер мәселесін тексеруге жарияланған мораторий де күшін жойды. Бұл қадам жұмысқа оң ықпалын тигізеді деп ойлаймын», – деген болатын.
Содан бері ортақ жайылым жерлердің пайдалануға беріліп кеткен бөлігін қайтарып алу барысында елді мекендер аумағына 5 шақырым радиуста жақын орналасқан жайылым жерлерді ауылдық округтерге бекітіп беру ісі қарқынды жүргізілді. Бұл ретте бірқатар бағыт бойынша тиісті жұмыстар қызу жүргізілгенімен өңірімізде жайылымдық жер жетіспейтін ауылдар әлі де бар екен. Мысалы, Талас ауданы, Сәду Шәкіров ауылдық округіне 2 050 гектар жайылым жер жетіспейді. Бұл аудан қазіргі уақытта 2023 2024 жылдары қайтарылған 2 080 гектар жерді ауылдық округтердің теңгеріміне беру жұмысын жүргізіп жатқан көрінеді. Мәселе осылай шешілмек. Осы орайда біз «Ауылдық елді мекендері Тараз қаласына жақын орналасқан Жамбыл ауданының жағдайы не болып жатыр екен?» деген сұрақпен аудан әкімдігі жер қатынастары басқармасының басшысы Ұлан Асылбековке хабарластық. Білгеніміздей, мұнда төрт бірдей ауылдық округ жайылымға зәру болып шықты.
– Ауданның ауылшаруашылығы мақсатындағы жалпы жайылым көлемі – 279 501 гектар. Ал елді мекендерде 33 321 гектар, орман қоры жайылымы 64 564 гектар, босалқы жер қорында 6 132 гектар жайылым жер бар. Жайылымдық жер аудан аумағының 64,8 пайызын құрайды. 2021 жылы мал жайылымдарына деген қажеттілік 87 100 гектарды құраған болатын. Жайылым тапшылығын шешу мақсатында 2021 2023 жылдар аралығында 5 бағыт бойынша тиісті жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, ауылдық округтердің жайылымын ұлғайту үшін босалқы жер қорындағы жалпы көлемі 12 725 гектар жайылымдық жер ауылдық округтерге бекітіліп берілді. Елді мекендерден 5-7 шақырымдық аймақта ауылшаруашылығы жануарларын жаю үшін жайылымдық жерлері бар 115 жер пайдаланушымен 48 664 гектар жерге меморандум жасалды. Қазіргі таңда 4 ауылдық округ, яғни Аса, Айша бибі, Бесағаш, Гродеково ауылдық округтері бойынша 14 750 гектар жайылым жердің жетіспеушілігі анықталды. Мәселен, Аса ауылдық округі бойынша жайылым жетіспеушілігі – 245 гектар. Елді мекеннен шығатын мал басы көп тұрғындарға Өрнек ауылдық округіне қарасты «Өрнек» учаскесіне шығару ұсынылып отыр. Айша бибі ауылдық округі бойынша 3 600 гектар жайылым жетіспейді. Мемлекет мұқтажы арқылы 1 900 гектар қайтарылып, елді мекен жайылымына қосылады. Қосымша 2 900 гектарға шаруа қожалықтарымен жайылымды ортақ пайдалануға меморандум жасалды. Бесағаш ауылдық округі 6 900 гектар жайылымға зәру. Елді мекеннен шығатын мал басы көп тұрғындарға Бесағаш ауылдық округіне қарасты «Көделі» мал жайылымында орналасқан «Бесағаш-Ынтымақ» шаруа қожалығына тиесілі жалпы көлемі 3849,44 гектар жайылымдық жеріне шығару ұсынылды. Босалқы жер қорынан 1 700 гектар елді мекен жайылымына қосылады. Алдағы уақытта жайылым мәселесін шешу жұмыстары жалғасын табады, – деді Ұлан Темірханұлы.
Елді мекендері облыс орталығына таяқ тастам жерде орналасқан Жамбыл ауданында жайылым мәселесі өзекті болуы түсінікті. Ал шалғайда орналасқан аудандарға не жорық? Осы ой жетегімен Шу ауданы әкімдігі жер қатынастары бөлімінің басшысы Асан Көшербаевпен тілдестік. Бөлім басшысы екі ауылдық округте жайылым мәселесі өзекті болып тұрғанын жеткізді.
– Шу ауданы бойынша Жаңа жол, Өндіріс ауылдық округінде жайылымдық тапшылығы 8 688 гектарды құрайды. 2024 жылы толығымен мәселені шешу үшін ауданның жер қорынан жалпы ауданы 8 688 гектар жайылымдық жер учаскесін, яғни Жаңа жол ауылдық округіне 3 465 гектар, Өндіріс ауылдық округі аумағына 5 223 гектар жер учаскесін қосып беру жұмыстары жүргізілуде. Одан бөлек ауданның босалқы жерінен 14 606 гектар жайылымдық жер алқабынан жер учаскелерін елді мекендерге беру бойынша аудандық жер комиссиясында мәселе қаралған болатын. Нәтижесінде мәселе оң шешімін тауып, 5 000 гектар Шоқпар ауылдық округіне, Бірлікке – 2 000, Жаңа жолға – 3 606, Далақайнар ауылдық округіне 4 000 гектар жер телімін беру жұмыстары атқарылуда, – деді Асан Алданұлы.
Статистикалық мәліметтерге сәйкес 2024 жылы облыс бойынша тіркелген 3,4 миллион төрт түлік, яғни 395,9 мың ірі қара, 2,8 миллион уақ мал, 165,9 мың жылқы, 7,2 мың түйе жайылымнан таршылық көрмеуі тиіс. Әсіресе ауыл тұрғындарының қолындағы азын-аулақ мал жайылымсыз қалмауы керек. Негізінде ауылшаруашылығы саласынның тұрақтылығын қамтамасыз етіп, ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуда, олардың әл-ауқатын көтеруде бұл өте өзекті мәселе. Қолындағы бір-екі сиырының сүті мен бес-алты уақ малының бетіне қарап отырғандар үшін жайылым жер ең маңызды құндылыққа жатады. Сондықтан жайылым тапшылығы қашан жойылатынын білу мақсатында облыс әкімдігі жер қатынастары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айдар Тажиковке жолыққан едік.
Айдар Әмзеұлымен әңгімелесу барысында жайылым мәселесін шешу мүмкіндігі мүлдем жоқ елді мекендер бар екенін естіп, ойға шомдық.
– Облыс бойынша жайылымның әлеуетіне талдау жүргізіліп, жайылым мәселесі өзекті 42 ауылдық елді мекеннің бар екені анықталды. Жайылым жетіспеушілігін шешу бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі таңда жетіспеушілік 56,7 мың гектарды құрап отыр. Жайылым жетіспеушілігін шешу мақсатында ауылдық округтерге босалқы жер қорынан 22,9 мың гектар қосылып берілуде. Алдағы уақытта жайылым мәселесі өзекті 42 елді мекеннің 25-і бойынша жайылым жетіспеушілігі шешімін табатын болады. Ал 17 елді мекенде жайылым жетіспеушілігін толығымен шешу мүмкіндігі жоқ. Аталған елді мекендердің мәселесі халықтың тығыз және қалаға жақын орналасуымен байланысты. Сондай-ақ жалпы жерлердің басым көпшілігі егістік жерлер болуынан бұл мәселе шешімін таппай отыр. ҚР «Жайылымдар туралы» Заң талаптарын жүзеге асыру мақсатында облыстың барлық аудандарында жергілікті өкілетті және атқарушы органдардың бірлескен шешімдерімен жайылымдарды пайдалану жоспары мен схемасы қайтадан 5 жыл мерзімге бекітілетін болады. Жалпы 2025-2027 жылдары жаһандық экологиялық қор есебінен Талас және Сарысу аудандарынан пилоттық жоба негізінде 5 мың гектар жайылым жер жақсартылады. Мемлекет басшысының 2022 жылғы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауындағы туындаған міндеттерді жүзеге асыру бойынша «АMАNАТ» партиясының сайлауалды бағдарламасына сәйкес пайдаланылмаған және заңсыз берілген ауылшаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұл ретте 2 жыл 9 айдың ішінде облысымызда 495,1 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Мемлекет меншігіне қайтарылған жерлердің жайылым алқаптары жергілікті жердегі тұрғылықты халықтың малын жаю үшін ауылдық округтерге бекітіліп беріліп жатыр. Ал қалған жерлер өңірдің экономикасын дамыту мақсатында конкурс арқылы берілуде, – деді Айдар Әмзеұлы.
Негізі облыстың әкімшілік аумағы 14427,5 мың гектар болса, оның ішінде ауылшаруашылығы мақсатындағы, яғни айналымда жүрген жер көлемі 4661,6 мың гектарды құрайды.
Ауылшаруашылығы мақсатындағы жайылым жер көлемі – 3,6 миллион, елді мекендердің жайылым көлемі 740,5 мың гектар болса, өнеркәсіп, көлік, байланыс, қорғаныс жері және ауылшаруашылығынан басқа мақсатқа арналған жайылым жер көлемі 37,9 мың гектарды құраған. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жері – 1 000 гектар, ал орман жер қоры – 1,6 миллион гектар болса, босалқы жерлер – 942,5 мың гектар.
Ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлерге 2024 жылдың 9 айында 6 конкурс ұйымдастырылып, 23,2 мың гектар айналымға тартылыпты. Кәсіпкерлік мақсатта 73 жер учаскесі аукционға шығарылып, ол 157,7 миллион теңгеге бағаланып сатылған. Облыс бойынша босалқы жер қорынан осыған дейін елді мекендерге 378 мың гектар қосылып берілген. Соның арқасында елді мекендер жері 363 мың гектардан 741 мың гектарға дейін ұлғайған екен.
Облыс аумағында инвесторлар үшін жалпы көлемі 3,3 мың гектар болатын 68 жер учаскесі анықталыпты. Жалпы көлемі 81 946 гектарды құрайтын күн, жел электр стансасын орналастыру үшін іздестіру жұмыстарын жүргізуге – «Актас Энерджи» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне Мойынқұм ауданынан, «China Power International Holding Limited» компаниясына Жуалы, Талас ауданынан жер учаскелері беріліпті.
Талас ауданы аумағынан «Тараз Қуат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне бу-газ электр стансасын салу үшін 4,1 гектар жер учаскесі табысталған. Индустриалды аймақ құру үшін 256 гектар жер учаскесі бекітілген. Бұл ретте Т.Рысқұлов ауданынан 94 гектар, Меркі ауданынан 25 гектар, Сарысу ауданынан 137 гектар, тас тұзын өндіру үшін «Qazaq Soda» серіктестігіне Сарысу ауданы аумағынан 100 гектар жер учаскесі бөлінген.
Байзақ ауданы аумағынан этно ауыл, демалыс орны және балықшаруашылығын жүргізу үшін 3,59 гектар жер учаскесі табысталыпты. 2024 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша 15 жер қойнауын пайдаланушыға 913,5 гектар жер учаскесі берілген. Ашықтықты сақтау мақсатында өңірлік геоақпараттық порталға жер қойнауын пайдаланушылар туралы ақпарат енгізілуде.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ
Фермерлерге көмек көрсетіле береді
Ұқсас жаңалықтар
Қазақстан дәнді дақылдардың экспорттық нарықтарын кеңейтуде
- авторAR-AY
- 6 желтоқсан, 2024
Рекордтық 580 млрд теңге егіншілерді қолдауға бағытталды
- авторAR-AY
- 6 желтоқсан, 2024