– Жеңісіме шын жүректен қуанып, ерекше ілтипатпен қарсы алған жерлестеріме айтар алғысым шексіз. Спорт саласындағы әрбір жетістіктің артында төгілген маңдай тер мен қажырлы еңбек жатыр. Алдағы уақытта да биік белестерді бағындырып, халқымның үмітін ақтағым келеді, – деп ағынан жарылды жеңімпаз.
Балуанға облыстық күрес федерациясының президенті Әлімбек Жұмабаев су жаңа «Toyota Camry» автокөлігін және жеке бапкері Асылжан Байзақовқа 3 000 000 теңгенің сертификатын табыстады.
– Әлем чемпионатына осал спортшы бармайды. Дүбірлі додада 100-ден аса спортшы өнер көрсетті. Сол мықтылардың ішінен суырылып алға шығып, күміс жүлдемен оралған Ержетті жерлестеріміз төбесіне көтеруде. Негізі әлем чемпионатына алтын алу үшін барған едік, бұйырғаны күміс жүлде болды. Алдағы жоспар – осы салмақта қалу. 2028 жылы Олимпиада ойындарында бақ сынасақ деген ниетіміз бар, – деді Асылжан Байзақов.
Еске сала кетсек, грек-рим күресінен Қазақстан командасының өкілі Е.Жарлықасын Тиранада (Албания) өткен олимпиадалық емес салмақта әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанған болатын.
63 келіде өнер көрсеткен жерлесіміз 1/8 финалда Михал Трачты (Польша) 9:0 есебімен жеңсе, 1/4 финалда қарсыласы Стефан Рож Клеманды (Франция) 10:0 есебімен тізе бүктірді. Ал жартылай финалда бейтарап атлет Садык Лалаевтан айласын асырды. Жамбылдық бозкілем шебері финалдық белдесуде Әзербайжан өкілі Нихат Захид Маммадлиге есе жіберді.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ