Тұрақты түрде өтетін турнирге биыл Тараз қаласы мен аудандардан 17 команда қатысып, кіл мықтыдан кім мықтыны анықтады. Биылғы бәсекеге командалардың тастүйін дайындықпен келгені әрбір ойыннан анық аңғарылып тұрды. Командалар бір біріне есе жібермеуге тырысып, ойынның соңғы секундтарына дейін жан алысып, жан берісіп бақты.
Тартысқа толы болған турнирдің қорытындысы бойынша Жамбыл ауданының командасы жеңімпаз атанды. Жамбылдық ойыншылар ақтық сында КГИ құрамасын айқын басымдықпен жеңіп, өздерінің шын мықты екендерін дәлелдеді. Ал ІІІ орынды Мойынқұм ауданының командасы иеленді.
Турнирдің жабылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов қатысып, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді құттықтады.
– Мемлекеттік қызметшілер арасында үшінші мәрте ұйымдастырылған облыстық бәсеке салауатты өмір салтын насихаттауды, бұқаралық спортты дамытуды көздейді. Мұндай жарыстар мемлекеттік қызметшілердің достық қарым-қатынасын нығайтып, өзара байланыс деңгейін арттыра түсетіні сөзсіз. Жалпы мемлекеттік қызметте жұмыс істеу адамнан оны саналы тұрғыдан сезінуді, шын ынта-жігерін, ең бастысы, ниет тазалығын талап етеді. Ел игілігі үшін адал, риясыз қызмет ететін мемлекеттік қызметші нағыз азамат және Отанды сүюдің үлгісі болуға лайық. Мемлекеттік қызметші өзінің кәсіби білімімен пайда келтірумен ғана шектелмей, сонымен қатар адамшылық тұрғыдан басқалар бой түзейтін үлгіге айнала білуі керек, – деген Серік Жақсылықұлы командаларға сый сияпаттарын табыс етті.
Сонымен қатар бірқатар спортшы жекелеген номинациялар бойынша марапатталды. Атап өтер болсақ, Асан Алмат (Мойынұм ауданы) – «Үздік сұрмерген», Еркебұлан Базарбаев (Сарысу ауданы) – «Үздік ойыншы», Дулат Мейірбеков (мемлекеттік кірістер департаменті) – «Үздік қорғаушы», Төлебек Құлекеев (ауылшаруашылық басқармасы) – «Үздік қақпашы», Сәкен Сыздықов (Байзақ ауданы) – «35 жастан асқан үздік ойыншы» және Нұрболат Сатымқұл (Қордай ауданы) «Үздік топ жетекшісі» номинацияларына лайық деп танылды.
М. ЖАМБЫЛҰЛЫ