Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Сауатты байланыс – жеңіс кепілі

Сауатты байланыс – жеңіс кепілі
Ашық Дереккөз
Соғыс уақытында сенімді байланыс – жеңістің кепілі. Себебі байланыс, ең алдымен – басқару.

Әскери байланысшылар тәулік бойы сарбаздарды сапалы байланыспен қамтамасыз етеді. Олар қару-жарақ пен әскерлерді басқару жүйесінің жұмысын сапалы деңгейде жүргізіп, байланыс тораптары мен техникалық құралдардың жарамдылығын бақылайды.

Жалпы Қазақстан тарихында байланыс ісі маңызды рөл атқарған. Мысалы, жаугершілік заманда сенімді байланысшылар міндетін ержүрек жаушылар атқарған. Негізінде байланыс құралдары ретінде үрмелі аспаптар, домбыра қолданылған. Содан кейінгі тарихи кезеңдерде электроника пайда болғаннан бері ақпарат алмасу технологиялары қарқынды дами бастады. Алдымен телеграф құралдары, одан кейін телефон, радио секілді байланыс құралдары қолданысқа енді. Кейін тәуелсіздігімізді алғаннан кейін ҚР Қарулы Күштерінде Байланыс әскерлері жабдықталды.

Бүгінгі күні «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты байланыс полкі де бірталай жетістіктерімен мақтана алады. Облыс байланысшылары елімізде өтетін барлық халықаралық дәрежедегі іс-шараларда болсын, оқу-жаттығуда өздеріне берілген тапсырмаларды жоғары деңгейде атқарып жүр.

Таяуда Тараз қаласында «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының байланысшылары бұрын-соңды болмаған оқу-жаттығу өткізді. Пысықтау іс-қимылының басты ерекшелігі – жаттығудың полигонда немесе әскери бөлімде емес, қаладағы ескі, қаңырап бос тұрған ғимараттарда өтуінде. Осылайша байланыс полкінің әскери қызметшілері қиын жағдайларда туындауы мүмкін әскери іс-қимыл элементтерін пысықтады.

Қазір әлемнің түрлі елдерінде жүріп жатқан қарулы қақтығыстар ұрыс алаңында қолайлы жағдай бола бермейтінін анық көрсетіп отыр. Әрине, бетін әрі қылсын дейміз, бірақ алда-жалда тұтқиылдан шабуыл бола қалса, жауынгерлердің жағдайын жасап отыруға уақыт мүмкіндік бермейді. Жау тарапынан ауыр соққы қай жерде берілсе, қарулы күштер сол маңға орналастырылады. Сондықтан «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты байланыс полкінің командирі оқу-жаттығуды өткізу үшін қараусыз қалған ғимаратты таңдаған.

– Біз оқу-жаттығуларымызды шынайы жағдайда өткізу үшін қаңырап тұрған ескі ғимарат-құрылымды таңдадық. Осы далалық командалық пунктте «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысының әскерлерді басқаруына қажет байланыстың барлық түрін ұйымдастырдық. Сауатты байланыс – жауынгерлік басқарудың негізі десек, еш жаңылыспаймыз. Байланыстың арқасында қолбасшы бағынышты әскерлерге тиісті тапсырма беріп, жоғары тұрған штабтардан нұсқаулар алады, – деп түсіндірді байланыс полкінің командирі, полковник СымбатТұяқаев.

Жаттығу барысында ескі ғимаратта орналасқан далалық командалық пункте байланысшылар командирді байланыстың барлық түрімен қамтамасыз ете алды. Атап айтқанда, нысанда ашық қалааралық телефон, классификациялық, транкингтік байланыс, бейнеконференция байланысы орнатылды. Байланысшылардың жұмыс барысын Бас штабтың офицерлері бақылап отырды.

ҚР Қарулы Күштері Бас штабы Байланыс департаментінің өкілі, подполковник Азамат Оразалиевтың айтуынша, кешенді байланыс оқу-жаттығуы аясында Байланыс департаментінің офицерлері барлық өңірлік қолбасшылықтарды аралап шыққан. Кезекті рет «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы байланысшыларының жаңа жағдайдағы іс-қимылын бақылаған Бас штаб өкілі майдан шебінде қажетті байланыстың барлық түрін ұйымдастырып, тамаша әрекет ете білген байланыс сарбаздарына жоғары баға берді.

Негізінде стационарлық жағдайда байланыстардың барлық түрін ұйымдастыру жауынгерлерге қиындық тудырмайды. Бірақ мүмкіндік қарастырылмаған орында байланыс құралдарын мүмкіндігінше қысқа мерзімде орналастыру үшін күш, тәжірибе, ептілік және автономды құралдардың болуы қажет.

Байланыс полкінің жауынгерлері жаттығу қимылдарын қала тұрғындарының тыныштығын бұзбай орындағанын айта кеткен жөн. Оларға қаншама уақыттан бері қаңырап, бос тұрған ескі ғимаратқа заманауи қондырғыларды орналастыру оңайға соқпады. Дегенмен әскери қызметкерлер кез келген ортада, қандай қиын жағдайда болса да өз жұмысын орындауға қабілетті екенін дәлелдеді.

«Оңтүстік» өңірлік қолбасшы лығына қарасты байланыс полкінің байланысшылары өздерінің кәсіби мерекесі – Байланыс әскерлері күнін ерекше жағдайда тойлау қызығырақ екенін атап өтті. Шындығында, жауынгерлер әскери өмірдің қиындықтарына әбден шыңдалып, ысылып шыққан. Жаттығу кезіндегі міндеттер неғұрлым күрделі болса, елді қорғау қажеттілігі туындаған кезде жауапты тапсырмаларды орындау қиындық тудырмайды.

Бір айта кетерлік жайт, жуырда «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының байланыс полкінде әскери борышын өтеген сарбаздар қызметін аяқтап, үйлеріне оралды. Аталған полк әскердегі міндетін абыроймен атқарған өрендерге құрмет көрсетіп, салтанатты шығарып салу іс-шарасын ұйымдастырды. Сондай-ақ жауынгерлерге естелік сыйлықтар мен грамоталар тапсырылды.

Сымбат Тұяқаевтың айтуынша, осыдан бір жыл бұрын өз әскери бөлімінде борышын өтеуге келген сарбаздар он екі айдың қорытындысы бойынша өздерін жақсы қырынан көрсетіп үлгерген. Әскери қызметкерлер тарапынан құқықбұзушылықтың болмауы армияда ең жоғарғы көрсеткіш саналады. Әскери ұжымның тату болуы, ондағы атмосфераның жайлылығы командирлердің әділеттілігін, әскери қызметшілердің жауаптылығын көрсетеді. Салтанатты іс-шарада С.Тұяқаев сарбаздарға мінсіз қызметі үшін алғысын білдірді. Сөз арасында әскерге алғаш келгенде ұяң, тұйық жігіттер уақыт өте келе, күнделікті тәртіп пен жаттығудың арқасында өз өзіне сенімді, сөзі нық, денесі мығым, салмақты азаматқа айналғанын айтып өтті.

Әскердегі өмірмен қимай қоштасып бара жатқан сарбаздар командирінің айтқанымен толық келіседі.

– Біз мұнда бір-бірімізге үйренісіп, айнымас достарға айналдық. Командирлерімізге қатты бауыр басып қалдық, олар бізді барлық жағынан қолдады, алғаш келген күннен бері қамқорлықтарын аямады. Қазір ойлап қарасам, әскерге келместен бұрын бойымда қорқыныш болғанына күлкім келеді. Полигондағы режим, денешынықтыру сабақтары, атыс дайындығы бізді шыңдап, тәртіпке баулыды,– дейді Петропавлдан әскерге шақырылған сарбаз Иван Шевляков.

Әскери қызметтегі жетістіктері үшін байланыс полкінің әрбір жауынгері грамотамен және естелік сыйлықпен марапатталды. Жігіттер әскерде қауышқан достарымен жылы қарым-қатынасты алдағы уақытта да сақтап қалуға ниетті. Келесі жылы жазда бұл сарбаздар жоғары оқу орындарына өзі кез келген университетке, қалаған мамандығына оқуға түсуге грант иеленгенін айта кеткен жөн.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар