Қазіргі уақытта елімізде күзгі шақыру науқаны қызу жүріп жатыр. ҚР Президентінің 2024 жылғы 1 ақпандағы Жарлығына сәйкес күзгі шақыру қыркүйекте басталып, желтоқсан айының соңына дейін жалғасады.
Мерзімді әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыруға немесе босатуға негіздері жоқ 18 жастан 27 жасқа дейінгі азаматтар шақырылады.
ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі таратқан мәліметке зер салсақ, күзгі шақыру барысында Қарулы күштерге – 9 933, Ұлттық ұланға – 6 822, Ұлттық қауіпсіздік қызметі шекара қызметіне – 3 200, Төтенше жағдайлар министрлігіне – 317, Мемлекеттік күзет қызметінің бөлімшелерінің қатарына 290 сарбаз алынып, бөлімшелер жасақталатын болады.
Жалпы, ер-азаматтың Отан алдындағы борышын өтеуі абыройлы іс. «Әскер – өмір мектебі» деген қағида қай кезде де күшін жоймайтыны анық. Алайда жастар арасында өз қалауымен әскерге сұранып барушылар қатары соңғы уақытта сиреп кеткені шындық. Бірі ондағы тәртіпті жатсынса, енді бірі уақытын бос кетіргісі келмейді. Рас, қазақ әскеріндегі әлімжеттік туралы ақпараттың жиі жариялануы жастардың Отан алдындағы борышын өтеуге деген ынтасы мен сеніміне селкеу түсіруде. Десе де, қазақ армиясы мұндай олқылықты жою мақсатында жаңа мүмкіндіктерді қарастыруда.
Болашақ сарбаздар Отан алдындағы борышын өтеуге аттанар алдында медициналық тексеруден, психологиялық тестілеуден және қызмет атқаратын әскери бөлімнің өкілімен сұхбаттасу сынағынан өтеді. Сонымен қатар, облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінде әскерге шақыру кезеңінде шақырылушылар мен олардың ата-аналарымен Отан қорғау, Конституциялық борыш, әскер қатарына жөнелту дайындығы мен әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелеріне берілетін жеңілдіктер жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізіледі.
Сала мамандарының айтуынша, бұл меже әр науқан сайын орындалып, әскерге аттандыру бойынша өңіріміз жылда жақсы нәтиже көрсетіп келеді. Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары, полковник Қуаныш Симтиковтың айтуынша, осы жылы ҚР Қорғаныс министрлігімен бекітілген жоспар бойынша облыстан 3 000-ға жуық өрен мерзімді әскери қызметке шақырылуы тиіс.
– Биыл көктемгі шақыру жоспары 1 467 адамды құраса, мерзімді әскери борышын өтеуге өңірден 1 502 адам аттанды, яғни 35 балаға артық. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі әскерлері Алматы, Шығыс Қазақстан облыстары және Қордай ауданына, ҚР Қарулы Күштерінің әскерлері Ақмола, Манғыстау, Шығыс Қазақстан, Алматы облыстары және Қордай ауданына, Ұлттық ұлан әскерлері Шымкент, Ақтөбе, Алматы және Ақмола облыстарына жіберілді. Мемлекеттік күзет қызметінің әскерге шақырылушылары болса Астана қаласында әскери міндетін өтеуде. Сонымен қатар биыл облыста 80 бала әскери оқу орындарында білім алу мүмкіндігіне ие болды. Енді күзгі шақыру науқанына келер болсақ, бекітілген жоспарға сәйкес 1 500-ден аса азамат әскерге шақырылуы тиіс. Қазіргі уақытта өңіріміздегі әскери қызметке жарамды жасы 18-ге толған және 27-ден аспаған азаматтар әскерге шақыру қағаздарын алып, алдымен аудандық, одан кейін облыстық жинақтау пунктінде медициналық тексеруден өтіп жатыр. Егер денсаулығы жақсы болса, олар жоғарыда аталған облыстар мен қалаларға аттанады. Жалпы болашақ сарбаздардың медициналық тексеруден өтуі кезінде денсаулығына байланысты шешім қабылданады. Себебі, соңғы кездері аурушаң жастар көбеюде. Әсіресе, жастар арасында ең көп таралған диагноз – көздің көру қабілетінің төмендеуі., – дейді Қ.Симтиков.
Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің медицина қызметінің бастығы Сергей Золотаревтың айтуынша тексеру кезінде Отан алдындағы борышын өтеуді қасиетті парызым деп білетін, моральдық және психологиялық тұрғыдан мықты, физикалық жағынан мығым азаматтарға басымдық беріледі. Мысалы, күзет қызметіне тек бойлары 180 сантиметрден асатын шақырылушылар іріктелінеді.
Азаматтық борышын өтеуге аттанатын бозбалалар алдымен медициналық тексеруден өтіп, денсаулығының жарамдылығы туралы сыннан өткеннен кейін әскери бөлімдерге жөнелтіледі. Әскери бөлімге іріктеу мен бөліп тарату кезінде жастардың әскер қатарына шақырылғанға дейін алған мамандығы ескеріледі. Күзгі әскерге шақыру науқанын сапалы әрі уақытылы орындау мақсатында комиссия әр шақырылушыны жеке-жеке қарайды. Оның отбасылық жағдайын сарапқа салады. Моральдық жағдайына баса назар аударады. Денсаулығының жарамдылығын басты назарға ала отырып, оны әскер қатарына қабылдау-қабылдамау туралы шешім қабылдайды. Себебі, оларға жүктелетін міндет жоғары.
Жалпы биыл Қорғаныс министрлігі әскерге 20 мың жас сарбаз алуды жоспарлап отыр. Қазан айының басында облыстағы 24 сарбаз Отан алдындағы азаматтық борышын өтеу үшін мемлекеттік күзет қызметінің қатарын толықтырды.
Дегенмен, бүгінде әскерге қатысты дау-дамай көбейіп тұр. Тіпті, жас жігіттерді әскерге күштеп алып кетіп жатыр деген әңгіме ел аузында желдей есіп жүр. Оған негіз де жоқ емес. Жуырда Қарулы Күштер бас штабы ұйымдастыру жұмылдыру жұмыстары департаменті бастығының орынбасары Фархат Айдарбеков қазақстандықтарды әскерге көшеден алып кетіп жатыр деген ақпаратқа қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, мұндай әрекеттердің басым көпшілігі көктемгі шақыру кезінде болған. Ал, күзгі әскерге шақыру науқанында мұндай шаралар қолданылмаған.
– Мәселенің оңтайлы шешімін таптық. Қазір әкімдердің идеология жөніндегі орынбасарлары жастарды тәрбиелеу жұмыстарымен айналысып жатыр. Сондай-ақ, алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімдерімен де тығыз әріптестік қарым-қатынас орнаттық. Сонымен қатар, әскери ардагерлердің үгіт-насихат жұмыстарының арқасында қазір мұндай жағдайларға жол берілмейді, – деді ол өз сөзінде.
Ал, Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі Руслан Жангулиннің пікірінше, жастарды әскерге көшеден алып кетіп жатқан жағдайлар БАҚ бетіне жиі шығады. Алайда, мұндай жағдайлар халық ойлағандай көп болмайды.
– Егер біз 40 мың адамды әскерге шақыртсақ, бір-екі рет қана жастарды көшеден алып кеткен болар. Ішкі істер органдары әскерге келмегендерге іздеу салады. Бұл жағдайда полицияның әрекеті заңды. Айта кетерлігі, жасөсірімдер себепсіз әскерге барудан жалтарған жағдайда оларды құқық қорғау органдарымен біріге отырып іздестіру жұмысы жүргізіледі. Сондықтан қандай жағдай болмасын әскерге шақырылған уақытта жас азамат міндетті түрде комиссариатқа келуі тиіс. Әйтпегенде ҚР Қылмыстық кодексі бойынша азаматтың «мен әскерге бармаймын, азаматтық борышымды өтемеймін» деген арызы түссе, 387-бап бойынша 1000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейді немесе 1 жыл бас бостандығынан айырылады. Отанды қорғау ортақ болса, заң да бәріне ортақ. Азаматтардың келмеуіне кейді әртүрлі жағдай себеп болады. Мысалы, азамат бір жерде тіркеліп, бірақ басқа қалада болуы мүмкін, – дейді ол.
Бір қуантарлығы, туындап жатқан мәселелерге қарамастан өңірде мерзімді әскерге барамын деген оғландардың қатары жылдан-жылға көбейіп, облыста меже артығымен орындалып жүр екен. Сондықтан өңірде әскерге бару көрсеткіші жоғары деп те айтуға болады.
– ҚР Қорғаныс министрлігі әскери қызмет өткеруден жалтарушылар санын азайту, Қазақ армиясының имиджін арттыру мақсатында былтырдан бастап жас сарбаздарға бірқатар жаңалықтар енгізді. Мәселен министрлік әскерге шақыруды есепке алу жұмысын цифрландыру жұмыстарын дәйекті түрде жүргізіп келеді. Әскерге борышын өтеуге шақырылған әскери қызметшілер туралы мәлімет алмасу, сондай-ақ оларды запасқа шығару толықтай автоматтандырылған. Биылғы жылы сарбаздарға арналған артықшылықтар заң жүзінде бекітілді. Оларға қызмет ету кезінде және әскерден босатылғаннан кейін екі ай уақытқа несиелік демалыс беріледі. Бүгінгі таңда 6 мыңнан астам әскери қызметшінің 1 миллиард 828 миллион теңге сомасындағы төлемдері кейінге қалдырылды. Сонымен қатар кредиттің болуын не болмауын, ол бойынша төлемді кейінге қалдыруды белгілеу Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі айқындаған тәртіппен Қорғаныс министрлігінің, кредиттік бюролар мен кредиторлардың ақпараттық жүйелерінің өзара іс-әрекеті арқылы жүзеге асырылады. Отан алдындағы борышын өтеген азаматтарға студенттік жатақханадан орын беру жеңілдіктері де қарастырылған. Бүгінгі таңда елімізде әскерде қызмет еткен мың жарымнан астам азамат жоғары оқу орындарына тегін, ал ақылы түрде 700-ден астамы оқуға түсті. Осы жылдың көктемінде запасқа шығарылған 400-ден астам әскери қызметші келісімшарт бойынша әскери қызметке орналасты. Осынау жаңашылдықтардың игілігін біздің жамбылдық өрендер де көріп жатыр. Сондай-ақ мерзімді қызмет өткеріп жатқан сарбаздарға несиелік демалыстар, армиядан кейін жоғары оқу орындарына мемлекет есебінен түсу, мерзімді қызмет өткеріп жатқан кезде қажетті мамандықтар алу мүмкіндіктері беріледі, – дейді Қ.Симтиков.
Айта кетерлігі қалалық және аудандық шақыру комиссиялары жергілікті атқарушы органдар әкімдерінің орынбасарларының төрағалығымен жұмыс істейді. Шақыру науқаны барынша ашық форматта өткізіледі.
Әскерге шақырылушылар, олардың ата-аналары, журналистер, қоғам өкілдері қажетті ақпаратқа жүгініп, барлық сұрақтарға жауап ала алады. Қорғаныс істері жөніндегі департаменттерде «жедел желі» мен әлеуметтік желілердегі ресми аккаунттар іске қосылған.
Сонымен қатар Президенттің тапсырмасы бойынша Қарулы Күштер мемлекеттік үлгідегі куәліктерді бере отырып, әскери қызметшілерді аралас жұмысшы мамандықтарына оқытты. Бұл мәселе Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында да айтылып, 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланды. Жыл сайын жұмысшы мамандықтарының саны да артып келеді. 2023 жылы 1 200-ге жуық маман оқытылды. Биылғы жылы 1 300-ден аса адамды оқыту жоспарланып отыр.
Әскердің қазанында қайнап, сынағына шыңдалып шығу кез келген азамат үшін өмірлік олжа болатыны сөзсіз. Әскерде болғандар азамат кез келген сынаққа қарсы тұра алады. Сол үшін үлкен өмірдің алғашқы баспалдағынан әр азамат өтуі керек.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ
Сауатты байланыс – жеңіс кепілі
Ұқсас жаңалықтар
Аталар аманатына адал ұйым немесе майдан мистикасы туралы бірер сөз
- авторAR-AY
- 5 желтоқсан, 2024