Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, кітап оқырманға қолжетімді болуы керек. Мемлекет басшысы: «Өздеріңізге мәлім, мен былтыр Түркістанда өткен құрылтайда елімізде тәулік бойы жұмыс істейтін заманауи кітапхана салу туралы айттым. Ондай кітапханалар көптеген елде бар. Менің тапсырмаммен Алматыда және Астанада көп ұзамай осындай тамаша ғимараттар бой көтермек. Жалпы бұл саланы жетілдіру үшін басқа да ауқымды шараларды қолға алу қажет», деді.
Еске салсақ, әлемдегі көптеген мемлекет Ұлттық кітап күнін атап өтеді. Қазақстанда да жуырда Ұлттық кітап күні жаңа мереке ретінде енгізілді. Ел Президентінің тапсырмасына сәйкес 23 сәуірді Үкімет қаулысымен атаулы дата ретінде бекітті.
Жалпы елімізде кітап оқыту мен кітапхана жүйесіне қатысты атқарылып жатқан ілкімді істер көп. Осы ретте Мәдениет және ақпарат министрлігі «Түркі мемлекеттерінің цифрлық кітапханасын құру» іс-шаралар жоспары бойынша бекітілген жол картасы аясында ауқымды жұмыстар атқарып жатқанын айта кету керек. Бүгінде жол картасына сәйкес еліміздің сирек қорларының саны мен мазмұнын анықтау, сақталуын қамтамасыз ету мақсатында кітапхана, музей, жоғары оқу орындары мен ғылыми орталықтарда сақталған құнды қолжазбалар мен сирек кітаптардың бірыңғай реестрі құрылды. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның бұйрығымен арнайы құрылған жұмыс тобы осы бағытта қолға алынған жұмыстарды жүргізуде. Топ құрамына Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, Ғылым және жоғары білім министрлігі, ҒЖБМ Ғылым комитеті, Философия, саясаттану және дінтану институты, Ұлттық академиялық кітапхана, Ұлттық архив мамандары енген.
Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Рустам Әлидің айтуынша, жол картасы аясында тарихи-мәдени құжаттар мен қолжазбаларды зерттеу, ғылыми баға беру мақсатында ғалымдар мен кодиколог мамандардан сарапшылар тобы құрылған.
– «Архив – 2025» жобасын іске асыру жөніндегі кешенді іс-шаралар жоспары аясында 2024 жылдың аяғына дейін Әзербайжанның Ұлттық кітапханасы, Түркия Республикасының архиві, Османлы архиві, Топкапы сарайының архиві және кітапханасы, Сүлеймания қолжазбалар кітапханасы, Өзбекстан Республикасының Ұлттық архиві, Орталық мемлекеттік кинофотоқұжаттар архиві, Әлішер Науаи атындағы Ұлттық кітапханаға ғылыми іздестіру экспедицияларын жоспарлап отыр. ТМД елдерінің мұрағаттарында Қазақстанның мәдениеті мен әдебиеті бойынша жаңа мұрағаттық материалдарды анықтау бойынша зерттеулер жүргізілетін «Қазақстандық жазушылардың зерттеу орталығының ТМД елдерінің мұрағаттарында жұмыс істеуі» жобасы бар. Жоба аясында тапсырысты орындаушы Қазақстан Жазушылар одағы ТМД елдерінің ішіндегі түркі мемлекеттерінің қорларына ғылыми іссапарлар ұйымдастырмақ, – дейді Рустам Әли.
Жол картасының «Түркі мемлекеттерінің цифрлық кітапханасын құру» атты тармағында көрсетілген Түркі мемлекеттерінің цифрлық кітапханасын құруға арналған бюджеттік өтінім бойынша Ұлттық академиялық кітапханамен жұмыстар жүргізіліпті. Түркі мемлекеттерінің цифрлық кітапханасын Қазақстан ұлттық электрондық кітапханасы аясында жүзеге асыру көзделгендіктен 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын қалыптастыру аясында Бірыңғай автоматтандырылған кітапханалық-ақпараттық жүйесін модернизациялауға қосымша бюджеттік өтінім берілген.
Бюджеттік өтінім қолдау тапса, алдағы жылдары жоспарланған жұмыстар жүргізілетін болады. Электрондық каталогтың цифрлық нұсқасы 2025 жылы дайындалады деп күтілуде.
Ұлттық академиялық кітапхана директоры Ғазиза Құдайбергеннің айтуынша, жұмыс тобы 2026 жылға дейін жоспарланған жол картасы бойынша нақты бағыттарда еңбек етуде.
– Цифрлық кітапхана болғандықтан жүктелетін материалдардың сапасы, форматы, техникалық жұмыстарының нормалары мен уақытын талқылап жатырмыз. Қазнебте «Түркітілдес елдердің цифрлық кітапханасы» ресурсы ашық. Бұл жоба 2026 жылдан кейін де жалғасын табуы керек. Халықаралық кеңістікте қолжетімді болуы үшін автоматтандырылған жүйеде арнайы модуль құрастыру қажет, – деді Ғазиза Құдайберген.
Іс-шаралар жоспары бойынша 2024-2026 жылдар аралығында БАҚ-қа ақпараттар беріліп, имидждік жұмыстар жүргізіле береді. Түркі мемлекеттерінің мұрасына қатысты құжаттар Түркі мемлекеттерінің цифрлық кітапханасы толық дайын болғанша Қазақстан ұлттық электрондық кітапханасында орналастырылады. Бүгінде 550 құжат салынған.
Осылайша Түркі мемлекеттерінің цифрлық кітапханасын құру аясындағы жұмыстар жан жақты қолға алынып, мәдени мұрамызды сақтау мен дамытуға бағытталған іс-шаралар жалғасуда.
Айжан ӨЗБЕКОВА