Өңірлерде сыртқы мемлекеттік қаржылық бақылау органдарын жетілдіру туралы тексеру комиссиясы 2011 жылы құрылды. Комиссияның негізгі міндеті – жергілікті бюджеттердің атқарылуын, сыртқы мемлекеттік қаржылық бақылауды жүзеге асыру. Мемлекеттік әкімшілік қызметшілерден тұратын комиссия төрағасы мен мүшелері облыстық мәслихат депутаттарының дауыс беруі арқылы 5 жыл мерзімге тағайындалады.
Ал 2015 жылғы 20 мамырдағы «100 нақты қадам» Ұлт жоспары бағдарламасының 93-қадамында аудит пен мемлекеттік аппарат жұмыстарын бағалаудың жаңа жүйесін енгізу, «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» заң қабылдау тапсырылды. Осыған сәйкес 2015 жылы 12 қарашада «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» заң қабылданды.
Мемлекеттік аудиттің мақсаты – бюджет қаражатын, мемлекет пен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің активтерін басқарудың және пайдаланудың тиімділігін арттыру. Заңның негізгі ерекшелігі – мемлекеттік аудитті жүзеге асыру үшін қызметшілерде міндетті түрде мемлекеттік аудитор сертификаты болуы шарт. Яғни мемлекеттік аудитке толықтай көшірілді. Бастапқы кезеңде өңірлердегі аудит жөніндегі мемлекеттік органдарда кадр тапшылығы, оның ішінде мемлекеттік аудитор сертификаты бар мамандар жетіспеушілігі байқалды. Бұл бағытта жергілікті жерде мамандар тапшылығының мәселесін шешу мақсатында тексеру комиссиясы жүйелі негізде мемлекеттік аудиторлардың біліктілігін арттыруды және кадрлармен қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстарды жандандырып келеді.
Облыс бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті басшысының орынбасары Әмірхан Баймағамбетовтың айтуынша, департамент қызметкерлері мемлекет қаржысының тиімді және негізгі мақсатына сай жұмсалуына аудит жүргізеді.
– Мемлекеттік аудитті жүргізу аясында тексеру комиссиясының мемлекеттік аудиторлары Қазақстан Республикасы заңнамасының аудит сәйкестігін, оның ішінде регламенттелінген және белгіленген мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын, құқықтық актілерін тексереді. Тұрақты негізде тексеру комиссиясының мүшелері аудиторлық іс-шараларға шығар алдында мемлекеттік аудиторлармен сыбайлас жемқорлықты туындататын фактілерді болдырмау бойынша нұсқаулық жүргізеді, қолданыстағы заңнамалардың және мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексінің нормаларын түсіндіреді. Мәселен, былтыр облыс аудиторлары Қаратау қаласында заңсыз келісімшарт жасамақ болған тұлғаға тосқауыл болып, заңбұзушылықтың алдын алған. Заңбұзушылық Талас ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысына қатысты орын алды. Аталған тұлғаға 1 725 000 теңгеге айыппұл салынды. Жалпы өткен жылы 88 нысан аудиторлық іс-шарамен қамтылды. Атап айтқанда, тізім бойынша – 20, жоспардан тыс 68 тексеріс жүргізілсе, оның жетеуі ҚР Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің тапсырмасы бойынша, 61-і заңды және жеке тұлғалардың үндеуі бойынша жүзеге асты. Аудиторлық іс-шаралар нәтижесі бойынша 85 нысанда жалпы сомасы 13 640,2 миллион теңгені құрайтын бұзушылықтар анықталды. Нақтылап өтсек, 3 007,9 миллион теңгесі қаржылық бұзушылықтар, 10 632,3 миллион теңге рәсімдік сипаттағы бұзушылықтар. Сол сияқты бақылау барысында жалпы сомасы 9 926 миллион теңгеге мемлекеттік сатып алу заңнамасы талаптарының бұзылғаны да мәлім болды. Сондай-ақ былтыр жүргізілген іс-шаралар қорытындысы бойынша анықталған бұзушылықтар үшін 96 лауазымды тұлға тәртіптік жазаға тартылды. Жалпы сомасы 1 462,8 миллион теңгені құрайтын 14 материал құқық қорғау органдарына берілді. Одан бөлек департамент қызметкерлері тарапынан құқық қорғау органдарының материалдары бойынша өткен жылы жалпы сомасы 20 855,9 миллион теңгені құрайтын 21 қорытынды берілді,– деген Әмірхан Мұратұлы жүктелген міндеттерге сәйкес осы жылы да жүйелі жұмыстар жалғасын тапқанын жеткізді.
Атап айтқанда, биыл тоғыз айда департамент тарапынан 55 аудиторлық қаржылық бақылау жүргізіліпті. Тізбеге сәйкес – 6, жоспардан тыс 49 тексеріс өтсе, оның сегізі комитеттің тапсырмасы, 41-і заңды және жеке тұлғалардың өтініштері бойынша жүргізілген.
Атқарылған аудиторлық іс-шаралардың нәтижесін сөз етсек, 55-і бойынша жалпы сомасы 65 071,0 миллион теңгеге бұзушылықтар анықталған. Тарқатып айтқанда, 59 856,2 миллион теңге қаржылық бұзушылықтар десек, оның 245,7 миллион теңгесі бюджетке өтелуі тиіс. Қазірге дейін аталған қаражаттың 38,8 миллион теңгесінің орны толтырылып, өтелген ақша 15,8 пайызды құраған. Одан бөлек 1 571,8 миллион теңге қалпына келтірілуі керек. Десе де орындалған жұмыстар мен қызметтер есебінен 122,3 миллион теңге қалпына келтіріліп, көрсеткіш 7,8 пайызға тең болған. Сол сияқты 58 038,7 миллион теңге көлемінде бухгалтерлік есеп пен есептілік саласындағы бұзушылықтар орын алған.
– Аудиторлық іс-шаралардың нәтижесінде 40 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке, 34 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Нәтижесінде 18,8 миллион теңге бюджетке толығымен өтелді. Құқық қорғау органдарына 1 440,5 миллион теңге сомасымен 4 материал берілді, бұл ретте 1 материал бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қаржылық бұзушылықтардың негізгі үлесі мемлекеттік аудит объектілерінің тізбесі бойынша, нақтылап айтсақ, бұл бағытта 57 558,1 миллион теңге заңсыздық орын алған. Оның ішінде бухгалтерлік есеп пен есептілік саласындағы бұзушылықтар 57 356,2 миллион теңгені құрайды. Айта кетерлігі, заңды және жеке тұлғалардың өтініштері бойынша аудит жүргізу кезінде 2 253,0 миллион теңге, комитеттің тапсырмасы бойынша өткізілген тексеріс барысында 45,1 миллион теңге көлеміндегі бұзушылықтар анықталды. Осы тұста қаржылық бұзушылықтардың жиі кездесетін түрлеріне тоқталып өтсем, 58 040,1 миллион теңге көлеміндегі кемшіліктер бухгалтерлік есеп пен есептілік саласында, 881,6 миллион теңгеге орын алған бұзушылықтар жалақы, іссапар және басқа төлемдер бойынша орын алған. Сол секілді мемлекеттік активтерді пайдалануда 785,6 миллион теңгеге, орындалмаған жұмыстар, көрсетілмеген қызметтер және жеткізілмеген тауарлар үшін қаражатты төлеу бойынша 148,9 миллион теңге көлемінде қаржылық заңсыздықтар анықталды, – дейді Ә.Баймағамбетов.
Есепті кезеңде анықталған 245,7 мың теңге қаржылық бұзушылықтардың өтелуге жататын 202,8 мың теңгесі білім беру саласында орын алды. Ал облыс әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасында 1 425,8 миллион теңгенің қаржылық бұзушылықтарына жол берілген. Оның ішінде 667,6 миллион теңгеге жалақы мен сыйлықақы заңсыз төленсе, 758,2 миллион теңге сомасына жеткізілмеген тауарлар мен қызметтер үшін қаражат негізсіз аударылған.
Сондай-ақ құрылыс, тұрғын үй коммуналдық шаруашылық саласында тапсырыс берушілердің жеткізушілерге орындалмаған және сапасыз орындалған құрылыс жұмыстары үшін ақшалай қаражат төлеуіне қатысты 379,4 мың теңге сомасында қаржылық бұзушылықтар анықталған.
Сонымен қатар департамент ҚР Қаржы министрінің 2015 жылғы 30 қарашадағы №598 «Камералдық бақылау жүргізу қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына сәйкес мемлекеттік сатып алу рәсімдеріне камералық бақылауды жүзеге асырады. Камералдық бақылаудың мақсаты – сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, бұзушылықтардың дер кезінде жолын кесу және болдырмау.
– Осы жылдың 30 қыркүйегіндегі мәлімет бойынша, 23 138 (лот) мемлекеттік сатып алуға камералдық бақылау жүргізілді. Қорытындысы негізінде өндірілуі тиіс қаражат 23 456 теңге болған. Бұл 98,6 пайызға тең. Мемлекеттік сатып алудың ұйымдастырушылары мен тапсырыс берушілеріне анықталған бұзушылықтарды жою туралы 5 581 хабарлама жіберіліп, оның 5 469-ы орындалып отыр. Камералдық бақылау негізінде бұзушылықтарды жою туралы жіберілген хабарламаларды уақытылы және тиісінше орындамағаны үшін ҚР Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетіне банк шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы 35 хат жолданды. Сондай-ақ 49 әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама соттың қарауына жіберілді. Бұдан бөлек есептік кезеңде мемлекеттік сатып алу бойынша 2 324 арыз-шағым келіп түсті. Тарқатып айтқанда, 1 326 шағым қанағаттандырылған және ішінара қанағаттандырылғанға жатса, қанағаттандырудан бас тартқаны – 967, – деген Әмірхан Мұратұлы облыстағы мемлекеттік сатып алудың ұйымдастырушылары мен тапсырыс берушілері тарапынан мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде жиі қайталанатын бұзушылықтар туралы баяндап өтті.
Атап айтқанда, конкурстық комиссия әлеуетті өнім берушілердің конкурстық өтінімдерін қарау нәтижелері бойынша конкурсқа қатысуға алдын ала рұқсат беру хаттамасын рәсімдемей, бірден қорытындылар хаттамасын рәсімдейді, яғни әлеуетті өнім берушілердің конкурстық өтінімдерін қайта толықтыру құқығынан айырады.
Әлеуетті өнім берушінің конкурстық өтінімінде жұмыс тәжірибесін растайтын құжаттардың толық және дұрыс рәсімделгеніне қарамастан 0 балл есептеу немесе мүлде құжаттар ұсынбаса да максималды 5 балл есептеу және конкурстан заңсыз шеттету немесе заңсыз конкурс қатысушысы деп тану фактілері орын алып жатыр екен. Бұл ретте ұйымдастырушының шешімімен келіспеген жағдайда, шағым негізінде департамент тарапынан заңды шешім шығаратындығын біле тұра конкурстық комиссия мүшелері шешім шығару кезінде басқаша айтса, сондай-ақ тапсырыс берушілер артық талаптар қою сәтінде жауапкершілік танытпайтыны аудиторларды алаңдатып отыр.
Сондай-ақ ұйымдастырушының немесе тапсырыс берушінің конкурстық құжаттамада мемлекеттік сатып алуға әлеуетті өнім берушілердің қатысуын шектейтін және негізсіз күрделендіретін талаптар қоюы да жиі қайталануда. Мәселен, құрылысқа қатысты емес жұмыстарды сатып алу кезінде сметалық құжаттамада көрсетілмеген материалдық ресурстардың әлеуетті өнім берушіде бар болуын, шектеулі әлеуетті өнім берушілердің қолында бар сертификаттардың және басқа да құжаттарды талап ету секілді кемшіліктер көп орын алады. Көп жағдайда бұзушылықтарға демпингтік бағаны есептеуді заңсыз қолдану немесе қолданбау, баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде ақпаратты орналастыру тәртібі мен мерзімдерін бұзу арқылы жол беріледі. Техникалық ерекшелікті қазақ немесе орыс тілінде орналастырмау, мемлекеттік стандартты көрсетпеу бойынша тіркелуде. Сонымен бірге баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен мемлекеттік сатып алуды өткізу кезінде техникалық ерекшелікте тауар таңбаларын, қызмет көрсету белгілерін, фирмалық атауларды, патенттерді, пайдалы модельдерді, өнеркәсіптік үлгілерді, тауардың шығарылған жерінің және өндірушінің атауын заңнамаға қайшы көрсету де жиі орын алады.
Сондай-ақ департамент өз құзыреті шегінде аудит материалдары, құқық қорғау органдары және басқа да мемлекеттік органдардың материалдары бойынша ҚР Бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы заңнамасы және Мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасы аясында әкімшілік істерді қарайды.
Есепті кезеңде департаментте барлығы 602 әкімшілік хаттама тіркелген. Оның ішінде 457 материал қаралып, әкімшілік айыппұлдар салынып, 145 материал сотқа берілген. Нәтижесінде жалпы сомасы 64,5 миллион теңгеге айыппұл салынып, бюджетке толығымен өтелген.
Ә.Баймағамбетов сөз соңында аудиторлық іс-шаралар шеңберінде тексеру комиссиясы арқылы анықталатын бұзушылықтардың алдын алу және қаржылық тәртіпті жақсарту мақсатында кездесулер ұйымдастырылып тұратынын айтты. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жүргізілетін болады.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ
«Елге бай құт емес, би – құт»
Ұқсас жаңалықтар
Қазақстанның екі үлкен қаласында бет-әлпетті тану жүйесі іске қосылды.
- авторAR-AY
- 20 қараша, 2024