Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, көрме 2025 жылдың 24 наурызына дейін жалғасады.
Қазақстан Еуропа елдерімен мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуға көп көңіл бөледі. Бұл саладағы өзара іс-қимылдың маңызды бағыттарының бірі – тарихи-мәдени мұраны дәріптеу.
Қорында Қазақстанның бірнеше мәдени жәдігері бар, Азия өнерінің әлемдегі ең толық және Еуропа аймағындағы ең ірі коллекциялары сақталған Гиме – Азия өнерінің ұлттық музейінде Қазақстанның тарихи мұрасынан көрме өткізу өнер әлеміндегі елеулі оқиға болатыны анық.
Көрме мақсаты: музей жәдігерлерін иммерсивті технологиялардың сүйемелдеуімен қазақ мемлекеттілігінің ғасырлар бойы дамуының тарихи-өркениетті бастауларына, қазақ халқының мәдени кодының сабақтастығы мен бірегейлігіне ерекше назар аудара отырып, Еуропа және француз жұртшылығына Қазақстан мәдениетінің көпғасырлық тарихы мен бай қазынасын көрсету.
Экспозицияда Қазақстан тарихының негізгі кезеңдерін (б.з.д. ІІІ мыңжылдықтан XVIII ғасырға дейін) сипаттайтын 35 сирек артефакт ұсынылған.
Экспозиция 5 бөлімнен тұрады:
– Тобыл ойшылы, Ботай мәдениеті және жылқыны қолға үйрету;
– Алтын Адам. Алғашқы сақ мемлекеттерінің пайда болуы;
– Тас мүсін (Балбал). Түркі билігі кезеңіндегі ортағасырлық Қазақстан;
– Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің шырағдандары. Исламның дамуы;
– Қазыбек бидің шапаны. Қазақ хандығы және бүгінгі Қазақстанның пайда болуы.
Ашылу салтанатына Қазақстан мен Францияның көрнекті мемлекеттік саяси қайраткерлері, дипломатиялық корпус, мәдениет және өнер өкілдері, ғылыми және студенттік қоғамдастық, Еуропадағы қазақ диаспорасы қатысады.