Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Бейнеттің зейнетіне жету де бір бақыт

Бейнеттің зейнетіне жету де бір бақыт
Ашық Дереккөз
Азаматтық қорғау саласында ұзақ жыл қызмет атқарып, абыроймен зейнетке шығу – құтқарушы өміріндегі айтулы сәттердің бірі. Тараз қаласы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіру көлігінің жүргізушісі, азаматтық қорғау старшинасы Әбдімүсілім Мәдібековті де ұжымдастары дәстүр бойынша зейнетке шығарып салды.

Әбдімүсілім Мәдібеков 1976 жылы Байзақ ауданы, Сеңкібай ауылында дүниеге келген. Мырзатай атындағы орта мектепті аяқтаған соң Ақмола (қазіргі Астана) қаласындағы №6636 әскери бөлімде Отан алдындағы борышын өтеген. Әбдімүсілім азаматтық қорғау саласында 2006 жылдан бері қызмет атқарып, сан жылдық тәжірибенің арқасында алғысқа бөленіп жүрген азамат.

Кейіпкеріміз ең алғашқы еңбек жолын Тараз қаласындағы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде өрт сөндіру көлігінің жүргізушісі болып бастаған. Содан бері өзін тек жақсы қырынан көрсетіп, білікті маман, еңбексүйгіш әрі жауапты қызметкер ретінде танылды.

Әбдімүсілім Мәдібеков қатысқан әрбір оқиғаны тізбектеп айту мүмкін емес. Дегенмен мына бір оқиғасы ел жадында мәңгілікке сақталары анық.

Осыдан шамамен 7-8 жыл бұрын ымырт түсе Тараз қаласы, «Мыңбұлақ» ықшамауданындағы 5 қабатты тұрғын үйдің бесінші қабатындағы пәтерден өрт шығып, қызыл жалынның одан әрі шатырға жайылу қаупі туындайды. Ал қою түтін мен ыс иісі тұрғындардың тынысын бітейді. Осы кезде оқиға орнына жедел жеткен Тараз қаласы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің жеке құрамы өртті сөндіру және адамдарды қауіпсіз орынға көшіру жұмыстарымен айналысып, алғашқы көмек көрсетуге белсене кірісіп кетеді. Шақырту орнына өртсөндіруші-құтқарушыларды жедел жеткізген өрт сөндіру автокөлігінің жүргізушісі Әбдімүсілім автокөлікті ыңғайлы жерге орналастырып, үздіксіз әрі жоғары ағынды су беруді қамтамасыз етеді. Өзінің қызметтік міндеттерін атқарып қана қоймай, өртсөндірушілер шабуылдық саты арқылы жоғарыдан жас балаларды төмен түсіргенде жерден қабылдап алып, алғашқы жәрдем көрсеткен. Өрттің одан әрі тарауының алдын алған өртсөндіруші-құтқарушылар оқиға орнынан 7 адамды құтқарады, оның ішінде үшеуі балалар. Сондай-ақ 20 адамды қауіпсіз орынға көшіреді.

Еңбек жолында түрлі ерлік істер істеп, халықтың алғысын арқалаған Әбдімүсілім Мәдібековті ұжымдастары өз дәстүрлері бойынша зейнетке шығарып салды. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару қызметі бастығының орынбасары Жақсылық Бекбергенов зейнеткерге ақ тілегін арнап, зейнетке шығуымен құттықтады. Қызметте құрметке ие болған азаматқа ұжымдастары да тілек білдіріп, арқасына шапан жауып, ақшалай сыйлықтарын табыстады.

– Әбдімүсілімдей алдыңғы буын ағамызды сонау 2008 жылдан бері білемін десем, қате айтпағаным болар. Ол қашан көрсем де өзін үнемі көңілді ұстайды. Ашық мінезді. Маңайындағы адамдармен тез тіл табысатын өте қарапайым жан. Батырға тән аңғалдығы да бар. Ешкімнің ала жібін аттамаған, қызметте әріптестері арасында үлкен абыройға ие болған жаны жайсаң жандардың бірі. Салада 20 жылға жуық қызмет атқарғандығына қарамастан, негізгі жұмысынан бөлек түрлі қоғамдық іс-шараларға да белсенді қатысатын. Әбдімүсілім ағамыз халық игілігі жолында қызметін абыроймен атқарған жан ретінде кейінгі жастарға әрдайым үлгі болып қалары сөзсіз, – деді облыстық төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің қоғаммен байланыс тобының баспасөз хатшысы Нұрболат Өмірзақов.

Әбдімүсілім Мәдібеков қызмет атқарған жылдар ішінде басшылық тарапынан түрлі марапаттарға ие болды. Мысалы, ІІІ және ІІ дәрежелі «Өртке қарсы қызмет органындағы мінсіз қызметі үшін» медалімен, Бауыржан Момышұлы атындағы медалімен, сонымен қатар түрлі сипаттағы Алғыс хаттармен және Құрмет грамоталарымен марапатталған.

Міне, осылайша азаматтық қорғау органында 20 жылға жуық қызмет атқарған Әбдімүсілімді әріптестері өртсөндірушілердің ежелгі дәстүрімен, яғни құтқарушының үстіне су шашу рәсімімен соңғы рет дабылдатқышты қосып, ерекше құрметпен зейнетке шығарып салды.

Мұқағали БАЛТАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар