Аманат Назарқұл – Қазақстан монументалды өнер саласына айрықша үлес қосып жүрген суретшілердің бірі. Суреткердің шығармаларының көркемдік шешімі эпикалық сипатпен жырланған өмір шындығында жатыр. «Қорқыттың үш бұлағы», «Азия бибі», «Бабалар рухы», «Үш грация», «Томирис», «Түнгі жолаушы», «Аралды аңсау», «Кентавр», «Катарсис» сынды туындыларында тарихи деректі оқиғаларды негіз ете отырып, кең тыныспен жырлайды
Суретшінің жеке көрмесіне монументалистің 150-ден аса шығармашылық туындысы қойылды.
Ал көрмені облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай ашып берді.
– Танымал суретші, монументалистік кескіндеменің шебері Аманат Назарқұл – отандық бейнелеу өнерінің шыңына ізін қалдырған тұлға. Әрбір еңбегі терең мазмұнымен және жарқындығымен ерекшеленеді. Автордың қай шығармасын алып қарасақ та тарихи тақырыптар мен ақындардың көңіл күмбіріне бойлай қалам тартқан ғажайып туындыларда біздің ұлттық бірегейлігіміз, туған елге деген шынайы патриоттық сезімдеріміз айшықтала түскен. Биыл 65 жасқа толып отырған өнер иесіне толағай табыс, деніне саулық, отбасына амандық тілеймін, – деген Ерлан Нұрманұлы суретшінің кеудесіне «Жамбыл облысына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін тақты.
Ал ҚР Көркемсурет академиясының вице президенті, ҚР Суретшілер одағы хатшылығы мен басқармасының мүшесі Марлан Нысанбаевқа «Бейнелеу өнеріне сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін табыстады.
Сонымен қатар іс-шара барысында өзге де қонақтар жылы лебіздерін білдіріп, сый-құрмет көрсетті.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ