Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінде жұмыс берушінің де, жұмыскердің де құқығы нақтыланған. Мемлекеттік еңбек инспекциясының негізгі мақсаты – еңбек қатынастарын реттейтін заңнамалық актілерді қатаң орындауды қамтамасыз ету, жұмыс берушілер мен жұмыскерлер арасында өзара түсіністік пен диалогке қол жеткізу.
Еліміздегі заңнама бойынша, еңбек шарты – жұмыскер мен жұмыс берушінің өзара келісімінің жазбаша құжаты. Бұл шарт екі тараптың міндеттері мен құқықтарын айқындайды. Сондықтан да ол міндетті түрде жасалуы керек және бір данасы жұмыскердің қолында болуы тиіс. Еңбек шарты жасалмайынша жұмысқа кіріспеу қажет. Ертең жұмыс беруші өз міндетін орындамаса, еңбек шартын негізге ала отырып, әр тарап өз құқығын қорғайды.
Еңбек дауының алдын алу еңбек шартынан басталады. Көп жағдайда жұмыс берушілер еңбек заңнамасында белгіленген мерзімдерге, еңбек шартында және жұмыскердің жұмысына қатысты басқа да құжаттардағы деректер мен тұжырымдарға мән бермей, жиі қателеседі. Соның салдарынан түсініспеушілік пайда болады.
Егер де жұмысқа орналасқаннан кейін еңбек шарты жасалмаса, ондай адамның еңбек құқығы бұзылғаны туралы ешқандай мемлекеттік орган немесе сот растап, қорғап қала алмайды.
Еркін ИБРАИМОВ,
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау
министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті
облыс бойынша департаментінің мемлекеттік еңбек
инспекторы