Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Мультилокациялық хакатон басталды

Мультилокациялық хакатон басталды
А.Қартабай
Жуырда Қазақстанда «Decentrathon 2.0» – мультилокациялық хакатонның ашылуы өтті. Жүлде қоры 50 000 АҚШ долларын құрайтын іс-шараны «Blockchain & AI Technology Center» (BAITC) «Astana Hub»-пен бірлесіп, Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің қолдауымен ұйымдастырды. Ал М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті мен «Zhambyl Hub»-тың ұйымдастыруымен облысымызда өткен хакатонға 30-дан астам команда қатысты.

Екі күн ішінде Қазақстанның 17 өңірінен келген 2 500-ден астам қатысушы жасанды интеллект, блокчейн, ойындарды әзірлеу және «Telegram mini-apps» сияқты негізгі технологиялық бағыттарда өздерінің инновациялық әзірлемелерін ұсынды. Қазақстанның барлық өңірлерін қамтитын алғашқы ауқымды IT-оқиға еліміздің өңірлік технологиялық көшбасшы ретіндегі мәртебесін нығайтып, жасанды интеллект экожүйесін құруға үлкен серпін береді.

«Decentrathon 2.0» қозғалысы – «Generative Nation» деп аталатын жасанды интеллектті дамытуға бағытталған жалпыұлттық бастаманың бір бөлігі. Осы қозғалыс аясында жасанды интеллект технологияларын дамытуға бағытталған «AI Movement» бастамалары жүзеге асырылуда.

Іс-шараның ашылу салтанатында сөз сөйлеген ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жасұлан Мәдиев жасанды интеллектті дамыту бағытындағы бастамалар туралы баяндады.

«Generative Nation» қозғалысы жасанды интеллект трансформациясын еліміздің барлық аймағына жеткізуге бағытталған. Қазақстанның әрбір өңірі осы үдерістен тыс қалмауы керек.

«Decentrathon» – барлық өңірлерді біріктіретін алғашқы IT-іс-шара. Бұл жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар саласындағы көшбасшылығымызды нығайтуға жасалған маңызды қадам», – деді министр.

«Decentrathon 2.0» қазақстандық ITмамандардың біліктілігін арттырып қана қоймай, елдегі цифрлық трансформация мен технологиялық дамудың жаңа кезеңіне жол ашады.

2023 жылы өткен «Decentrathon» хакатоны Қазақстанның IT саласында үлкен оқиға ретінде есте қалды. Іс-шараға 12 өңірден 1 500-ден астам қатысушы келіп, бақтарын сынады. Нәтижесінде 200-ден астам жоба ұсынылып, арасынан ең үздіктері іріктеліп алынды. Хакатон барысында IT шешімдерді енгізу және әзірлеу бойынша көптеген инновациялық ұсыныс жасалып, әсіресе ауылшаруашылығы, денсаулық сақтау, білім беру салаларында қолданылатын жасанды интеллектке негізделген жобалар ерекше назар аударды.

Хакатонның жеңімпаздары өздерінің идеяларын нақты жобаға айналдырып, түрлі салаларға енгізуде. Мысалы, былтырғы жеңімпаз командалардың бірі блокчейн технологиясын пайдалана отырып, ауылшаруашылығында өнімділік пен қауіпсіздікті арттыруға бағытталған стартапты іске қосты. Тағы бір жоба медицина саласында науқастарды қашықтан бақылауға арналған жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін шешімдерді ұсынды.

Жалпы Қазақстанда жыл санап жасанды интеллект (AI) технологияларын дамытуға қызығушылық артып келеді. «Decentrathon» осы бағытта жаңа идеяларды іске асыруға және талантты жастарды ынталандыруға бағытталған. 2024 жылы қатысушылардың саны артып, жасанды интеллект, блокчейн және басқа да технологиялар саласындағы жаңа идеялар ұсынылды. Жобалардың бірқатары еліміздің экономикасына тікелей әсер етуі мүмкін. Мысалы, цифрлық ауылшаруашылығы, экологиялық мониторинг, смарт-қалалар, денсаулық сақтау жүйесіндегі инновациялар бойынша ұсыныстар жасалуда.

«Astana Hub» және «Blockchain & AI Technology Center» қатысушыларға стартаптарды дамыту үшін менторлық қолдау көрсетіп, қаржыландыру мүмкіндіктерін ұсынуда. Хакатонның үздік командалары өз жобаларын іске асыру үшін акселерация бағдарламаларына қатысуға мүмкіндік алды. Сондай-ақ халықаралық нарыққа шығу үшін қолдау көрсетуге арналған бағдарлама аясында шетелдік инвесторлармен байланыс орнату мүмкіндігі қарастырылды. Бұл қазақстандық стартаптардың әлемдік аренада танылуына ықпал жасайды.

«Decentrathon» – тек бірреттік іс-шара емес, ол Қазақстанның цифрлық трансформациясы мен инновацияларды енгізуге бағытталған тұрақты қозғалыстың бөлігі. Алдағы уақытта Қазақстанда IT- мамандар даярлау және жасанды интеллект саласындағы зерттеулерді қолдау бойынша бірқатар бастаманы жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бұдан басқа еліміздің әр аймағында өңірлік IT хабтар ашылып, стартаптарды қолдау бойынша жаңа платформалар құрылады.

– Тараз қаласы тіркелген команда және қатысушылардың саны бойынша Астана, Алматы қалаларынан кейін үшінші орында тұр. Бұл біздің өңір үшін үлкен жетістік. Себебі осыдан 5 жыл бұрын ашылған хабтары бар облыстардың өздерінен қатысушылар едәуір аз. Биыл облысымыздан 43 команда, 113 оқушы 4 кейс бойынша қатысады. Негізі хакатон екінші жыл қатарынан ұйымдастырылуда. Алғаш рет ұйымдастырылғанда қатысушылар аз болған. Биыл кіл мықты командалар жиналған. Сондықтан топ жару оңай болмайды. Дегенмен сәттілік серік болып, жүлделі орыннан көрінерімізге сенеміз. Байқаудың нәтижесі 1 айдан соң белгілі болады, – деді «Zhambyl Hub»-тың өңірлік менеджері Әйгерім Наурызбекова.

Айжан ӨЗБЕКОВА 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар