Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Ақындар орталығында атқарылған іс көп

Ақындар орталығында атқарылған іс көп
Ашық Дереккөз
Облыстық айтыскер ақындар, жыршы-термешілер орталығында БАҚ өкілдерінің қатысуымен брифинг өтті. Орталық директоры Ахметжан Өзбеков брифинг барысында мекеменің атқарған жұмыстарын, алдағы жоспарларын таныстырып, айтыс өнерінің бүгінгі дамуы мен болашағы жөнінде ой бөлісті.

Айтыс – тек өнер ғана емес, елдің тағдыры мен халықтың ой-санасын бейнелейтін үлкен идеологиялық құрал. Осы орайда орталықтың ұйымдастыруымен облыс деңгейінде тұрақты түрде айтыстар өткізіліп, жастарды сөз өнеріне баулу үшін шеберлік сабақтары ұйымдастырылып келеді.

Орталықтың ұйытқы болуымен «Жыр алыбы – Жамбыл», «Тәуелсіздік – тұғырым» секілді облыстық ақындар айтысы ұйымдастырылды. Бұл айтыстарда жаңа есімдер де танылып, өнерге қанат қақты. Жас айтыскерлер мен термешілерге арналған шеберлік сыныптары , шығармашылық алаңдар жасалып, олардың өз қабілеттерін дамытып, көпшілік алдында өнер көрсетуіне мүмкіндік берілді.

Спикер алдағы уақытта жүзеге асырылатын жоспарлармен де бөлісті. Орталық айтыс өнерін тек жергілікті деңгейде ғана емес, халықаралық сахналарда да танытуды көздеп отыр. Бұл мақсатта алдағы айларда бірнеше халықаралық байқауларға қатысу жоспарлануда. Сонымен қатар аймақтық деңгейде шығармашылық кештер өткізу арқылы жас дарындардың өнерін кеңінен насихаттау ісі жалғаса бермек.

Орталықтың басты жоспарларының бірі – айтыс пен жыршылық өнерді тек сахна арқылы ғана емес, қазіргі заманғы медиа құралдар арқылы да көпшілікке жеткізу. Әсіресе әлеуметтік желілерде ұлттық өнерге деген қызығушылықты арттыру мақсатында арнайы жобалар дайындалып, айтыс өнерінің шын жанашырлары үшін жаңа форматтағы бағдарламалар әзірленуде. Бұл қадам айтыс пен жыршылық өнерді жастар арасында насихаттап, заман талабына сай дамытуға мүмкіндік береді.

Өнер мектебінен тәлім алып жатқан болашақ айтыскерлерге қолдау көрсету, олардың талантын шыңдау – орталықтың басты міндеттерінің бірі. Айтыс өнерінің жалғасуы үшін жастарды тәрбиелеу аса маңызды. Осы бағытта орталық өңірдегі мәдениет және өнер мекемелерімен бірге арнайы бағдарламалар ұйымдастырып, жас ақындарды жарыстарға дайындап келеді.

– Біз ұлттық өнердің қайнарынан сусындаған жастарды қолдауға әрдайым дайынбыз. Олардың бойындағы талантпен қайсарлықты қолдау арқылы ұлт болашағын тәрбиелейміз, – деді А.Өзбеков.

Фариза КЕНЖЕБАЕВА,

облыстық 

айтыскер ақындар,

жыршы-термешілер

орталығының бөлім меңгерушісі

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар