Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Әлеуметтік нысандар ел игілігіне берілуде

Әлеуметтік нысандар ел игілігіне берілуде
Ашық Дереккөз
25 қазан – Республика күні қарсаңында еліміздің әр өңірінде мерейлі мерекенің жылы лебі есуде. Мәселен, облысымыздың бірқатар ауданында әлеуметтік нысандардың ел игілігіне ұсынылуы мерекенің мәнін айшықтай түсті. Жаңа нысандар халықтың, қоғамның мәдени әрі рухани деңгейін көтеру және жайлы тұрмыс кешуіне бағытталған игі шаралар. Мереке қарсаңында пайдалануға берілген әрбір ғимарат – тәуелсіздік жылдарында еліміздің өркениетке нық қадам басып, болашаққа жасалған сенімді көзқарас пен ұрпақтар сабақтастығының жарқын көрінісі.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Халықтың денсаулығын жақсарту мәселесі айрықша назар аударуды талап етеді. Барлық жастағы ел азаматтары арасында бұқаралық спортты дамыту маңызды. Бұқаралық денешынықтыруды өркендету ісі жаңа чемпиондар шыңына шығатын пирамидаға айналуы тиіс. Бұл салауатты әрі белсенді жастардың, түптеп келгенде, қуатты ұлттың негізін қалыптастырады», – деп атап өткен болатын.

Осы орайда Қордай ауылындағы «Партизан» ықшамауданында жаңа шағын футбол алаңшасы халық игілігіне қолданысқа берілді. Іс-шараның ашылу салтанатына «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Бейқұт Жамангозов, ауыл әкімі Әділет Қаспақбаев, ауылдық ардагерлер алқасының мүшелері және әуесқой спортшылар қатысты. 

Келесі кезекте ақ жаулықты аналар шашу шашып, қонақтар жаңа ашылған алаңға беттеді. Осыдан кейін қариялар жағы батасын беріп, алаңда ауыл жастары арасында футболдан жарыс ұйымдастырылды.

Ұлттық мереке саналатын Республика күні қарсаңында Ноғайбай ауылында да шағын футбол алаңы және «Street workout» алаңшасының ашылу рәсімі өтті. Енді ауыл балалары жасанды көгалда доп теуіп, бос уақытын тиімді өткізе алады.

Іс-шараның ашылу салтанатына облыстық мәслихаттың депутаты Талғат Сәрсенбаев, аудандық мәслихаттың депутаты Ғабиден Тулақбаев, Қордай ауданының Құрметті азаматы Бақберген Орналин, ауыл әкімі Ер-Серік Ешмұратов, ауылдық ардагерлер алқасының мүшелері мен ауыл тұрғындары қатысты.

– Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауында бұқаралық спортты дамытуға ерекше назар аударып, білімді, тәрбиелі әрі дені сау ұрпақ ұлттың ең қымбат байлығы екенін атап өтті. Бүгінде Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасын орындау мақсатында Қордайда аудан әкімдігі тарапынан кешенді жұмыстар атқарылуда. Жаңадан ашылған шағын футбол алаңы мен «Street workout» алаңшасы жергілікті бюджет есебінен бой көтеріп, жас жеткіншектерімізге тарту ретінде ұсынылып отыр. Осы спорт нысанынан елге, әлемге белгілі азаматтар тәрбиеленіп, еліміздің көк байрағын биікте көтеруіне тілектеспін, – деді Талғат Сәрсенбаев.

Бұдан кейін сөз алған ауыл әкімі Ер-Серік Аманбекұлы футбол алаңшасының пайдалануға берілуін ауылдың жас спортшылары асыға күткенін және аудандық бюджеттен қаржы бөлініп, мердігер мекеме «TNAY stroy» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жұмыстарды сапалы жүргізіп, уақытылы аяқтағанын атап өтті.

Сонымен қатар Қордай ауданының Керу ауылында газ құбыры, Степное ауылында ауызсу құбыры пайдалануға берілді. Талас ауданының Көктал ауылында мәдениет үйі ел игілігіне ұсынылды.

Ал бүгін Қордай ауданының Масаншы ауылында емхана, Күнбатыс-1 ауылында кіші футбол алаңы мен «Street workout», Қордай ауылының «Болашақ» ықшамауданында шағын футбол алаңы, Меркі ауданының Гранитогорск ауылында балалар ойын алаңы, Тәтті ауылында спорт кешенінің, Талас ауданының Қызыләуіт ауылдық округіне қарасты Ақтобе ауылында ауызсу құбыры желісінің ашылу салтанаты өтіп жатыр.

Айта кету керек, Ақтөбе ауылындағы ауызсу жүйесі көптен бері шешімін күткен маңызды мәселенің бірі болатын. Қазіргі уақытта онда орнатылған модульді блок ауылдағы ауызсудың сапасын арттыруға мүмкіндік бермек. Осы жаңа құрылғының арқасында тұрғындар таза және қауіпсіз суға қол жеткізіп отыр. Жобаның жалпы құны 129,5 миллион теңгені құрап, мердігер ұйым ретінде құрылысқа «FORTE CAPITAL» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі және жобалаушы мекеме ретінде «МПК-Проект» ЖШС атсалысты. Бұл игі бастама ауылдың одан әрі дамуына, тұрғындардың тұрмыстық жағдайының жақсаруына ықпал етпек. Осындай әлеуметтік маңызды жобаларды жүзеге асыру алдағы уақытта да жалғасатын болады.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар