Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Балалар гинекологі неге аз?

Балалар гинекологі неге аз?
Ашық Дереккөз
Қыз балаларда туғаннан бастап кейбір гинекологиялық аурулар жасырын өтуі мүмкін. Ал уақытында дәрігерге қаралмау аурулардың одан әрі асқынуына әкеліп соғады. Сонымен қатар кей жағдайларда бүлдіршіндер жарақат алса немесе зорлық-зомбылыққа ұшыраса, ең алдымен балалар гинекологінің көмегі қажет болады. Өкінішке қарай, бүгінде елімізде балалар гинекологі тапшы мамандар қатарында.

11 жылдық тәжірибесі бар акушер-гинеколог Динара Орақбаева да біз көтеріп отырған мәселенің өзектілігін айтып, жұмыс барысында орын алған оқиғамен бөлісті. Кешкі кезекшілік кезінде дәрігерге анасы 6 жасар қызын алып келеді. Анасының айтуынша, қызының төменгі жағынан тоқтаусыз қан кеткен. Бүлдіршін күндіз велосипед теуіп, ағасымен ойнаған, ал анасы жұмыста болған. Бұл оқиға жайлы дәрігер өзінің «Instagram» әлеуметтік желісіндегі парақшасында да жазды.

– Кішкентай бүлдіршін жайлы әлеуметтік желіде бөліскенімде оқырмандар алаңдаушылық білдіріп, қыздың жағдайын сұрап жатты. Ересектердің гинекологі болғандықтан 6 жасар бүлдіршінді толық қарай алмаймын. Өйткені әлі буыны қатпаған бала. Нақты диагноз қойылмады. Зорлық болды ма, жоқ па, анықтай алмадық. Қатты жарақат алып қалғанға ұқсайды. Жыныс ернеулері ісініп, жыртылып тұрды. Бірақ жарақаты тереңге кетпеген. Жалпы балалар гинекологі туралы көп адам біле бермейді. Одан кейін халық гинеколог маман жасөспірімдерді де, ересектерді де қарай береді деп ойлайды. Мүлдем олай емес. Балалар гинекологиясы өзінше бір әлем. Балалар гинекологі әртүрлі патологияларды диагностикалайды. Алдын алады. Емдейді. Профилактикалық тексерулер жүргізеді. Ішкі мүшелердің дамуының туабіттті және жүре пайда болған патологияларын анықтайды. Жыныс жолдарының жұқпалы ауруларын анықтап, жыныстық жетілуге дайындайды. Педиатриялық гинекологтар қыздардың барлық ерекшеліктерін ескере отырып, тексеруді мүмкіндігінше нәзік жүргізеді. Қыз баласын гинекологқа көрсетудің нақты бекітілген мерзімі жоқ. Егер қыздың жыныс мүшесінде қышыну немесе көп мөлшерде бөлініс болса немесе жасөспірім қыздың етеккірі көп мөлшерде тоқтамай келсе, дәрігерге әкеліп көрсеткен жөн, – деген Динара Орақбаева балалар гинекологінің тапшы екенін, сондықтан білікті мамандар дайындауға көңіл бөлу керектігін жеткізді.

Дәрігер пікірі балалар гинекологтарының тапшылығын және дер кезінде медициналық көмек көрсетудің маңыздылығын тағы да айқындай түсті.

Ал балалар гинекологі Әсел Қанатқызының айтуынша, облысымызда 4 балалар гинекологі бар екен.

– Гинекология саласында жұмыс істеп жүргеніме 7 жыл болды. 3 жылдан бері балалар гинекологі болып еңбек етіп келемін. Неліктен кішкентай қыздарды да, жасөспірімдерді де гинеколог мамандарға тексертіп тұру қажет? Мысалы, балабақшада 20 бүлдіршін қыз болса, бәрін бір ыдысқа (горшок) тосады. Егер бірінде бөлініс, қышыну, инфекциялық ауру болса, екіншісіне жұғады. Не болмаса балапандар ата-анасына ілесіп қоғамдық моншаға, саунаға барады. Қоғамдық моншаларда тазалық сақтала бермейді. Сондықтан түрлі аурулар жұғуы әбден мүмкін. Сонымен қатар көп аналар қыздарының гигиеналық тазалығына мән бермейді. Қыз бала – болашақ ана. Сондықтан ашығын айтып, бәрін-бәрін ескертіп отыру керек. Бүлдіршіннің тазалығын сақтау – анасына міндет. Ал он жастан асқан соң өздеріне түсіндіріп, етеккірі келетінін, келген уақытта таза жүру керектігін санасына құйғаны жөн. Тазалық сақтамағанның салдарынан гинекологиялық аурулар қозуы мүмкін. Сондықтан аналар қыздары 13-14 жасқа толғанда гинекологке апарып, толық қаратқаны жөн. Алайда қыздарын өз бетінше гинеколог маманның қабылдауына көп адамдар әкеле бермейді. Мұны ұят санайды. Тіпті намыстанады. Шындығында, қызының болашағын ойлаған әрбір ата-ана қыздарын гинекологке көрсетіп, қажетті ем-домдарын алып, баласының бақыты үшін күреседі. Қаншама қыз баласы күйеуге шыққан соң бала көтере алмауда. Мұның барлығы уақытында қаралмағанның, емделмегеннің зардабы. Жасырып қайтейік, балалар гинекологі десе халық әлі де үрейлене қарайды. Әрі ел арасында «дәрігер қыздың қыздық белгісін үзіп жібереді екен» деген де қауесет бар екенін жоққа шығара алмаймыз. Сондықтан да ата-аналар көп жағдайда балаларын гинекологке әкеле бермейді. Бірақ олай болуы мүмкін емес. Қазіргі дамыған заманда қыздың арына селкеу түсірмей талдау, зерттеу, тексеру жүргізуге болады. Ультрадыбыстық зерттеу арқылы жан-жақты тексереміз. Егер жасөспірім қыздың ары сақталған болса, ары қарай тексермейміз, тек жыныс жолдарының сырт жағынан ғана тексеру жүргіземіз. Ал ары сақталмаған болса, арнайы құралдар арқылы қараймыз. Жалпы мұндай тексерістен қорқудың қажеті жоқ, – дейді Әсел Қанатқызы.

Мамандар айтқандай, қыз баланың санасына ерте бастан жыныстық тәрбиені сіңірсек, көп жамандықтың алдын алатын едік. Сондай-ақ балалар гинекологі «аналық бездің кистасы» жас талғамайтынын айтты. Киста жұмыртқа безінен пайда болады. Егер өсіп, таралса, соңы қатерлі ісікке айналады. Сол себепті де қыз балалардың ай сайынғы циклін қадағалау қажет екен.

Айта кетейік, балалар гинекологі тек жыныс мүшелерін ғана емес, сонымен қатар сүт бездерін де тексереді. Қыздың эндокриндік жүйесінің күйін, шаш өсуін бағалайды. Мұның барлығы жыныстық жетілудің бұзылуын болдырмау үшін өте маңызды.

Осы орайда көтеріп отырған мәселемізге байланысты жұртшылықтың да пікірін білген едік. Тараз қаласының тұрғыны, 5 қыздың анасы Маржан Қанатқызы 7-8-сыныптағы қыздарын міндетті түрде балалар гинекологіне тексертіп тұратынын айтты.

– Қыз бала өскен кезде кез келген бала сияқты өзінің денесін, соның ішінде жыныс мүшелерін зерттей бастайды. Анасы осы кезеңге дайын болуы, қорықпауы керек. Қыз бала жыныс еріндерінің аймағында дискомфорт сезіп жатса, балалар гинекологіне барғаны дұрыс. Олар жағындылар алады, қоздырғыштарды анықтайды, ем жүргізеді. Қыз баланың жыныстық жетілу кезеңінде түрлі мәселелер туындайды. Қыз балада екінші реттік жыныстық белгілер пайда болады, гормондық күйі өзгереді. Бұл кезеңде қыз баланы көптеген сұрақ мазалайды, олар интернеттен, құрбыларынан ақпарат алады. Сондықтан бұл жерде ананың рөлі өте маңызды. Егер анасы мұндай мәселелерге қалай дұрыс қарау керек екенін білмесе, онда балалар гинекологіне жүгінген дұрыс. Кейде анасы бәрін дұрыс түсіндіріп жатқандай көрінеді, бірақ қыз баласы үшін кейде арнайы маманның ақыл-кеңесі маңыздырақ және тиімдірек, – дейді М.Қанатқызы.

Қыз балаға анасы сұлулықтың да, нәзіктіктің де алғашқы эталоны. Сондықтан да қыздың арын, ертеңін, болашағын ойласақ, қазірден мамандарға көрсетіп, қажетті ем-домын алған дұрыс. Сондай-ақ мамандар кішкентай бүлдіршін анемиямен ауыратын болса, шұғыл түрде қазірден ем-шара жүргізу керек екенін айтады. Өйткені қыз бала – болашақ ана, ұлттың ұяты, намысы. 

Эльмира БАЙНАЗАРОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар