Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Онлайн бизнестің айы оңынан туып тұр

Онлайн бизнестің айы оңынан туып тұр
Ашық Дереккөз
Онлайн сауданың қазақстандықтардың өміріне енуі соңғы он жылда қарқынды дамыды. Әсіресе пандемия кезінде адамдар дәстүрлі дүкендерден онлайн платформаларға жаппай ауысты. Цифрлық технологиялар мен интернеттің қолжетімділігі бұл үдерісті одан әрі жылдамдата түсті. 2023 жылы қазақстандықтардың коммерциялық сайттардан сатып алған тауарларының көлемі 1 триллион 800 миллиард теңгеге жетіп, 2022 жылмен салыстырғанда 60 пайызға артқан.

Интернет шекарасының кеңеюі қазақстандық кәсіпкерлер үшін үлкен мүмкіндіктерге жол ашты. Ел кәсіпкерлері бүгінде өнімдерін жаһандық нарыққа шығарып, электронды коммерцияның артықшылықтарын тиімді пайдалануда. Әсіресе «Alibaba» платформасы арқылы отандық көптеген кәсіпорын өнімдерін шетелге экспорттауға мүмкіндік алды. Платформада верификациядан өткен қазақстандық компаниялар үшін арнайы қолдау көрсетіліп, консультациялар беріледі. Бүгінгі күні сусын, тамақ, ауылшаруашылық өнімдерін, косметика және киім-кешек өндірушілер «Alibaba» арқылы өз тауарларын экспорттауда. «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығының деректеріне сүйенсек, үш жыл ішінде 300-ден астам отандық өндіруші платформа арқылы шетелдік нарыққа шыққан.

Сонымен қатар электронды коммерцияны дамыту үшін мемлекет тарапынан да қолдау шаралары күшейтілді. Мәселен, ҚР Сауда және интеграция министрлігі трансшекаралық сауда көлемін арттыру мақсатында қытайлық тараппен бірге өңірлік қойма инфрақұрылымын құру жұмыстарын қолға алды. 2024 жылдың соңына дейін Ақтөбе мен Ақтау қалаларында бондтық қоймалар желісі мен фулфилмент орталықтары ашылады. Бұл қоймалар қазақстандық өнімдерді Қытайдан Еуропаға және кері бағытта транзиттеуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде шетелдік тауарларды жеткізу уақыты 60 күннен 7 күнге дейін қысқарады.

Елімізде электронды коммерцияның қарқынды дамуы онлайн саудаға қызығушылықты арттыруда. «Freedom Finance Global» сарапшысы Аңсар Әбуевтің айтуынша, сатып алушылар интернет арқылы сауда жасағанда тауар ассортиментіне, бағаға және төлем тәсілдерінің көптүрлілігіне ерекше көңіл бөледі. Сатып алушылар көбінесе тауар туралы пікірлерді оқиды, әртүрлі дүкендердегі бағаларды салыстырады және тауар суреттеріне мән береді. Сондай-ақ жеткізу әдістері мен құнын, жеңілдіктерді қадағалайды, интернет дүкеннің сенімділігіне назар аударады.

Жалпы еліміз 2030 жылға қарай электронды сауданың үлесін 20 пайызға жеткізуді мақсат етіп отыр. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, елімізде электронды бөлшек сауда үлесі 2014 жылғы 0,7 пайыздан 2023 жылы 13 пайызға дейін өскен. Сарапшылардың пікірінше, бұл көрсеткішті одан әрі арттыруға барлық мүмкіндік бар. Жаһандық нарықта 2025 жылға қарай интернет сауда үлесі 25 пайыздан асуы мүмкін екенін ескерсек, Қазақстанның электронды коммерцияда 20 пайыздық межеге жетуі ақылға қонымды.

Сонымен қатар шағын және орта бизнестің цифрлық сауаттылығын арттыру мақсатында 2022 жылы «Электронды коммерция мектебі» жобасы іске қосылды. Жоба аясында 2 000- нан аса компания оқу курстарына қатысып, өз білімдерін жетілдіру мүмкіндігіне ие болды.

Бір жағынан, Қазақстандағы онлайн сауданың дамуы бонустар, кэшбектер және бөліп төлеу мүмкіндіктерімен байланысты болса, екінші жағынан, цифрлық платформадағы қолжетімділік пен ыңғайлылық тұтынушылардың қызығушылығын оятуда. Ал электронды коммерцияның қарқынды дамуы еліміздің экономикасына оң әсерін тигізіп, жаһандық нарықта бәсекеге қабілеттілікті арттырады.

Онлайн саудада революция жасаған платформалардың бірі – «TikTok». Пайдаланушылар тікелей эфирде өнімдерді көрсетіп, саудалай алады. Мұндай формат жастар арасында өте танымал. Себебі олар өздерінің сүйікті инфлюенсерлерінің ұсыныстарын тыңдай отырып, сатып алу шешімдерін тез қабылдайды.

Тікелей эфирде тауарды таныстырып, оның маңызы мен сапасы туралы ақпарат беріп жарнамалауды «стрим» деп айтады. Онлайн трансляцияны тамашалағандар сарапшыға сұрақ қоя алады. Стриминг процесінде аудиториямен интерактивті байланыс орнату, арнайы жеңілдіктер мен ұсыныстарды жариялау арқылы сатушылар тауарлардың сатылымын арттыра алады. Қыз-келіншектердің киімін сататын саудагер Жанар Әлиева көрермендер стримді қызығып көретінін, тауар да жақсы өтетінін айтады.

– Саудамен айналысып келе жатқаныма біраз болды. Бірақ «TikTok» желісінде стримге шығуды енді-енді меңгеріп жатырмын. Шыны керек, дүкенде отырып сатуға әбден үйренгенбіз ғой. Сауда саласында жүрсек те әлеуметтік желі арқылы сауда жасауды ойламаппын. Жуырда бір қыздан сол сабақты сатып алдым. Нәтиже өте жақсы. Алғаш рет стримге шыққан күні 3 сағатта 150 мыңдай ақшаға тауарымды саттым. Тікелей эфирде сөйлеп тұрып, қыздардың белсенділігін байқадым. Олардың көбісі жұмысбасты болса, кейбірі дүкен аралауға мүмкіндігі жоқ декреттегі аналар, – дейді Жанар.

Елімізге шетелден келетін «сәлемдемелердің» 90 пайызы «Қазпошта» арқылы жеткізіледі. Ал оның басым бөлігі Қытайдан келеді. Қытайлық электронды коммерция платформалары қазақстандық тұтынушылар үшін нағыз «майшелпекке» айналған. Алғашында адамдар жай ғана тұтынушы болса, қазір бұл жүйені меңгеріп, көптеген адам кәсіпкерлікке көшіп жатыр.

Қытайдың ең танымал платформаларының бірі – «AliExpress». Бұл платформа кең ассортиментімен және қолжетімді бағаларымен ерекшеленеді. Әлем бойынша сауда айналымы АҚШ-тың «Wal-Mart» желісінен де жоғары. Тауар саны 50 миллионнан асады. Елімізде де «AliExpress»-ке деген сұраныс артып келеді.

Тағы бір ірі қытайлық сауда алаңы – «Taobao». Бұл платформада ұсақ-түйектен бастап, қажет заттардың бәрін табуға болады. Қазақстандықтар көбіне осы алаңдағы тауарларға тапсырыс беріп, оларды жеткізу үшін делдалдық қызметтерге жүгінеді.

«Alibaba.com» – жаһандық көтерме сауда саласындағы жетекші платформа. Ол 1999 жылы іске қосылып, әлем бойынша миллиондаған сатып алушыға қызмет көрсетеді. Платформада 40-тан астам санатта миллиондаған тауар ұсынылған. Бұл оны көтерме саудада тиімді нұсқаға айналдырады.

«Pinduoduo.com» да қазіргі уақытта кең қолданысқа ие қытайлық сауда жүйесінің бірі. Бұл сайтта да елімізден тапсырыс берушілер саны күннен-күнге артып келеді. «Pinduoduo» электронды коммерция саласында озық платформа болып саналады.

Бағасы жағынан үлкен айырмашылықты байқап, жұртшылық бұл платформаларды тиімді деп санайды. Шетелдік сауда платформалары, әсіресе Қытайдың интернет дүкендері біздің нарыққа енгеннен бері талай қазақстандық үшін нағыз мүмкіндікке айналды. Айлығы шайлығынан артылмайтын адамдар үшін сапалы күртешені 60 мың теңгеге алғаннан гөрі, дәл сондай күртешені 30 мыңға Қытайдан алу әлдеқайда тиімді. Ал сапалы сөмкені 10 мың теңгеге алғанша, сол сөмкені 2 мың теңгеге алып, қаржыңызды үнемдеуге болады. Бұл тек орта тап өкілдері үшін ғана емес, қалталы азаматтардың да қызығушылығын тудыруда.

Бүгінде ауылдық жерлерде де «Pinduoduo» танымал бола бастаған. Мысалы, колледж студенті Мадина Қазыбек ауылында осы платформамен жұмыс істеп, кәсіпкерлік саласындағы алғашқы қадамдарын жасауда.

– «Pinduoduo»-мен жұмыс істеп жүргеніме 3 ай болды. Тауар сапасы көбіне бағасына байланысты, арзанының сапасы төмен болуы мүмкін. Сол себепті тапсырыс берген кезде тауардың сатылымы мен адамдардың пікірлерін мұқият қараймын. 3 айдан енді асып бара жатқандықтан әлі тұрақты тұтынушыларым жоқ. Бірақ бір айда шамамен 15 мың теңгеден астам табыс тауып жүрмін, – дейді М.Қазыбек.

«Pinduoduo» платформасы Қытайда аса кең қолданылмаса да ТМД елдерінде танымал.

– «Pinduoduo» біздің елдің ерекшеліктерін жақсы меңгеріп, нарыққа еніп кетті. Шынын айтқанда, Қытайда аталған платформа сәннен қалған, сапасыз тауарларды сату үшін қолданылады. Қытайлықтардың өздері платформаны пайдаланбайды десек те болады. Ал ТМД елдерінде оны танымал еткен – осы жақтың тұтынушылары. Кейбіреулер оны тіпті «Қытайдың қалдығы» деп те атайды, – дейді Жарқынай есімді тараздық кәсіпкер.

Ал кәсіпкер Нағима Байдәулетова болса, «Pinduoduo»-мен айналысу үшін аса сабырлылық керек екенін айтады. Себебі тапсырыс берген затың сапасыз болып шықса, тапсырыс берушіге өз қалтаңнан қаржысын қайтаруыңа тура келеді екен.

– Бизнес бастау дегеніміз – тез баю деген сөз емес. Айналымда ақша азайып, тіпті банкрот болатын кездер де болады. Бірде көп табыс табасың, ал кейде шығынға батасың. «Pinduoduo» арқылы табыс тауып, байып кеткендер бар шығар, бірақ бұл өте күрделі жұмыс. Тауарды тасымалдау қиын, әкелудің шығыны да аз емес. Мысалы, тауарды жүк көлігімен жеткізуге бірнеше апта кетеді, ал ұшақпен жеткізу қымбат, бірақ уақыт жағынан тиімді. Тауарды арзанға алғаныңмен шығын көбіне жеткізуге кетеді, – дейді Нағима.

Кәсіпкерлердің пікірлері «Pinduoduo»- ның қазақстандық нарықта қалай жұмыс істеп жатқанын көрсетеді. Бір жағынан, тауардың арзан болуы тиімді, бірақ жеткізу мен ұйымдастыру шығындары бұл бизнестің күрделілігін арттырады. Сонымен қатар платформа арқылы бизнес жүргізудің қиындығы да бар.

Еліміздегі банктер де онлайн саудада белсенділік танытуда. «ForteBank» және «HalykBank», «Kaspi» сияқты қаржылық ұйымдар клиенттерге интернет-банкинг арқылы онлайн төлем жасау мүмкіндігін ұсынады. Тұтынушылар заттарды сатып алған кезде банктің мобильді қосымшасы арқылы жылдам және қауіпсіз төлем жасай алады.

Онлайн сауда тек қана ыңғайлы болуымен қатар, тұтынушыларға уақытты үнемдеуге және көптеген өнімді бір жерден табуға мүмкіндік береді. Болашақта онлайн сауданың ары қарай дамуы нарықтың цифрландырылуы және инновациялық шешімдердің енгізілуімен қатар жүреді.

Қазақстандағы электронды коммерцияның даму қарқыны жоғарылағанымен бұл салада бірнеше тежеуші фактор да бар. Қойма тапшылығы, сапалы және қолжетімді бағадағы курьерлік қызметтің жетіспеушілігі, субсидияның болмауы, ауқымды маркетплейстерді құруға қажетті үлкен инвестициялар – осының бәрі отандық онлайн сауданы дамытуға кедергі келтіруде. Сонымен қатар физикалық логистика мәселесі, атап айтқанда, әуе және теміржол тасымалының тапшылығы, кей өңірлердегі интернет сапасының нашарлығы және халық арасында онлайн саудаға деген сенімнің әлі де төмендігі – өзекті мәселе.

Электронды сауданың дамуын тежейтін маңызды мәселелердің бірі – валюта бағамының құбылуы және шикізат бағасының тұрақсыздығы. Кәсіпкерлер онлайн сауда мен дәстүрлі сауда-саттық арасында үлкен айырмашылық бар екенін жиі айтады. Олар сауда орталықтарының құрылысына субсидия берілгенімен маркетплейстерді дамытуға қаржылай қолдау жоқ деп есептейді. Бұл жағдай бизнесті онлайн ортаға бейімдеу үшін қосымша қолдау қажет екенін көрсетеді.

Мемлекет бұл салада түрлі заңнамалық өзгерістер енгізуді жоспарлауда. Ең маңыздысы – салық салу жүйесін жұмсарту және халық пен кәсіпкерлердің цифрлық сауаттылығын арттыруға бағытталған шаралар. Осы орайда ел аумағында электронды сауда оқыту орталықтары құрылып, екі мыңнан астам шағын және орта бизнес өкілдері оқу курстарына қатысып үлгерген.

Электронды коммерция саласындағы тағы бір маңызды қадам – қазақстандық кәсіпкерлердің тауарларын халықаралық маркетплейстерде орналастыруды көбейту. Сауда және интеграция министрлігі бұл бағытта белсенді жұмыс жүргізуде. Биыл электронды коммерцияға қатысты екі заң жобасы қабылдануы мүмкін. Бірі – Цифрлық кодекс, екіншісі – тұтынушылар құқығын қорғау туралы заң.

Алайда сарапшылар бұл заңдардың онлайн сауданы толыққанды реттей алмайтынын айтып, жеке заңның қажеттілігін алға тартуда. Мәселен, «Ozon» компаниясының Қазақстандағы директоры Мөлдір Рысалиева мұндай заң қабылдаудың қажеттілігі жоқ деп есептейді. Оның айтуынша, электронды коммерцияның өте жылдам дамуы жаңа модельдердің пайда болуына алып келеді. Ал заңдар уақыт талабынан артта қалуы мүмкін. Сондықтан заңдар дұрыс дайындалмаса, ол бизнестің дамуына кері әсер етуі ықтимал.

Бір сөзбен айтқанда, электронды коммерцияның болашағы жарқын. «IMARC Group» дерегінше, 2022 жылы Орталық Азияның электронды коммерция нарығы 8 миллиард долларды құраған, алдағы бес жылда 25,4 пайызға өседі деп болжануда. Бұл саладағы даму катализаторы сөзсіз COVID-19 пандемиясы болды. Пандемия онлайн сауданың кеңінен қолданылуына ықпал етті, әрі интернет инфрақұрылымы мен оған қолжетімділіктің артуы да маңызды рөл ойнады. «KPMG Caspian» дерегінше, Қазақстандағы электронды сауданың көлемі 19 пайызға өсіп, 5 миллиард долларға жетеді деп күтілуде.

Электронды коммерцияның одан әрі дамуы үшін Орталық Азия мемлекеттері басшыларының деңгейінде келісімдер қажет. Бұл ретте заңнама мен қадағалау үйлесімін жақсартатын нормативтік актілерді дайындау маңызды. Кедендік рәсімдеуді жеңілдету, онлайн төлемдер қауіпсіздігін қамтамасыз ету, кәсіпкерлерге қаржылық және білім беру қолдауын көрсету секілді шаралар мемлекеттің басты міндеттерінің қатарында. Сауда және интеграция министрлігі де бұл бағытта Орталық Азия елдерімен бірлескен меморандумдарды іске асыруды жоспарлап отыр.

Айжан ӨЗБЕКОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар